Шешендік өнердің пайда болу тарихы



бет8/10
Дата06.01.2022
өлшемі53,65 Kb.
#16455
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Көркемдігі. Өмірдің санс-салалы құбылыстары негізінде қорытылған философиялық-дидактикалық ой-тұжырымдар әсерлі поэзиялық форма тауып, өрелі-өмірлі, беделді де бейнелі сөз айшықтары қалыптасқан. Ұтымды ойға суарылған күш-әсері мол сөз сарасы өмірінің ұзақ болып ел есінен шықпауы бекер болмаса керек. Өйткені шешендік сөздердің қай-қайсысында болса да тапқырлық пен даналық ұштасып отырады. Екіншіден, қиыннан қиысқан шешендік сөздерді екінің бірі айта алмаған. Сол себепті тартымды да тағылымды болып келетін сөздер бірден көңілге ұялайды.

Сонымен бірге шешендік сөзердің мазмұн-мағынасы терең, дәлелді, айқын, ажарлы-айшықты болып келеді. Онда көркемдеу-бейнелеу құралдарының сан түрі кездеседі. Соның бірі – айқындау (эпитет) бір зат, құбылыстың ерекше белгісін айқындап ажарландыра түсу үшін қолданылады. Мұндай бейнелеу тәсілдері шешендік сөздерде көп. Мысалы:


Өтпес пышақ, шабан ат –

Басыңа қорлық келтірер.

Жаман құрбы әзілі

Ажалдан бұрын өлтірер.

(С.Шорманұлы)

Немесе:

Биік таудың басынан

Тұнық шыққан бұлағым.

Көкорай саздың қасынан

Тұнып шаққан құрағым, –

(Б.Әлменұлы)

деген жолдардағы эпитеттер ойды ашып, сөз суреттілігін, салмағын арттыра түскен.

Бір затты екінші нәрсемен салыстыра айтатын теңеу (сравнение) шешендік сөздерді айшықтап, көріктендіреді, мазмұнын құнарландырып байытады:


Арқаң қара нардай жауыр болсын,

Мінезің қара жердей ауыр болсын.

(Бөкен би)

Бір туысы құда-жекжаттарына бура сойып сыйлапты. Соны көрген Сапақ датқа:
Жатқан жері даладай,

Екі өркеші баладай,

Азу тісі қаладай,

Жабуы бар жамшыдай,

Құйрығы бар қамшыдай,

Бура сойған не сұмдық, –
деп термелеген екен.

Шешендік сөздерде ауыстыру (метафора) тәсілі арқылы да сөздің әсерін күшейтіп, мазмұнын тереңдетіп отырған.


Қайрат деген қыран бар

Қайғыға тізгін бермейтін.

Қайғы деген жылан бар

Өзекті шағып өртейтін –

(Байдалы шешен)

деген жолдардағы қыран мен жыланды жанастыра бейнелеп айту – шеберлік.

Өзара шектес ұғымды тұспалдап жеткізу яғни шартты сөздерді бірінің орнына бірін қолдану – алмастыру (метонимия) да шешендік сөздерге тән. Мәселен, Төле биге сәлем беріп, сөзін тыңдауға келген Қазыбектің сөзіне Төле би разы болады. Сыпайылықты сақтай отырып Қазыбек те сауал қояды:

– Алысыңыз қандай?

– Алысым жақын болды.

– Тәттіңіз қандай болды?

– Тәттім шырын болды.

– Несиеңіз қандай?

– Несием шүкір, өніп жатыр.

Ауылына келген соң Қазыбектің қасындағы адамдар Төле би екеуінің сөздерін түсінбегенін айтады. Сонда бұл сұрақ-жауаптардың сырын Қазыбектің өзі айтқан екен:

– Төкеңнің “алысым жақын болды” дегені – қос жанарын айтқаны. “Тәттім шырын болды” дегені – ұйқысының қашқанын білдіргені. “Шүкір, несием өніп жатыр” дегені – балаларының жақсы бағып, жақсы күтіп отырғанын түсіндіргені, – депті.

