Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет113/125
Дата07.01.2022
өлшемі1,34 Mb.
#20913
1   ...   109   110   111   112   113   114   115   116   ...   125
Байланысты:
2 5364181919527341766

Қызыл жебе
Оған сонда дүниеде Дауылбайдан дархан, әділ адам жоқ сияқты 
көрінді.  Жиырма  бес  жыл  бойы  елден  безіп,  Дауылбайды  жау 
тұтып, қателескеніне өкінді. Елден жиған жылумен түтін түтетіп, 
басына лыпа тұрғызып, жұрт санатына қосыла бергенде, Омарды 
шабарман  келіп,  шапшаң  болысқа  алып  барған.  Дауылбай  бұл 
жолы алғашқыдай емес, оны ызғар шаша қабылдады.
– Ант ұрған алсай, сендердің қырсықтарың қырық есекке жүк 
болғандай. Жиырма жылдан астам құлақ тыншып еді, енді тағы 
басталды бәлелерің.
Омар түкке түсінбей «не жазып қалдым?»  деп дегбірі кетті.
–  Рысқұлдың Ізбайша деген қатыны бар ма еді?–деп сұраққа 
алды  болыс.
–  Бар, Дәуке.
–  Бар болса, сол қаншық қайда қазір?
–  О жағын біле алмадым, Дәуке. Балапан басымен, тұрымтай 
тұсымен  кеткен  бір  заман  өтті  бізден.  Мен  кеткенде  Ізбайша 
Саймасайдың інісі Анарбай болыстың адамдарының қарауында 
қалған.  Қашып  кетсе,  қайдан  білейін!
–  Алматының  оязы,  Жетісудың  губернаторы  іздеп  жатыр. 
Демек, ол жақта Рысқұлдың қатыны жоқ. Шымкент оязы арқылы 
біздің  Майлыкент  болысынан  іздетіпті.  Кылмыскер  болып, 
Алматыға  сыймай  қашқан  екенсіңдер,  Түлкібаста  нелерің  бар, 
басбұзар,  қаны  бұзықтар?  Бір  күні  сені  де  іздеген  қағаз  келіп 
әуре салар. Тыныш жатқан ел едік. Қайдан ғана келдің тентіреп! 
Кетсең  қайтеді  келген  жағыңа,  бәлең  жұғып  жүрер?
Омардың дәу денесі опырылып, көктем қарының суы бұзған 
жарқабақтай морып бара жатты.
–  Дәуке, айналайын, Дәуке, менің жазығым жоқ. Жатсынба! 
Мен  сенің  құлақ  кесті  құлыңмын.  Өлімтігімді  сүйрелеп,  әрең 
жеттім туған жеріме. Қума мені! Менің басым даудан аман. Ешбір 
шатағына қатысқан жоқпын. Қалдыр мені! Ая мен пақырды!
–  Ал Ізбайша қайда сонда? Не деп жауап беремін мына ояздың 
хатына?
–  Ізбайша бір болса, Қырғызбайдың қолында болар, Дәуке. 
Баяғы  Соқырдың  Қырғызбайын  білесіз  бе?  –  Соқыр  атын 
естігенде  Дауылбай  селк  ете  қалды.


228
Қызыл жебе 
–  Білесіз, Дәуке, сол Қырғызбай баяғыда біз елден кеткенде 
Меркеде қалған. Әлі сонда. Рысқұл інісі Молдабек те, Ізбайша 
жеңгесі де сол Қырғызбайды паналап барар-ау деп шамалаймын.
Дауылбай алдында бүк түсіп тұрған Омарды ұмытқандай, өз 
ойына өзі бөгіп отырып қалды. Кәрілік жеңе бастаған шымыр дене 
бір шөкім болып шөмиіп аянышты көрінер. Рысқұлдың қолынан 
ажал  табатын  болыс  алдымен  Саймасай  емес,  Дауылбай  еді, 
тағдыр екен, алыстағы Шығыс-Талғар управителі жер жастанды. 
Ал Рысқұл Бердіқұл ағасының кегін ұмытпай, Дауылбайға деген 
оғын  әлі  жанып  жүрсе  ше?  Түрмеде  шынжырлаулы  жатқаны 
қандай жақсы. Оның итжеккенге айдалуы Ізбайшаның табылуына 
іліктес  болып  тұр  екен.  Өкіметті  сол  Ізбайшаның  ізіне  тезірек 
салып, құтылу керек бұл бәледен. Дауылбай писаріне әмір етіп, 
оязға жауап жазды.
* * *
Аспараның Алатауы алшысынан түскен асықтайын алшайып 
тұрғалы  қай  заман?  Миллиондаған  жылдар  өткен  шығар.  Не 
көрмеген  Аспара.  Ширек  ғасыр  бұрын  Түлкібастан  босып 
шыққан жиырма үй Алсай-Сарыны да көрген. Сол жиырманың 
ішінен  Соқыр  батырдың  баласы  Қырғызбай  бұтаға  ілінген 
қаңбақтай осы Аспара бауырында қалып қойып еді. Басқалары 
Меркеге  тұрақтай  алмай  Алматы  асып  кеткен.
Әкеге тартып ұл тумас. Соқыр батырдың баласы Қырғызбай 
зұлымдық-зорлықпен ашық айқасқа жоқ, күштіменен күреспейтін, 
мықтыменен тіреспейтін жалтақ жан болды. Бауырларынан орта 
жолда бөлініп қалып, қалт-құлт етіп, текені – жезде, ешкіні – әпке 
деп жүріп, Меркенің базарында делдалдық қылып, можантомпай 
шаруа  құрып  алған.  Мекені  Аспара  болысына  қарасты  Мықан 
өзенінің бойында болатын.
Тау-Шілмембеттің  басына  зобалаң  төнгенде,  Молдабек  сол 
шала  ұмыт  болған  ағайын  Қырғызбайды  тауып,  Ізбайша  мен 
Түйметайды да ала келіп еді. Бірден Түлкібасқа тартуға батылы 
бармаған. Қырғызбай қашқын туысты паналатуға қорықса да, кет 
деп айта алмады. Тау-Шілмембеттің бар бәлесін Рысқұл өзімен 
бірге алып қалса, қалғандарына өкімет қаһарын төкпес деп өзін-
өзі жұбатты.


229


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   109   110   111   112   113   114   115   116   ...   125




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет