Дәурен Тастанбайұлы Әбіров 1923 жылдың 6 қазанында Жамбыл облысы, Қордай ауданының Қаракемер ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі ашаршылықтан көз жұмып, жетімдіктің зарын бір баладай басынан өткеріпті. Алғашқыда Өжет ауылында тұратын ағайыны тәрбиеге алыпты. Одан көп уақыт өтпей Алматы қаласындағы №13 жетімдер үйіне алынады. Жастайынан өнерге талпынып өскен ол 1934 жылы музыкалық-хореографиялық училищесіне қабылданады да талантты педагогтер А.А.Александров пен А.В.Селезневтен тәлім алады.
Д. Әбіров ұзақ жылдар бойы қазақ балет сахнасындағы ең жарқын және талантты бишілердің бірі болды.
Өнерсүйер қауымға жақсы таныс қызылордалық «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің негізін қаласқандардың бірі де биші Дәурен Әбіров болатын. Дәурен Әбіров қазақ биін жаңа тақырыптармен, бейнелермен байытып, қазақ биінің шеңберін кеңейтті, әрі қазіргі ұлттық-сахналық бидің негіздерін дамытып, шығармашылық ізденісте болып, ұлттық хореографиялық өнердің кәсіби жанрларына көп жаңалық енгізді. Д.Әбіровтің мейлінше қарапайым халық өмірінің халық ортасынан шыққан, шынайылығымен әркімнің жүрегіне жақын, жанына жайлы терең түсінікті билерінің бірі – «Қоштасу» (немесе «Бес қыз»). Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде бұл би үлкен рөл атқарып келеді. Д.Әбіровтің қазақ қыздарының әсем, екпінді қимылдарын көрсеткен қойылымы – «Алтынай» күй ырғағына негізделген «Алтынай» биі... «Ата толғауы» биі Н.Тілендиевтің «Ата толғау» күйіне негізделген.
Алматы хореграфиялық училищесін бітірген.
Мәскеудің Луначарский атындағы ГИТИС-нің балетмейстерлік бөлімін бітірген (1952).