«ӘБІЛҚАС САҒЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ»
КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ
Семинар сабақ өткізуге арналған ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ
Қазақ тілі Орташа деңгей (B1)
ZhBB 1 Жалпы білім беру модулі
2024 І семестр. Орташа деңгей (B1) 1-апта. ӘУЛЕТ ДӘСТҮРІ- ҮЛКЕНДІ СЫЙЛАУ
Грамматика: Бұрынғы өткен шақ
Ата дәстүрін ардақтау – қазақи тәлім тәрбие мен ұлттық асыл дәстүріміздің бірі – үлкенді сыйлау. Үлкенді сыйлау – бұл имандылық пен адамгершіліктің іргетасы. Қазақ халқының тыныс-тіршілігінде ол – ұлттық дәстүрдің басты өлшемі. Сондықтан, отбасында, бала бақшасында, мектепте, қоғамдық орындарда осы дәстүрді сақтау, оны қастерлеу әрбір адамның міндетті түрде орындайтын парызы. Адамдық қалыпты, әдепті сақтай алмаған адам «адамгершіліктен» шыққан болып есептелінеді. Ертеде адамгершілік қалыпты сақтай алмаған адамдарды қадірлі адамдар, билер жөңге салып, жазасын тартқызып тәрбиелеп отырған. Қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша үлкенді сыйлау, құрметтеу әрбір жастың парызы болып табылады.
Үлкенді сыйлау – ең алдымен әке-шешені сыйлаудан басталады. Өз отбасын, өз ата-анасын сыйламайтын ұл мен қыз басқа адамдарды да сыйлай алмайды. Ата-ана баланы дүниеге келтіріп, өмір береді, тәрбиелеп өсіреді, білім береді. Оған ер жетіп, отбасының қамқоршысы болады деп сенім артады. Есейген бала ата-анаға қамқоршы болуға жараса – жігіт болғаны. Ата мен ананың қартайғанда бойынан күші қайтады. Бірақ олардың ақылы, көпті көрген тәжірбиесі отбасына үлкен көмегін тигізеді. Әрбір қиын істің шешімін ең алдымен ата-ана табады. Ол үшін ата-анамен ақылдасып, олардың пікірін тыңдап отырған орынды. Ата-ананы сыйлаған жастардың өз балалары да кейін соны қайталайды. Ата-ананың ісінен үйреніп қана қоймай, олардың тәрбиесін бойға сіңіре білу – әр баланың парызы. Ата-ана қандай жағдай болмасын, «балам қатарынан қалмасын, білім алып үлкен азамат болсын» деп әрқашан тілеуін тілеп жүретін асыл жандар.