Айтар ойды астарлап, бір нәрсені басқаша сипатта екінші нәрсенің баламасы ретінде көрсететін бернелеуді де (символ) шешендік сөздерден ұшыратамыз. “Символдың көркемдік қасиеті ондағы суреттеу тәсіліне тән шарттылықтан, астарлы мағына туғызудан келіп шығады” (З.Ахметов). Уәлихан қайтыс болғанда Байдалы шешен жаназаға келе алмапты. Бір күні Айғанымға көңіл айтуға келген Байдалы өзінің келе алмаған себебін былай жеткізген екен:
Ер қартайды, мал тайды,

Екеуледі, ей, ханым.

Қатын жалқау, ұл ынжық,

Төртеуледі, ей, ханым.

Келін қатал кер болды,

Ағайын жат ел болды,

Алтаулады, ей, ханым.

Кәрілік пен кедейлік

Егіз келді, ей, ханым.

Мұның бәрін санасаң,

Сегіз болды, ей, ханым.

Қаусаған жақ, иек бар,

Саудыраған сүйек бар,

Ауыл алыс жер болды,

Тоқсан темір тор болды,

Оннан асты, ей, ханым.

Шығар жолды осыдан

Өзің тапшы, ей, ханым.
Астарлай отырып айтқан сөздің мағынасы терең әрі әсерлі.

Айтар ойлы көңілге ұялатып, тартымды әсер тудыру үшін шешендік сөздерде әсірелеу де ұшырасады. Бірақ фольклордың басқа жанрларына қарағанда шешендік сөздерде онша көп кездеспейді. Бала бидің “Қарақасқа жорғаны қалауында” мынадай жолдар бар:


Шыныдай мұзға салсаң да,

Тас тұяғы таймайтын

Құбылып басып ойнайтын...

Тұғырдан ұшқан тұйғындай

Деп екпінін ойлайтын .

Қарқынынан таймайтын

Жыл мінсең арып-талмайтын, –
дейді. Мұндай асыра айту тосын әсер тудырады.

Жаман мен жақсыны қарама-қарсы қойып, шендестіре (антитеза) айту тәсілі де шешендік сөздерден табылады. Бұл да сөздің әсерлілігін арттыратын амалдың бірі. Мысалы:


Бала жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!

Атың жаман болса,

Шыбын жанның азабы емес пе!

Қатын жаман болса,

Бұл жалғанның тозағы емес пе!

Туған балаң жақсы болса,

Тән мен жанның шырағы емес пе!

Мінген атың жақсы болса,

Бұл дүниенің пырағы емес пе!

Алған жарың жақсы болса,

Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе!

(Қазыбек би)

Шешендік сөздерде дамыту (градация) арқылы бір ойдан екінші ойды асыра еселей айту да байқалады.

Сөз мәнісін білмеген –

Ел мәнісін білмейді.

Ел мәнісін білмеген –

Жер мәнісін білмейді.

Жер мәнісін білмеген –

Ер мәнісін білмейді.

Ер мәнісін білмеген –

Бар мәнісін білмейді.

(Б.Әлменұлы)

Ойды сатылап сабақтастыра дамыту тыңдаушыны еліктіріп, баурап отырады.

Шешендік сөздердегі көркемдік тәсілдің бірі – қайталау. Бұл бір нәрсеге не құбылысқа тыңдаушының назарын аудару. Екінші жағынан – сөздің саздылығын арттырып, тартымдылық дарытады.



Қас тентекте ми болмас,

Қас жүйрікте күй болмас,

Қас жақсыда кек болмас,

Қас жаманда тек болмас. –
деген мысалда басқы дыбыстары дауыссыздан басталса, соңғы сөздері де қайталанып отырады. Осы арқылы ой мен ұғымның мәні тереңдей түскен.

Шешендік сөздердің көркемдік-бейнелеу құралдарының алуан түрі кездеседі. Олар айтылар ойды толықтырып анықтайды және әрлендіріп, әсерін арттырады. Сан түрлі өмір құбылыстарын бір-бірімен салыстырып, бір-біріне балай отырып айтқан даналық сөздер көп көңілінен шыққан. Шешендік сөздер кездейсоқ айтыла салмаған. Ол ой айқындығы, сөз дәлдігі, тіл байлығы, мазмұн тереңдігімен баурайтын дәмді-мәнді сөздер.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет