21
Қызыл жебе
– Қу тіршілік, қысқа ғұмыр, алыстағы туған жер туралы, –
деді Рысқұл.
– Сіздің туған жеріңіз Талғар емес пе?
– Шымкент. Түлкібас есіткен! Сонда. Ақсу-Жабағылы біледі?
– А-а-а? Ақсу-Жабағылы?! Знаю, знаю, – деді ғалым екі көзі
алдындағы шоқтай жайнай түсіп.
«О қасиетіңнен айналайын, Ақсу-Жабағылы! Сені
Петербордағылар да біледі екен ғой», – деп Рысқұлдың іші-
бауыры елжіреп кетті.
Ертеңіне Рысқұл Дмитриевті Талғардың ең биік шыңы –
«Богатырьдің» жап-жалтыр мұзымен алып жүрді. Биіктен
қарағанда төмендегі бір қойнауда жайылып жүрген тауешкілер
ап-анық көрінді.
– Біз киіктерден де
биіктеп кеттік-ау, – деді Рысқұл.
Жоғарылаған сайын тыныс тарыла берді. Ғалымның жүруі
қиындады. Басы айналып, көзі қарауытса да, ол жанталасып
бірдеңелерді дәптеріне жаза берді, жаза берді.
– Рысқұл, – деді ғалым ентігіп, – анау табанда киік жайылып
жүрген алқап енді сенің есіміңмен аталады. Бүкіл ғылыми
кітаптарға ол жердің аты Рысқұл алқабы болып енеді. Есік өзені
сол жерден басталып жатыр ғой.
– Менің атым кітапқа жазылатындай мен қайбір ғалым едім?
– деп түсінбеді Рысқұл.
– Жоқ, туысқан, сен ғылымға ғалымнан аз еңбек сіңірген
жоқсың. Сенің еңбегің адал.
– Ондай еңбекті тым болмаса бір ешкі атып алып қайтайық –
деп Рысқұл көңілденіп қалды. Еңбегін елегенді кім жек көрсін?!
Мына орысқа қылған қызметтің неше бір көкесіндейлерін ол
өмір бойы Дауылбай мен Саймасайға сан мәртебе көрсетті. Кәне,
олардың Рысқұлды елегені? Оның еңбегін бағалағаны? Ал, мына
орыс ғалымына екі-үш күн жол көрсетіп, бірге жүріп еді, атыңды
жағрафия тарихында қалдырамын деп отыр.
Сол жолы өзі есімді алқаптан Рысқұл таутеке атып алып еді.
Достарыңызбен бөлісу: