223
Қызыл жебе
«Верный уезінің бастығына,
Жедел орындау үшін.
Облыстық басқарманың Ерекше отырысында каторгаға
айдалатын киргиз Жылқайдаров Рысқұл өзімен бірге отбасын
ала кететінін мәлімдеді.
Осыны хабарлай отырып, Облыстық Басқарма Сізден мынаны
талап етеді: Жылқайдаров Рысқұлдың әйелінен қолхат алыңыз.
Күйеуімен еріп айдауға кетуге риза ма? Егер ризашылығын
білдірген күнде түсіндірілсін: Бас түрме Басқармасының 1890
жылғы 18-сәуірде шығарылған № 10 циркуляр бойынша, қазына
ол әйелді және балаларын қаражатпен тек айдалу пунктіне
жеткенше ғана қамтамасыз ете алады. Ал күйеуі айдалу
пунктіне жеткізілген соң, әйелі мен балалары өз күнін өздері
көруге мәжбүр болады. Қазына қараспайды.
Осы жағдайға көнетін болса, ол әйелдің және балаларының
жасы, денсаулығы жөнінде толық мәлімет және қолхат алып,
тез бізге жеткізіңіз.
Вице-губернатор Осташкин».
Жас адъютант бұл қатынас хатты Верный уезінің бастығы
Сорокин мырзаға өз қолымен апарып тапсырып, хатты қабылдап
алғаны жөнінде, уезд кеңсесінің куәлендірген қағазын қалтасына
салып кері оралды. Енді Ізбайшаның әлегі басталды. Ізбайшаны
іздеуге ояздың өзі бас болып кіріскен.
* * *
Саймасай өлді екен деп сайдан су, шатқалдан самал тоқтап
қалған жоқ. Тірі пенде тіршілігін көріп, баяғыша байы бай, құлы
құл болып жүріп жатқан күндер еді. Мүсәпір халге ұшыраған
жалғыз Қалдыбек қана. Болыстың жарым ақыл ұлын бұрын бәрі
реті келген жерде шолжаңдатып, неше түрлі қылығына көнуші
еді, енді сорлының күні күн емес. Саймасайдың жан бауыры
Анарбайдан бастап, қыл аяғы қойшы-қолаңға дейін: «Ей, жынды,
о, нақұрыс, о есуас!» – деп отырса опақ, тұрса сопақ, сүтке тиген
күшіктей сүмелек етіп жіберген. Бірақ ауыш байғұстың бақыты
сол: соның бәрін елемейді, намыс білмейді, күнінің ауыр екенін
ойлап жатпайды. Арсыз, қамсыз қалпында жүре береді.