Аса шауып буланса.
Жайқын көл батпақ атанар, –
Айдыны құрып суалса.
Бәйтерек сабау көрінер, –
Жапырағы түсіп қуарса.
Бір азғана сөйлейін, –
Әлеумет, сізге ұнаса!20 –
деп шешендік сөздердің табиғатына үңіледі.
С.Сейфуллин шешендік сөздердің жанрлық ерекшелігіне яғни олардың ұйқасқа құрылатынын айтады. “Әр нәрсенің жайын тақпақтап, жырмен айта берген”, – дейді. Шешендік сөздер мен мақал-мәтелдердің байланысына тоқталып, мақал-мәтелге айналған сөздерді жеке топтастырады. Би-шешендердің қандай адамдар екендігі жөнінде де дұрыс қорытындыға келеді. “Елдің ескі тұрмысының тәжірибе екшенді қорытынды, түйінді сөздерін, заңдарын, ру шежіресін, салт-дәстүр ережелерін, сана, тәрбие нақылдарын, үлгі-өнегелерін – бәрін өзгелерден артық білген адам, сол елге айрықша “қадірлі” болған”21, – деуі осыны аңғартады.
Сәкен бұрынғы би-шешендердің атқаратын функциясын дұрыс аңғарып, олардың қоғамдық-әлеуметтік орнын жоғары бағалайды. “Бір нәрсеге даулы болған екі адам дауын бітіруге, заң ережелеріне жетік тәжірибелі адамдардың алдарына келіп, солардың “төрелігіне”, билігіне жүгінетін” десе, енді бірде би мен батыр таразының екі жақ басына түскенде биді дәріптейтін болған:
Батыр деген барақ ит,
Екінің бірі табады.
Би деген ақ шариғат,
Ілуден біреу шығады. –
деген сөз елге жайылған”, – деп түсініктеме береді.
Қазақтың шешендік нақыл-ақыл сөздері мен мақал-мәтелдерін мол қамтыған, топтастырып сипаттама жасаған бұл еңбектің мәні жоғары. Алайда халық мұраларының кейбіріне таптық тұрғыдан баға беруі сол тұстағы методологиялық ұстанымдарға байланысты екенін айтуымыз керек.
Шешендік сөздерді арнайы зерттеген адамның бірі – Әмина Мәметова. Ғалым “Қазақ билерінің шешендік сөздері және оның әдебиеттегі тарихи орны” (1945) деген кандидаттық диссертация жазса, 1948 жылы жарық көрген “Қазақ әдебиеті тарихына” шешендік сөз туралы арнаулы зерттеу жазып, шешендік сөзді халық мұрасы ретінде бағалайды. Шешендік сөздерді жіктеу мен жанрлық ерекшелігін қарастырады.
1960 жылы шыққан “Қазақ әдебиетінің тарихының” бірінші томының бірінші кітабында “Шешендік сөздер” атты тарауды филология ғылымдарының кандидаты Балтабай Адмабаев жазады. Ол шешендік сөздердің зерттелуіне назар аударып, олардың әлеуметтік мәніне тоқталады және мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш түрге бөледі.
Зерттеуші өзі жіктеген шешендік сөздердің үш түрін жеке-жеке қарастырады. Шешендік арнау, толғау, дау сөздердің қандай жағдайда айтылатынын сөз етеді және әрбіріне мысалдар келтіреді. Сондай-ақ бұл үш түрдің әрбірін іштей бірнешеге бөліп, оларға қысқаша сипаттама береді.
Автор осы еңбегінің негізінде “Халық даналығы” (1976) атты зерттеуін жариялады. Онда шешендік сөздердің жанрлық табиғаты, жасалу, даму жолдарын қарастырады. Мазмұны, құрылысы және көркемдік ерекшеліктерін анықтайды.
Профессор Сұлтанғали Садырбаев “Қазақ халық әдебиеті” (1990) атты хрестоматия-оқу құралында шешендік өнердің қазақ елінде кең қанат жаюының екі түрлі себебін атап көрсетеді. Бірі – табиғаттың сұлулығы халықтың көркемдік көзқарастарының жоғары дәрежеде қалыптасуына әсер етсе, екінші – ол кезде заң және қоғамдық ережелердің барлығы ауызша шығарылып, тарағаны себеп болған деп біледі.
Сонымен бірге қазақтың шешендік сөздерін тегі мен түріне қарай төмендегіше жіктейді:
1. Саяси-әлеуметтік шешендік сөздер:
- Патриотизм сарынындағы елдің рухани көсемдерінің сөздері.
- Көрші мемлекеттермен саяси қарым-қатынас мәселесін шешуге арналған елшілердің сөздері.
- Шаруашылық-әлеуметтік мәселелерді талқылау.
- Заман туралы философиялық толғау сөздер.
2. Шешендік дау сөздері:
Жер дауы, жесір дауы, құн дауы.
Адамның ары мен ұжданына қысым жасалғанда, оларды қорғау, үкім шығару, билік айту.
Ру мен рудың, тайпа мен тайпаның арасындағы барымта, тартыс.
Хандардың, феодалдардың психологиялық және экономикалық үстемдігіне қарсы кедей-шаруылардың наразылық білдіруі.
3. Тұрмыс-салтқа байланысты айтылатын шешендік сөздер:
арнау сөздер.
Қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана тойларында айтылатын шешендік сөздер.
Үй ішіндегі семьялық мәселелерді талқылау.
Ас пен тойдағы салтанатты сөздер.
Ата-аналардың баталары.
Жақсылық, жамандық туралы ойшылдардың сөздері.
Әдет-ғұрып заңдары.
Шешендік сөздер неғұрлым тұжырымды, логикалы болса, соғұрлым мақсат-мұратқа жетеді деп санайды.
“Қазақ фольклорының тарихы” (1991) деген оқу құралында ғалым Әуелбек Қоңыратбаев шешендік сөздердің табиғаты мен қызметіне қысқаша сипаттама береді. Шешендік сөздерді заңдық, нақылдық, философиялық, сатиралық деп жіктейді.
Тәуелсіз ел болғаннан кейін шешен-билер айтқан аталы сөздерді жинап, жариялауға кеңінен мүмкіндік туды, жаңа зерттеулер жазыла бастады. Солардың бірі “Үш пайғамбар” (1992) деп аталады. Кітапқа ақын Аян Нысаналының “Төле би”, жазушы Сопы Сматайдың “Қаз дауысты Қазыбек”, жазушы Әбіш Кекілбайдың “Әйтеке шешен” атты мақалалары топтастырылған.
Ел басына екі талай күн туған шақта хан мен қараға ықпал жүргізіп, бүкіл ел мен жерінің бірлігі мен тірлігі үшін көсемдік те, шешендік те таныта білген Төле Әлібекұлы (1663-1756), Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764), Әйтеке Бәйдібекұлы (1666-1722) сынды үш би-шешеннің өмірі мен қоғамдық қызметі жан-жақты қамтылады. Әсіресе дала демократиясын негізге алған “Жеті жарғы” заң нормаларының өмірге келуіне үш бидің қосқан зор үлестері көрсетіледі. Қазақ қоғамын тұтастыққа, бірлікке үндеген бұл ереже қағиданың мән-маңызы ашылады.
Атақты үш би туралы “Жеті жарғыны” жасақтаған билердің сіңірген еңбегі зор. Оны жасақтап қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асыруда Төле, Қазыбек, Әйтеке айрықша орын алады. Олардың есімінің әлі күнге ел есінен шықпауы да – соның айғағы. Олар жасаған жүйе ұланғайыр кеңістікте табиғат райына қарай, көшіп-қонып жүрген қазақ тайпаларын бір одаққа біріктіру тұсында өзін-өзі әбден ақтады”, – деп тұжырымдайды. Сондай-ақ үш бидің өмір сүрген дәуіріндегі қоғамдық өмірдің тарихи оқиғаларына да назар аударылады.
Фольклоршы Нысанбек Төреқұлов пен Мұхтар Қазбеков құрастырып шығарған “Қазақтың би-шешендері” (1993) жинағының да орны ерекше. Екі кітаптан тұратын бұл еңбекте ХІІІ-ХІХ ғасырларда ғұмыр кешіп, еңбек еткен елуден астам би-шешендердің өмірбаяны мен дау-дамайлар, тартыс-таластарды шешу кезінде айтқан билік-төрелік сөздері және мазмұны терең ақыл-нақыл тұжырымдары қамтылған. Жинақтың ойға жетелейтін ғибратқа толы танымдық мәні зор.
“Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері” (1996) атты оқу құралында профессор Ж.Дәдебаев шешендік өнер табиғатын саралайды. Ғалым шешен талантының даралық сипаты, қазақ шешендік өнерін жасаушылардың байырғы өкілдерін қарастырады. Қазақ шешендік өнерінің бастау көзі ретінде біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырда жасаған скиф Анахарсистің даналық сөздерін талдайды. Оның үздік ой-тұжырымдарының қазақ шешендік өнеріне қатысын зерделейді. Өйткені скифтердің Орта Азия халықтары, солардың ішінде қазақ халқының қалыптасуында да үлкен орны бар екенін ескере келіп, Анахарсистің шешендік толғамдары мен қанатты сөздерінің қазақ шешендік өнеріне қатысы бар деген орынды пікір ұсынады.
Сонымен бірге оқу құралында Төле би мен оның заманы туралы және ел басқару ісіндегі кейбір тың деректерге сүйене отырып, бүгінгі әдебиеттану талабы тұрғысынан баға береді. Ал Бөлтірік Әлменұлының шешендік мұрасын айтылу мақсатына қарай шартты түрде 1) ділмар сөз, 2) билік сөз, 3) нақыл сөз деп жіктейді және шешен сөздерінің көркемдік-эстетикалық мәнін ашады. Бөлтірік шешеннің өмірі мен өнегесі үш өлшемге (тереңдік, айқындық, жүйелілік) негізделгенін айқындайды.
