№3-дәріс тақырыбы: Ж. Баласағұни мұрасындағы рухани құндылықтар.
(2 сағат. 3-аптада).
Семинар сабақтың мақсаты:
Ж. Баласағұни мұрасын түсініп, бағалай білуіне;
Ж. Баласағұнидың мұрасын талдай білуіне;
Ж. Баласағұни мұрасының көркемдік ерекшеліктерін ажырата білуіне;
Ж. Баласағұни мұрасының өзгешелігін көрсете білуіне;
Ж. Баласағұни мұрасының іздерін кейінгі кезеңдердегі әдебиеттерден таба білуіне үйрету.
Семинар сабақтың нәтижесі:
студент Ж. Баласағұнидың мұрасын қарастыра отырып, оны көркемдік тұрғысынан ажырата, нақтылай, түсіндіре, талдай, талқылай және деректер келтіре алатын болады.
«Құтты біліктің» қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихи, қоғамдық-саяси өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдениеті және т.б. жөнінде аса мол деректер беретін көркем туынды екендігі. Бұл еңбектің этикалық, дидактикалық сарында жазылып, ғибрат уағыздарды бейнелі көркем тілмен жырлайтындығы. Дастанда мораль, әдептілік, тәлім-тәрбие мәселесін арнайы сөз ететін тараулардың бар екендігі. Ж. Баласағұнидың «Құтты білік» дастанында көтерілген мәселелер негізінен ақыл-парасатқа, оқу-білімге, бала тәрбиесіне, адамдардың өзара қарым-қатынасына, тілге сақ болу керектігіне, қарттарға құрмет т.б. моральдық, этикалық, дидактикалық, философиялық пікір тұжырымдарға байланысты екендігі.
«Құтты білік» дастанының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылғандығы: Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің бейнесі ретінде Күтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі дастанда патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы беріледі. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі уәзірдің баласы Өгдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, Дәруіш Одғүрмыш бейнесі арқылы әңгіме болады. Бұл дастанда көтерілген басты мәселе - шығарма қаһармандарының басынан өткізген оқиғаларында емес, сол қаһармандар арқылы айтылатын автордың өсиет-уағыздары мен ғибрат сөздерінде, сүрақ-жауаптарында жатыр.
Жүсіп Баласағұни ел басқарған патшадан бастап, аспазға дейінгі барлық хан сарайы қызметкерлерінің түр-сипаты, мінез-құлқы, ақыл-парасаты, міндеттері, жауапкершілігі қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын әңгімені патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам — ақыл-парасаты ұшаң-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, өнер мен білімге жетік, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын болуы шарт. Білім мен өнерден құралақан жандар әділ билік жүргізе алмайтынын айтады. Жүсіп Баласағұни ел басқаратын әміршіге, бекке мейлінше жоғары талаптар қояды. Бүкіл елге билік жүргізетін адам ақыл-парасаты мол, білімі терең, өнер мен мәдениетті жоғары бағалайтын жан болуы тиіс.
Тақырыпқа байланысты сұрақтар:
Ж. Баласағұнидың ақындығы туралы не білесіз?
Ж. Баласағұнидың түркі мәдениеті мен әдебиетіне ықпалы жайында айтыңыз!
Ж. Баласағұнидың түркі мемлекетінің қалыптасуы мен дамуына үлесі болды ма?
Ж. Баласағұни шығармасының көркемдігі туралы айтыңыз!
Ж. Баласағұнидың этикалық мұраттарын баяндаңыз!
Ж. Баласағұни шығармасының ерекшелігі туралы не айтасыз?
Орта ғасырлардағы әдеби мұралардан Ж. Баласағұнидың мұрасының өзгешелігі туралы айтыңыз!
Ж. Баласағұнидың көтерген басты мәселелеріне тоқталыңыз!
Ж. Баласағұнидың мұрасын зерттеген ғалымдардың еңбектерін білесіз бе?
Ж. Баласағұнидың мұрасының ізін кейінгі кезеңдердегі әдебиеттерден табуға бола ма?
Пайдаланатын әдебиеттер тізімі:
1. Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. Алматы, 2000.
2. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. I-кітап. Алматы, 2001.
3. Ж. Баласағұн. Құтты білік. Алматы, 2002.
4. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Астана, 2005.
5. Қыраубайқызы А. Ежелгі әдебиет. Алматы, 2012.
Электрондық оқулықтарға қажетті сайттар:
1. http://www.infoliolib.l/info/.
2. http://www.openj-gate.org /.
3. http:/www.rubricon.com– РУБРИКОН.
Достарыңызбен бөлісу: |