226
Қызыл жебе
«Шымкент уезінің бастығынан.
Жетісу облыстық басқармасы біздің 1905 жылы 17
желтоқсанда 18374 нөмірлі телеграммамызға жауапты
жеделдетуіңізді өтінеді. Киргизка Ізбайша Жылқайдарова өз
күйеуі Рысқұл Жылқайдаровпен бірге каторгаға баруға келісе
ме, жоқ па?
Вице-губернатор Осташкин».
* * *
Шығыс-Талғар болысын жиырма жылдан астам мекендеген
Тау-Шілмембеттен туған жері Түлкібасқа тұңғыш оралған Омар
болды. Баяғы көзкөргендердің көбі жоқ. Мұны білетіндер қатары
селдіреп қалған. Арып-ашып, қайыршылық халге жеткен Омарды
түлкібастықтар әрең таныды. Қанша айтқанмен, өз жұрты ғой,
жылу жиып, босағасынан сығылысып орын берді.
Қарақойынның қырқасындағы бұрынғы мекеннен тек шоңайна
басқан төмпешік қана қалған екен. Омар сол тоқал тамнан қалған,
сидиған қурай басқан үйіндінің үстіне шығып, бір кезде балалық
шағы, балаң кезі өткен үйдің енді моладай томпайып жатқанын
көріп, өкіріп тұрып жылады. Жылағанмен көзіңе ғана әлің жетеді,
басқа қылар дәрмен жоқ, белді бекем буып, дәт қылып, Дауылбай
болыстың алдына барып, айыбын кешуді сұрап, аяғын құшты.
Болыс та қартаяйын деген екен, бірақ тақтан таймапты. Мекені
баяғы сол Күмісбастау. Дауылбай Омарды есіркеген болды.
– Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң, – деп
мейірім білдірді. Баяғыдай ақиланбай, байсал танытады. – Жат
жарылқамас, өзің өлтірмес, басқаңды былай қойғанда, алдыма
айыптымын деп келсе, Рысқұлды да кешер едім. Есіл ер ақыры
түрмеде шіритін болған екен. Өзінен болды. Басқа ешкімнің
кінәсі жоқ. Қанша жанды азғырып, соңынан ертіп қанша қатын-
баланың көз жасына қалды. Жә, Омар, өз еліңе келген екенсің,
енді есің кірген шығар. Қолыңнан келгенше қызмет қыл да
бұйырған наныңды жеп жүре бер. Енді бұзықтардың тіліне азып,
адаспассың.
Дауылбайдың рақымына риза болған Омар басы жерге
жеткенше иіліп:
– Өле-өлгенше
құлың болып өтейін, Дәуке! – деп ант етті.