Автор әлеуметтік қызметі жағынан шешендік өнер қазақ даласында бірнеше қоғамдық ойдың міндетін қатар атқарғанын айта келіп, қазақ шешендік өнерінің қалыптасып, дамуына ықпал еткен бірнеше факторлар болғанын айтады.
Сонымен шешендік сөздің айтылу мақсаты – тыңдаушысының ойын оятып, жүрегін тербеу, толғантып, тебірентіп не болмаса жанын түршіктіріп, жүрегін шошытып, ақырында оны өз дегеніне көндіру, – деп тұжырымдайды.
Ұлттық шешендік өнердің болмысын жан-жақты қарастырған еңбектің бірі – Серік Негимовтың “Шешендік өнер” (1997) деп аталатын оқу құралы. Ғалым алдымен шешендік өнер тарихынан мәлімет береді, шешен сөйлеудің сыры жайында байлам-топшылаулар ұсынады. Бұл жөнінде мынадай мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігін ескертеді: 1) Лингвистикалық жағы яғни тілдік-образдық жүйесі; 2) психологиялық яғни сөйлеу мен аудитория тәртібінің арақатынасы; 3) әлеуметтік немесе шешен сөйлеу әлеуметке ықпал жасаудың құралы екені.
Автор қазақ халқының рухани-мәдени тарихында із қалдырған Жиренше, Асан қайғы, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым, Ақтайлақ би, Бөлтірік, Абай сынды шешен-билердің қысқаша өмір жолдары мен әділ биліктері, даналық-шешендік сөздері қандай жағдайға байланысты айтылғанына назар аударады.
Оқу құралында ұлттық шешендік өнер ғылымының қалыптасуы мен дамуына, шешен сөздің жанрлық түрлеріне (лекция, баяндама, жарыс сөз) тоқталады. Сондай-ақ шешендік өнердің тектерін а) әлеуметтік-саяси тақырыптағы шешендік; ә) әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы майталмандық деп жіктейді де, бұлардың әрқайсысын бірнеше түрлерге бөледі. Ауызша шешен сөйлеудің табиғаты, сөзді айтудағы дыбыстау мүшелерінің қызметі, шешеннің сыртқы түр мәдениеті мен тақырып таңдау, материал жинау, конспект жасау сияқты шешен сөйлеуге қатысты мәселелер де оқу құралынан орын алған. Билер сөзінің бейнелілік сипаты мен ондағы дәлдік, айқындылық жоғары деңгейде көрінетінін нақтылы мысалдар келтіре отырып талдаған.
Сонымен, “Сөйлеу мәдениетінің ерекше белгісі – сөздің дұрыстығы мен дәлдігі. Ол – анық ойлаудан, биік дүниетанымнан туады”, – деп түйеді.
Филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбайдың “Үш тоғыс” (2003) зерттеуінің “Өнер алды қызыл тіл” дейтін бөлімі шешендік сөздерді саралауға арналған. Шешендіктің басты ерекшелігіне тапқырлық пен шапшаңдықты жатқызады. Өйткені шешендік сөз айтылған ойға әрі қисынды, әрі жедел жауап қайтара білуі қажет деп есептейді. Шешендік өнер көріп-білумен, сол білгенді көкейге тоқумен талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығуға байланысты қалыптасатын шеберлік екенін ұғындырады. Ақын-жыраулардың толғау, терме, айтыстарын шешендік сөздердің алғашқы қайнар көзі ретінде қарайды.
Зерттеуші шешендік сөздерді төрт түрге бөледі және олардың әрқайсысын бірнеше салаға жіктейді. Олар:
1. Шешендік арнаулар: а) бата; ә) әзіл-оспақ; б) сыни сөз; в) естірту; г) көңіл айту; ғ) жұбату; д) сәлем сөз.
2. Шешендік толғаулар: а) нақылдар; ә) мақал-мәтелдер; б) жұмбақтар; в) мысалдар; г) жауаптасу; ғ) қанатты сөздер.
3. Шешендік даулар: а) ер құны дауы; ә) жер дауы; б) жесір дауы; в) мал дауы; г) ар-намыс дауы; ғ) халықтық намыс дауы.
4. Шешендік суырып салмалық: а) айтыс; ә) суырып салмалық; б) бірқақпайлар; в) аңыз бен қалжың-оспақ.
Автор шешендік сөздерді осылайша жіктеп, әрбіріне қысқаша сипаттама береді. Оны халық даналығынан туған мұра ретінде қарайды.
Зерттеуші Ақамарал Лаубаеваның қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәнін қарастырған еңбегі «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәні» (2005) деп аталады. Автор би-шешендердің ұстанған эстетикалық нысаналары мен шығармашылық концепцияларына назар аударған.
Соңғы кездері би-шешендердің сөздеріне көбірек назар аударыла бастады. Олардың өмірбаян мәліметтері тың деректермен толықтырылды. Шешендік сөздерді топтастырған бірнеше жинақтар шықты, жаңа зерттеулер жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |