Фразеологиялық байлаулы мағына – фразеологиялық тіркес құрамындағы сөздердің тіркесіп келуі арқылы берілетін лексикалық мағынасы. Байлаулы мағынадағы сөздер шындық болмыстағы заттармен тікелей емес, жанама түрде байланысады. Мысалы: қасқа сөзі малдың маңдайында болатын, ұзынша келген ақ түсті жолақ деген мағынада айтылса, тұрақты тіркестің құрамында қасқа бас - маңдай шашы жоқ адам; қасқа тіс – малдың алдыңғы төрт тісі деген мағынаны білдіреді. Сол сияқты қасқа жол, қасқа бұлақ деген тұрақты тіркес құрамында ауыспалы мағынаға ие болады.
Синтаксистік шартты мағына - сөздер сөйлеу үстінде, контексте қолданылу жүйесіне қарай өзіне дағдылы емес қызмет атқаруынан туындайтын мағына. Мысалы: жемқор – өңеш, құлқын; аю – арбиған, ебедейсіз; құдық - мешкей, жалмауыз деген ұғымды білдіреді. Тілдік лексикалық жүйесіндегі кез келген сөздің фразеологиялық байлаулы мағынасы немесе синтакситік шартты мағынасы бола бермейді. Номинативті мағынаға ие болатын атауыш сөздердің көбіне-көп жұмсалу қабілеті күшті болады. Әсіресе зат есім, сын есім, етістік сөздер тура мағынада, әрі ауыс мағынада тілде белсенді қызмет атқарады. Мұндай сөздердің көпшілігі өзінің тура мағынасының үстіне қосымша мағыналар үстеп алған. Мысалы: түнеру (ренжу, кею), шатынау (көзі шарасынан шығып ашулану), соқыр (надан, топас), сору (аяусыз қанау).
4.Сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналарынасөздің бейтарап мағынасы, бейнелі мағыналары, кәсіби-терминдік мағыналары жатады. Бейтарап мағына – зат, құбылыстар мен сапалық белгілерді, әрекет-қимылды атап білдіретін жалпылама лексикаға тән. Мысалы: құстың қанаты, ұқсату заңы негізінде пайда болған ұшақтың қанаты десек те атауыштық мағынаға ие болып тұр, ал ұшарға қанатым жоқ, қанатты сөздер дегендегі қанат сөзінде бейнелі мағына бар.
Бейнелі мағына - адамның сезімі мен көңіл күйіне байланысты айтылатын эмоционалды сөздердің мағыналары жатады. Олар стилистикалық бояма мағына деп те аталады. Мысалы: тамаша, шіркін, қалш-қалш, шілтию, тылтию, жалпию және т.б.