Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға Халық қаhарманы Бауыржан Момышұлы туралы жан-жақты
мәлімет бере отырып , білімдерін толықтыру.
Дамытушылық: Оқушының ой еркіндігін ояту, шығармашылық белсенділігін шыңдау. Бауыржан
Момышұлының ерлігін дәріптей отырып, ойларын дамыту.
Тәрбиелік: а) Отанын , халқын сүюге, атамекенін қорғауға жетелеу.
ә) Ұлттық тәлім- тәрбие беру.
б) Саяси патриоттық тәрбие беру.
Пәнаралық байланыс: Тарих, әдебиет.
Сабақтың түрі: Кіріктірілген сабақ.
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру.
2. Интерактивті тақтадан: Бауыржан Момышұлының фотосуреті көрсетіледі.
3.Фоннан: мына өлең жолдары оқылады.
195
Республикалық 45minut.kz басылымы топтамасы
Кешіп өтіп кешегі от жалыннан,
Дүниеге ерлігімен танылған.
Кең жауырынды , Талғардай тік иықты,
Бөрі кеуде , бүркіт қабақ Бауыржан.
Қалтыраған отынан жау ордасы,
Панфиловтың жорықтағы жолдасы,
Даңқ туын майдандағы көтерген,
Гвардия бөлімінің қолбасы.
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түпкірінен сөз келгенде- деп батыр атамыз өзі айтып кеткендей Бауыржан атамыз биыл 103 жасқа
толып отыр.Арамызда өзі болмаса да «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп
Абай атамыз айтқандай атаның артында ұрпағына мәңгі өлмес ерлік істері, мақал-мәтелдері, тау суындай
мұралары қалды.
Оларды танып білу, зерделеу, зерттеу оқушылар үлесінде.
Ендеше бәріміз тік тұрып Қаhарман жазушы батырымызды 1 минут үнсіз еске алайық.
Үнсіздік.
Оқушылар бүгінгі сабақта атамызды жан-жақты тану мақсатында арамызға әдебиетшілер, тарихшылар,
журналистер келіп отыр.Ендігі сөз кезегін тарихшыларға беремін.
1 тарихшы (оқушы):
Бауыржан Момышұлы – Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Көлбастау ауылында Момыш есімді азаматтың
отбасында дүниеге келді. Анасының аты- Рәзия.Отызыншы жылдардың бас кезінен 1956 жылға дейін әскер
сапында болды. Ал соғыс кезінде Алматы маңында жасақталған 316- шы атқыштар дивизиясы құрамында
болды.
2 тарихшы (оқушы):
1941 жылдың күзінен бастап, соғыс аяқталғанға дейін талай-талай қиян-кескі шайқастарға қатысады.
Батальонды, полкты, дивизияны басқара жүріп, ерекше қаhармандық және тапқырлық көрсетеді.
3 тарихшы (оқушы):
Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қатарында мыңдаған қазақстандықтар шайқасқан Кеңес
жауынгерлері барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы кескілескен ұрыс жүргізді. Кеңес Қарулы
Күштері орасан зор қиыншылықтарды жеңе отырып төтеп берді, күш жинап, жауды Москва түбінде алғаш рет
ірі жеңіліске ұшыратты.
4 тарихшы (оқушы):
Москва үшін шайқасқа И.В.Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан
Момышұлы қолбасшылық еткен батальонның жауынгерлері ерекше табандылық көрсетті.
5 тарихшы (оқушы):
Б. Момышұлы 207 ұрысқа қатысқан, 5 рет қоршауда жүріп шайқасқан, 2 рет ауыр жараланған.
Жалпы Ұлы Отан соғысында А. Матросовтың ерлігі-207 рет қайталанса, біздің панфиловшылардың ерлігін
ешкім қайталай алмады. Москва түбінде фашистер 500 мың адамын жоғалтып, 1300 танктен айырылды, 2300
зеңбірек, 15 мыңнан астам машина мен басқа да техникаларынан айырылды. Мұндай шығынды фашистер
көрмеген еді. «Біз жеңілмейміз!» деген фашистік армия шынымен талқандалды.
2 тарихшы (оқушы):
Бауыржан Момышұлы –әділ, өткір, шыншыл, қырағы, айбынды, арлы, рухы күшті әскери басшы.
4 тарихшы (оқушы):
Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысын аға лейтенант шенінде бастап, батальон командирі ретінде соғысып,
соғысты полковник шенінде дивизия командирі болып аяқтады. Яғни Ұлы Отан соғысынан 9 гвардиялық
дивизияның командирі болып оралды (оған 1945 жылдың басында тағайындалған болатын). Сонымен қатар Б.
Момышұлы соғыстан кейін 1946 жылы Москвадағы әскери академияны бітірген тұңғыш қазақ.
2 тарихшы (оқушы):
Ұлы Отан соғысы кезінде ерен ерліктері үшін қазақстандық 497 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын
алды. Оның ішінде бұл атаққа 1990 жылдың 11 желтоқсанында Б. Момышұлы да кешеуілдеп барып ие болды.
6 тарихшы (оқушы):
Бұл 1941 жыл еді. Қазақстандық генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен 1941 жылы 15 шілдеде
Алматы облысы Талғар қазақ станциясында Қазақстан мен Қырғызстан ұландарынан 1073 атқыштар полкі
жасақталды. Генерал Панфилов басқа полктардан ерекшелеп «Талғар полкі» деп ат қойды. Полк осы атымен
Отан тағдыры қыл үстінде тұрғанда неміс басқыншыларына қарсы әділетті ұрысқа кірісті.
196
Республикалық 45minut.kz басылымы топтамасы
Журналист:
8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясы 1073-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі, майор Б.
Момышұлына жауынгерлік мінездеме:
1910 жылы туған, 1942 жылдан БК(б)П мүшесі, ұлты қазақ, әлеуметтік тегі-қызметші. Жалпы білімі орта,
әскери білімі- бір жылдық.
1932-1934 жылдары Қызыл Армия қатарында әскери борышын атқарған.
1941 жылдың қыркүйегінен майданға аттанған. Қазақ халқының адал ұлы, өзінің Кеңес елінің абыройы мен
тәуелсіздігін қолына қару алып қорғап жүрген, осы халықтың таңдаулы өкілдерінің бірі-майор Момышұлы
үкімет наградасына ұсынылды.
Бауыржан(оқушы):
Панфиловтан бата алып,
Артыма ерді мың солдат.
Тағдырын маған тапсырып,
Ел ұлдары мың солдат.
Белуардан қан кешіп,
Жүзден аса соғыста
Бал орнына у ішіп,
Қан майданда қан кешіп,
Намыс туын көтердік.
Қимылдады мың батыры,
Мыңға татып бір батыр,
Атамекен жері үшін,
Қасиетті ел үшін,
Болмай қалар кім батыр!?
Ендігі сөз Б. Момышұлының жазушылық жағына тоқталу негізінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Гүлшара апайға беріледі.
-Оқушылар, Б.Момышұлы соғыс тақырыбында қалам тербеген талантты да, атақты жазушы ретінде тарихта
қалғаны өздеріңе аян.
-Ендеше, Б.Момышұлының қаламынан шыққан шығармалар көп. Солардың бірегейін ғана атасақ «Қанмен
жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Менің отбасым», «Майдандас достарым», «Генерал
Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Адам қайраты», «Артымызда Москва», батыр бабамыздың өзі туралы
жазылған А. Бектің «Арпалыс», «Волокалам тас жолы», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» шығармалары
дәлел. Енді оқушылардың зерттеп , ізденген жұмыстарына кезек берейін:
1-әдебиетші:
Бауыржан бабамыз соғыстан кейін жоғары әскери академияны бітіреді.1956 жылы демалысқа шығып,
біржола шығармашылық жұмыспен айналысады.Ол орыс және қазақ тілдерінде бірдей жазады. Оның «Біздің
отбасы», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер» сияқты кітаптары бірнеше шетелдік тілдерге
аударылып басылған.
2-әдебиетші:
Б. Момышұлы –ерекше тұлға. Сондықтан да ол туралы жазылған көркем шығармалар, өлең-жырлар, тіпті
халық арасында кеңінен тараған ауызекі әңгімелер де көп-ақ. Соларда қазақ халқының осы біртуар азаматының
білімділігі, дарындылығы, ерекше батылдығы, жарлы-жақыбайларға, кемтарларға аса қамқорлықпен
қарайтыны, кем адамдарды ерекше сыйлайтындығы сияқты көптеген қасиеттері айтылады. Б. Момышұлының
«Ұшқан ұя» кітабынан үзінді келтіре кетсем, ол кісі былай деді: «Кейде менің есіме, өнеге алған, тәлім
үйреткен, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіре ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен
әжем, ата-анамның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді».
3-әдебиетші:
«Жаным-арымның садағасы» деген сияқты ерекше мағынасы бар халық мақалы, орыстың кемеңгер
қолбасшысы А.В.Суворовтың: «Әскери машықта азаптансаң, ұрыста қиналмайсың» деген тамаша қағидасы,
Панфиловтың «Солдат жаумен шайқасқанда өлу үшін емес, өмір сүру үшін шайқасады» деген нақыл сөзі
бабамыздың күнделікті іс-әрекетінде бұлжымас ереже, жетекші нұсқау болды.
4-әдебиетші:
Б. Момышұлы соғыс жылдарында қатал әскери бастық болып қана қоймай, сонымен қатар қарамағындағы
жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, дарынды да талантты сардары бола білді. Жауынгерлерді
қан майданда халықтың қасиетті тапсырмасын, сүйікті Отанымыздың абзал аманатын абыроймен адал
орындайтын жалынды патриоты етіп тәрбиелеу үшін Б. Момышұлы халықтың даналығынан туған мақал-
мәтелдерді, қанатты сөздерді, өсиеттері мен қағидаларды кеңінен пайдаланып отырды. Бауыржан атамыздың
мына қанатты сөздері: «Опасызда Отан жоқ», «Епсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды», «Командир-аға,
солдат-іні» сөздері соған дәлел.
197
Республикалық 45minut.kz басылымы топтамасы
5-әдебиетші:
Қиян-кескі арпалыс тұсында Бауыржанның өзі де сол дәуірге дөп келетін көптеген нақыл сөздерді тудырып
еді. Солардың біразын мысалға келтірейін:
1.Әдіссіздік- әлсіздік, ептілік те ерлік.
2.Қара бет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық!
3.Өжеттіктен не пайда, ерлігі мен ақылы көпті батыр етпесе!
4.Жігіт болсаң жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін.
5.Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.
6.Ашуыңа ақылыңды жеңдірме.
7.Хас батыр ұрпағы бардың арманы жоқ.
6-әдебиетші:
«Б.Момышұлы тек атақ-даңқы шыққан батыр ғана емес, терең ойлы, өзіндік пікір толғанысы бар, алғыр да
тапқыр азамат»- деп бағалаған қазақ халқының заңғар жазушысы М. Әуезов.
Бауыржан (оқушы):
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Я өліп,я болмаса өлтіретін.
Жүректе жанып тұрған жұлдызыңды,
Жандыратын болмаса сөндіретін.
Соғыста бір-ақ заң бар, мен білетін,
Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін.
Жас қаның туған жерге босқа ақпасын,
Онсыз сен көре алмайсың жердің бетін!
1-журналист:
«Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады»- дейді Б.Момышұлы. Ол халықтың, ұрпақтың
рухының сынбауын армандады.
Оның образы арқылы:
-Отанына деген сүйіспеншілікті, өз парызын шексіз қызмет етуді шыншылдықпен әділдікті, шыдамдылықпен
төзімділікті, батылдық пен қаhармандықтың қандай қасиетті екенін ұғынамыз.
-Б. Момышұлының- жазушы, көрнекті қолбасшы болғанын батыр бойынан байқаймыз.
2-журналист: Қорыта келгенде, батыр ата Бауыржанды кім деп танимыз?
Оқушылар интерактивті тақтаға жазады.
3-журналист:
-Енді Бауыржан дүниесін терең жинақтап , ғылым тілімен қандай баға беруге болады?
-Филология
-Этнопедагогика
-Этнопсихология
-Этномәдениет
-Этнофилософия
-Этнография-
сынды ғылым салаларын қамтиды.
Ал ендігі кезекте Бауыржан атамыздың туған жеріндегі мұражайға барған ауылымыздың азаматы Мағауия
ағамыздың сол мұражайда түскен фото суреттерімен танысайық. (интерактивті тақтадан Мағауия ағамыздың
мұражайда түскен фото суреттері көрсетіледі)
Мұғалімдердің қорытынды сөзі.
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді.
Тарихтың түпкірінен сөз келгенде, -деп ақын, батыр атамыз жырлағандай ол кісіні дәріптеуді сабақ
көлемінде ғана қолданбай, сабақтан тыс шараларда да насихаттадым.
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Бауыржан жұлдызды болған күн- қазақтың
жұлдызы жанған күн»
Мақсаты: Қазақтың қаhарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін жас ұрпаққа
насихаттау,оларды отансүйгіштікке баулу,Қарулы Күштер қатарына жан-жақты жастарды тәрбиелеу.
Міндеті:1.Халқымыздың ұлы перзенті , ерліктің ерен үлгісі болған Бауыржан Момышұлының өмірін
үлгі тұту;
2. Батыр ағаның ерліктері мен еңбектері арқылы өткен тарихымызға қызығушылығын арттыру;
198
Республикалық 45minut.kz басылымы топтамасы
3. Тарихи тұлғаларды құрметтеуге тәрбиелеу, оқушыларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулу, тарихи
шығармалар арқылы ой-өрістерін кеңейту;
Көрнекіліктер:
Б. Момышұлының суреті, интерактивті тақта, нақыл сөздер;
«Ежелден ел тілегі-ер тілегі,
Адал ұл ер боп туса- ел тілегі».
«Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды».
Тәрбие сағатының әдісі: 10
а,б
сынып взвод бөлімшелері арасындағы сайыс.
Тәрбие сағатының түрі: кіріктірілген.
Тәрбие сағатының құрылымы:
1.Ұйымдастыру: «Ер есімі-ел есінде».
2.Еске алу минуты- «Мәңгі ізің өшпейді»
3.Танысу кезеңі «Мен білемін» ойыны.
4.Тарихи мәлімет «Ұлы Отан соғысы жылдарында».
5. «Біздің мәңгі есімізде». «Мұрагер» сайысы.
6. « Мәңгі бейнең есімізде» (жыр шашу)
Жүру барысы:
1.Ұйымдастыру. Жүргізуші:
Әр азамат туған елінің өткені мен бүгінін біле отырып, болашаққа қадам басады. Болашаққа рухани
мәдениетімен қатар ұрпағының ұлттық қасиеттерін сақтауды үлгі етеді. Ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тарихи
оқиғалардың баса ауқымдысы Ұлы Отан соғысы. «Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» деп дана халқымыз
айтқандай, қан майдандарда қол бастап, елдің намысын жауға таптатпаған батыр бабаларымыз аз емес. Отанын
жаудан қорғау үшін көп ұлтты Кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға
қарсы тұрды. Халық жадында, сапында 30 ұлттың өкілі бар Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі
сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның 28 батыры
Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде
шын мәнінде болаттай беріктік пен ержүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан
Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған 10» «а» сынып оқушыларының дайындаған «Бауыржан
жұлдызды болған күн-қазақтың жұлдызы жанған күн» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймын.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелінсін!
Әкелсін туын,көтеріп асқақ айбыным,
Қуантып елді.жасартып мәңгі ай, күнін,
Паш етіп жатқа қазақтың дархан байлығын!
(Оқушылар Әнұранды орындайды. Туды оқу озаттары Ахметқали А, Сағидуллин М, Рамазан М әкеледі)
2. «Мәңгі ізің өшпейді» тақырыбындағы еске алу минуты.
Жүргізуші:
Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан батыр аталарымызды орнымыздан тұрып, 1 минут үнсіздікпен
еске алуларыңызды сұраймын. Рахмет, отырыңыздыр!
3.Танысу кезеңі. «Мен білемін» ойыны.
Жүргізуші:
Әр оқушы өзінің аты-жөнімен бірге Кеңес Одағының және өзі білетін Атыраулық Кеңес одағының
Батырларын айтады. Ал келесі оқушы алдыңғы оқушының айтқанын қайталап, өзін таныстыра отырып, бір
Батырды қосып айтады. Кімде –кім қателеспей дұрыс айтса, жеңімпаз болады.
Жүргізуші:
Алғашқы әскери дайындықты ұйымдастырушы-оқытушы П. Қабиевке сөз кезегі беріледі.
4. «Ұлы Отан соғысы жылдарында» (тарихи мәлімет)
5. «Біздің мәңгі есімізде».
Жүргізуші:
-Біз Бауыржан Момышұлы туралы қаншалықты білетінімізді сайысу арқылы тексеріп көреміз. Бөлімшелер
арасында «Мұрагер» сайысын өткіземіз. Әр бөлімшеге төмендегідей тапсырмалар беріледі.
1 бөлімше: Бауыржан Момышұлының өмірі.
2бөлімше: Б.Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі туралы деректер.
3 бөлімше: Бейбіт күндегі еңбек жолдары туралы деректер.
«Өшпес ерлік-ұрпаққа мұра».
1 бөлімше: 1) Бауыржан Момышұлының өмірі туралы деректермен Ахметқали Арайлым мультимедия
проекторы арқылы баяндады.
2) Көрініс: «Бауыржанның әскерге аттанар алдындағы бейнесі» (қатысушылар: автор, Бархан Борис
Михайлович – республикалық банк меңгерушісі, Бауыржан және оның әкесі)
199
Республикалық 45minut.kz басылымы топтамасы
Автор:Бауыржан амалсыздан үстіне әскери киім киіп, беліне наган асынып, командир болып шыға келді.
Қызмет орнымен есептесіп, үйімен қоштасып қайту үшін оған бір апта уақыт берілді. Банк меңгерушісі өз
кабинетіндегі барлық қызметкерлерді жинап, Бауыржанның әкесіндей мейірбандықпен сөз сөйледі.
Банк меңгерушісі:- Міне , жолдастар, бүгін ортамыздан ең таңдаулы қызметкерлеріміздің бірін сүйікті
армиямыздың қатарына аттандырғалы отырмыз. Қымбатты Бауыржан, абыройлы болғайсың, қарағым. Отан
даңқын, Отан салтын, Отан шебін қырағы күзете біл. Біздің айтар өсиетіміз осы. Қызыл Армияның қатарында
қызмет ету-совет азаматы үшін ең елеулі құрмет. Осы құрмет біздің ортамыздан тек сенің ғана еншіңе тиіп
отыр. Жолың болсын, балам...
Автор: Бауыржан екі айлық демалыс қаражатын алып, сексенге тақап қалған кәрі әкесімен қоштасу үшін
Алматыдан шығып, Бурныйға тартады. Алыс жолға аттанар сәтінде әкесі Бауыржанға өзінің ақ батасын береді.
Әкесі:-Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын.
Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын.
Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың,
Найзадай болсын намысың.
Ер жігітке бәрі сын.
Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма,
Қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға!
Бауыржанның монологы:
Осы ақ батасын менің арымның, азаматтығымның, адамгершілігімнің ақ туындай етіп, күні бүгінге дейін
төбеме көтеріп келемін.
2 бөлімше: 1) Мультимедиа проекторы арқылы Құбайдолла Жанерке Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан
соғысы кезіндегі ерлігі жайлы баяндайды.
2) Көрініс «Бауыржанның жауынгерлік тұлғасы». (қатысушылар: автор, дивизия комиссары Егоров Сергей
Александрович, Бауыржан Момышұлы)
Автор: Жұрт жайғасқандай болып, дабыр басылғаннан кейін дивизия комиссары сөзге кірісті. Ол
дивизияның екі айлық жауынгерлік жолына шолу жасады.
Дивизия комиссары: - Бірақ , мен сіздерді мұны айтуға шақырғаным жоқ. Мен сіздерге басқа нәрсе
айтқалы тұрмын. Ол мынадай мәселе. Осы қазір, сіздер мен біз аса ауыр ұрыстарды басымыздан кешіріп,
демалысқа шыққан сәтімізде сонау Алматыдан жаңадан тағы бір ұлттық құрама жасақталып жатқан көрінеді.
Ол құрама дивизия ма , бригада ма анығын білмеймін. Міне, осы құрамаға сіздерді жіберу туралы бұйрық келді.
Сіздерге елге барып, сол құраманың жауынгерлін үйретіп, содан кейін соғысқа бастап келу міндеті жүктелетін
көрінеді. Кәне, бұған сіздер қалай қарайсыздар?
Автор: Мұны естігенде алғашында жауынгерлер үнсіз қалды. Одан кейін әркімдердің өзара күбірі білінді.
Ешкім дыбыс шығарып, комиссардың сұрағына тікелей жауап бермеді. Сол кезде өзгеше бір өктем үн саңқ ете
қалды.
Бауыржан: - Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар! Мен солдатпын. Мен бұйрыққа бағынамын. Егер біздің
жаңадан жасақталып жатқан басқа дивизияға жіберу жайындағы бұйрыққа қол қойылған болса, онда мен осы
қазір-ақ Алматыға қарай тата беремін. Менің кеудемде адамдық тілек, әкелік мейірден басқа жауынгерлік ар
мен намыс бар. 8-ші гвардиялық дивизияның жүрген жолында көлкіп біздің қызыл қанымыз қалды.
Дивизияның гвардия атағын алуға бәріміздің де еңбегіміз сіңді. Осы дивизия құрыған жерде біздің де бәріміз
қалмай құрып бітуіміз керек! Ал дивизия құруға тиіс емес, құрымайды. Жауынгерлік ар-намыс менен осында ,
жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етті.
Дивизия комиссары: Мен Сізді ұқтым, жолдас Момышұлы! Ұқтым. Тағы кімде пікір бар?
Автор: Жауынгерлердің бәрі де осы пікірге қосылатындықтарын айтты. Ал Егоров болса үзеңгілес болған
жігіттерінен айырылып қаламын ба деп іштей сасқалақтап отырды.
3 бөлімше: 1) Батыр ағаның бейбіт күндегі еңбек жолдары туралы деректермен Сағидоллина Мөлдір
таныстырды.
2) Көрініс: «Бауыржанның ақындық тұлғасы немесе бейбіт күнде Жамбылмен кездесуі».
(қатысушылар: автор, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы)
Автор: Сол күні кешке Сәбит пен Бауыржан Ұзынағашқа барды. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде
жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сәлем берді. Жамбыл Сәбитке сығырая қарады.
Сәбит:- Ассалаумағалейкум, тәте! Мынау майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген балаңыз. Талай
немісті қырып салған нағыз ердің ері. Сізге арнайы сәлем бере келді.
Жамбыл:- Түсі тым суық екен, болса болар! Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны
айтшы?
Бауыржан:- Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын.
Жүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен- оттың ұшқыны,
судың тамшысы ғанамын, Жәке.
Автор: Бауыржанға риза болған ақсақал өзінің ақ батасын береді.
200
Республикалық 45minut.kz басылымы топтамасы
Жамбыл:- Әй, Сәбит, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен. Жайыңдар
алақандарыңды, батамды беріп жіберейін.
Әумин!
Батрдың жолы болсын!
Самғаған қолы болсын!
Түсі де суық екен,
Ісі де долы болсын, аллауәкпар!
6. «Мәңгі бейнең есімізде!» (жыр шашу)
Жүргізуші:
Жыр оқимын,
Жүрегім дүрсілдеп мен.
Ерлігі қайталанбас батырларды
Ақындар жырға қосып
Жүрсін көптен.
1) Қалижан Бекхожин «Атыңды мен естідім»
2) Мұқағали Мақатаев «Ақ тұлпарым бар еді саған деген»
3) Мыңбай Рәш «Ерлік дастаны»
4) Сырбай Мәуленов «Батыр ағам Бауыржанға»
5) Қасым Аманжолов «Бауыржан»
6) Т. Әб»шұлы «Абзал аға»
7. Қорытынды.
Жүргізуші:
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,- деп Сұлтанмахмұт жырлағандай бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған
ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын
ұмытуға еш құқымыз жоқ. Біздер сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға құқымыз жоқ.
Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз. Бауыржан атаға арнаған 10-сынып оқушысы Ерсайынова
Гүлфанидің өлеңін ұсынамын:
Ақыл, сөзді көңілге түйіп алғандаймын,
Көк жүзінде қыран болып самғаймын.
Ұлы жолын Бауыржандай атамның,
Жаңа ғасыр ұланы болып жалғаймын.
Тербейді мені бейбітшілік жыр әні,
Қалықтасын халқымның ән-ұраны.
Бауыржан атындағы мектептерде,
Өсіп келед Бауыржаншыл қыраны.
Ата сөзін әрқашанда құп алам,
Оттай лаулап жанатұғын мен болам.
Егеменді тәуелсіз Қазақстанымның,
Лаулап жанған Бауыржаншыл қызы болам!
Жүргізуші: 1990 жылы ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысы бойынша Бауыржан Момышұлына
Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді. Осы атақ берілген кездегі сөзінде Н. Ә. Назарбаев «Бауыржан
жұлдызды болған күн-қазақтың жұлдызы жанған күн», - деп толғана айтқан еді. Жас ұрпақ осы ұлылардан үлгі
алуы үшін халқымыздың, еліміздің аты тірі кезінде-ақ аңызға айналған Батыр Бауыржан Момышұлы ерлігі мен
даңқы туралы сөз қозғадық, еске түсірдік. Жас ұрпақты ұлы адамдардың өмірінен үлгі алуға, ұлы істерге
бастау, олардың әрқайсысын Ұлы тұлға етіп өсіруге баулу мақсатында Бауыржан Момышұлының ерлігіне
арналған тәрбие сағаты өз мәресіне жетті.Белсене қатысқан барлық оқушыларға рақмет!
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дегендей баяндамамды қорыта келе , туған елін, жерін сүйетін,
Отанын қорғайтын білімді, саналы, рухани бай, мәдениетті, үлкенді сыйлап, салт-дәстүрлерді қастерлейтін
азамат етіп тәрбиелеу- басты міндетіміз. Қазақ халқы намысты қолдан жібермеген, ержүрек халық. Батыр
халықтың ұрпағы екендігімізге мақтануымыз керек. Ата –бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізді
жалғастыруымыз біздің басты мақсатымыз болып табылады. Біз, жазушы, жауынгер
Б. Момышұлының еңбектерін оқи отырып оның шығармаларынан патриоттық тәрбиенің қайнар көзін
табатынымыз айқын. Елім, жерім, Отаным дейтін намысты ту қылып ұстаған, Отанымызға шын берілген адал
ұлдарымыз болса, Қазақстанның болашағы жарқын болары сөзсіз.
Ендеше батыр ,қолбасшы Б. Момышұлының тұла бойы тұнған талант, сол талантты атамыздың еңбегін
өмірімізге шамшырақ ете білейік.
201
Республикалық 45minut.kz басылымы топтамасы
Достарыңызбен бөлісу: |