Шапах У.Ш., заң ғылымдардың кандидаты,ҚазақГЗУ доценті
Зиманов С.З. Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі. – Алматы: Ата-
Мұра, 2008. – 216 б.
Қазақтың заңғар ғалымы, академик С.З. Зимановтың «Қазақтың билер
соты – бірегей сот жүйесі» атты кітабі қазақ даласындағы көшпелі қауым
қойнауында қалыптасқан билер соты мен сот әділдігінің негізгі мәні мен
мазмұнын ашып көрсетуге арналған.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі С.З.
Зимановтың жетекшілігімен ғылыми зерттеу тобы қазақ құқық тарихи
ескерткіштерін саралай отырып, орта ғасырдағы қазақ құқық жүйесіне
арналған «Қазақтың ата заңдары» атты еңбектерінің 8 томын ғылыми ортаға
ұсынған болатын. Қазақ мемлекеті және құқық тарихында үлкен сүбелі
орынға ие, ғылыми құндылығын келер ұрпақ бағалайтын аталмыш еңбектер
жинағын әзірлеу барысында жинақталған ой-түйіндері қорытылған, қазақ
билерінің әлеуметтік-саяси өмірдегі әділ соты қызметіне арналған осы кітабы
жарық көрді.
Кітап алғы сөзден, келесі 14 тақырыптан тұрады:
1.
Қазақтың ата заңдары және оның бастаулары.
2.
Қазақтың билер соты ұрпақтар жадында тәуелсіз, кәсіби және әділ сот
ретінде сақталды.
3.
Үш заңгер – үш аңыз.
4.
«Адал би – әділ би».
5.
«Би халық шежірешісі, данасы әрі заңгері».
6.
Қазақ билер соты – ортақ мәдени соты.
7.
Қазақ даласында әділ соттың «Алтын ғасыры» болды ма?
8.
Билер соты төрелігінің оң үлгісі.
9.
Абай – ұлы билердің соңғысы және оның бітімі – биліктері туралы.
10.
Қазақ хандарының заң шығарушылық қызметіне шолу және оның
ерекшеліктері.
11.
Қазақ құқығы – «Жарғы» туралы.
12.
Қазақ құқығын бағалау тарихы туралы.
13.
Билердің соты бұрын халықтық болса, енді ол аппараттыққа айналды:
орыс әдебиеттерінің негізгі мотиві осындай еді.
14.
Тарихи көркем әдебиеттегі қазақ елінің әділ соты мен билер образы.
Қазақтың ата заңдары және оның бастаулары деп аталатын тақырыпта
қазақ құқығы – қазақ халқының мәдени байлығы, ол өміршең және адам
еркіндігін жақтағанымен ерекше екендігін негіздейді. Қазақ құқығы бастауы
ХІІІ ғасырда өмір сүрген, Шыңғыс ханның (1155 – 1227 ж.) «Орда биі»
атанған Майқы биден басталатынын жаза келе, қазақ құқығының ата
заңдарына және қайнар көздеріне «Қасым ханның қасқа жолы» (1511 – 1523
ж.), «Есім ханның ескі жолы» (1598 – 1628 ж.), Тәуке ханның «Жеті Жарғы»,
билердің үлгі бітімдері, үлгі шешімдері және үлгі жүгіністерін жатқызған.
Қазақтың билер соты ұрпақтар жадында тәуелсіз, кәсіби және әділ сот
ретінде сақталды деп аталатын 2 тақырыпта, билер соты Республиканың
қазіргі мемлекеттік қайраткерлері үшін де идеал болғанын, көшпелі қазақ
қоғамында билер соты жөнінде зерттеу желісі жайлы, ХІХ және ХХ
қасырдың басындағы ұлт зиялыларының билер сотын бағалауы жөнінде
баяндайды. Сонымен қоса кеңес билігі халықтың тарихи жадынан қазақ әділ
сотының «Алтын ғасырын» өшіре алмағанын, Республиканың тәуелсіздік
жылдарында билер әділ соты жария түрде айтыла бастағаны туралы деректі
материалдармен дәйектеп жазады.
Үш заңгер – үш аңыз деген тақырыпта қазақ құқық жүйесінің негізгі
қозғаушы күші, алтын діңгегі, құқық мәдениетін тасымалдаушы билер
тобының ұлы өкілдері, төбе билер – Төле би; Қазыбек би және Әйтеке биге
арналған.
«Адал би – әділ би» тақырыбы 4 тараушаға бөлініп, билер қаумының
бітім-болмысын ашқан.
«Би халық шежірешісі, данасы әрі заңгері» деген айдармен жазылған 5
тақырып 4 тараушаны қамтиды. Тақырып бидің әлеуметтік болмысын,
қоғамда алатын орнын оның халық санасында қалыптасқан бейнесін ғылыми
дерек көздерді қысқаша топшылау және қазақ құқық қағидасы іспеттес мәнге
ие халықтың арасында кең тараған мақал мәтелдер, қара сөздер арқылы
ашады.
Қазақ билер соты – ортақ мәдени соты атты тақырыпта ортағасырлық
Қазақстандағы билер сотын ұлттық деңгейдегі мәдени құндылық ретінде
ұсынады.
Қазақ даласында әділ соттың «Алтын ғасыры» болды ма? деп аталатын
тақырыпта «көне нысандағы» қазақ әділ сотына деген ғылыми ортадағы
пікірлерді қоғам қайраткерлерінің көз қарастарымен салыстырады. Орта
Азияның ұлан-ғайыр кеңістігін алып жатқан заңдылық пен әділ соттың
«Алтын ғасыры» ретінде танылған, тарихқа енген көшпелі өркениетінің
мұрасы – қазақ құқығының құқықтық өрісін ғылыми негіздейді.
Билер соты төрелігінің оң үлгісі аталатын тақырыпта көшпелі қазақ
қоғамындағы сот ісінің басты тұлғасы екенін және билердің әділдігі мен
даналығы халықтың бірлігінің тұғыры екендігін күрделі даулардың ұтымды
шешімдері арқылы дәлелдейді. Тақырыптың 2 тараушасында халықтың
арасында дау сипаты аңызға айналған, күрмеуі тым шырмауық, кесім
шығарған билердің даналығы мен әділдігі танымал, кесім шешімі үлгіге
айналған 10 дауды қарастыру арқылы қазақ сот төрелігінің құқықтық
табиғатын ашып көрсетеді.
Абай – ұлы билердің соңғысы және оның бітімі – биліктері туралы
мақаласында Абай Құнанбайұлы (1845 – 1904) – Шығыс ойшылдарының
өнегелі үлгілерін игерген қазақ әдебиетінің классигі, маңдай алды ақын,
кемел ойлы философ ретінде мойындай келе, оның би ретінде танылу жолын
және төбе би ретіндегі үлгі шешімдерін қарастырады. Абай биліктері мен
билік шешімдерін мысалға келтіре отырып, қазақ әдет-ғұрып нормаларының
әмбебаптығы мен елгезектігін сипаттайды.
Қазақ хандарының заң шығарушылық қызметіне шолу және оның
ерекшеліктері атты тараудың 1 тараушасы Қазақ құқығының («Жарғы»)
бастаулары және қайнар көздеріне арналған. Қазақ құқығының Жарғы негізгі
қайнар көзіне көшпелі қоғамның талаптарына бейімделген әдет-ғұрыптар,
қоғам мен мемлекет өмірінің ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерінен тез
өзгеріп отыратын әдет-ғұрып нормаларын толықтырып әрі үйлестіріп
отыратын бидің үлгілі билігі; хан заңнамасы жатқанын негіздеген. Осы
тарауда Қасымханның мемлекеттік саясатына, ұстанымына, көзқарасына
және заң шығарушылық қызметіне, заңдарының құқықтық табиғатына талдау
жасаған. 3 тараушада Есім ханның мемлекеттік және заң шығару
саласындағы қызметі аясында оның заңдарының бастаулары мен негізін
қарастырған.
Қазақ құқығы – «Жарғы» туралы» тақырыпта қазақ құқығы – қазақ
халқының және барлық көшпелі өркениеттің мәдени байлығы екенін
негіздейді. Қазақтың «Жарғы» заңдарындағы «Алтын ғасыр» ашылу тарихы
жайлы, «Жарғы» заңдарының қалыптасу ерекшеліктері туралы, көшпелі
қазақ қоғамының және әділ сотының белгісі болып табылатын билер
сотының табиғаты туралы қарастырады.
Қазақ құқығын бағалау тарихы туралы тақырыбында қазақ құқығы мен
бидің билгігін әр түрлі тұрғыдан зерттеу оларды көшпелі түркі өркениетінің
құнды мұраларының бірі ретінде сипаттайды, олардың құқықтық мәдениет
аясындағы орны мен ерекшеліктерін ашып көрсетеді.
Билердің соты бұрын халықтық болса, енді ол аппараттыққа айналды:
орыс әдебиеттерінің негізгі мотиві осындай еді деп аталатын тақырыпта
царизмнің империялық саясаты кезінде билер сотының біртіндеп, белсенді
түрде қайта ұйымдастырып, олардың сот органы аппаратына айналдырып,
империялық мүдде жолында пайдалануға бет бұрғанын жазады.
Тарихи көркем әдебиеттегі қазақ елінің әділ соты мен билер образы
жайлы көркем әдеби шығармалардан үзінді келтіріп «көне нысандағы» қазақ
құқығы, оның институты – билер соты және орта ғасырлардағы Ұлы даланың
демократиялық еркін аймағынан бастау алатын соттық билер иелерінің нақты
бейнесін сиппаттайды.
Достарыңызбен бөлісу: |