Шешендік өнердің пайда болу тарихы



бет7/10
Дата06.01.2022
өлшемі53,65 Kb.
#16455
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Шешендік өнердің пайда болу тарихы

Аға болып алдымен туасың,

Барымталап жылқымды қуасың, –
десе, Төле би оған:
Артымнан ерген еркемсің,

Ағаңның көзі тірісінде

Жеңгеңді неге ертесің? –
деп өкпе айтады. Екі би ұзақ сөз жарыстырады. Сонда ортадан Әйтеке би тұрып:

– Сабыр етіңдер, ағалар! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.


Ашу деген – ағын су,

Алдын ашсаң, арқырар.

Ақыл деген – дария,

Алдын тоссаң, тоқырар.

Кісі бірге туыспау керек,

Туысқан соң сөз қуыспау керек.

Сөз қуған пәлеге жолығады,

Жол қуған олжаға жолығады,

Төле, сен жылқысын қайыр!

Қазыбек, сен жесірін қайыр! –
деп екі биді келістіріпті.Ел Әйтекенің бұл билігіне разы болып, екі жағы бітімге келіпті.

Бұрынғы қазақ қоғамында ру аралық тартыс, түрлі ала ауыздық, біруге біреудің істеген қиянаты салдарынан кейде адам өлімі де болып тұрған. Мұндай жағдайда би-шешендердің төрелігіне жүгініп құн дауы басталған. Шешімі қалай, кесімі қанша болуы керек дейтін мәселені би-шешедер таразылап белгілеген. Кінәлі айыпты болады, қайтыс болған адамға құн төленеді. Билердік әділ биліктерінің нәтижесінде ел арасы ымыраға келеді. Дәлелді де дәйекті, қисынды сөзге тоқтаған. Мәселен:

Ерте заманда Арқадағы екі ауыл арасында жанжал шығып, мұның арты мүлдем ушығып кетеді. Тоқсан деген кісінің жалғыз ұлы қаза болады. Баласының құнын сұрауға Тоқсанның өзі аттанады. Бұларды үйінде қарсы алған Ізбасты би құныкерлердің бетін қайтару үшін Тоқсанға:

– Құлағы жоқ шұнақ би, құйрығы жоқ шолақ би, екі рулы елді араздастыруға келдің бе? – дейді.

Сонда Тоқсан тұрып:
Құлағым жоқ болса,

Сұңқар шығармын.

Құйрығым келте болса,

Тұлпар шығармын.

Уа, ешкі егіз табады,

Ит сегіз табады,

Доңыз тоғыз табады.

Сен тоғызыңмен толған екенсің.

Әбден қырсық болған екенсің.

Сенің тоғызыңды аламын десе,

Тағдырдың шамасы жоқ па?

Маған перзент берейін десе,

Баласы жоқ па? –

деп жауап береді.

Шынында Ізбасты бидің тоғыз ұлы бар екен дейді. Ол Тоқсанға қисынсыз тиіскенін біліп, айыбын мойнына алады. Өршігелі тұрған дау бейбітшілікпен тынады.

Шешендік даулардың қай-қайсысы болса да белгілі бір себептен туындап отырған. Ел ішіндегі түрлі талас-тартысты бітіретін би-шешендер қара қылды қақ жара сөйлеген. Жөн-жүйе, әділ билік арқылы екі адам не екі ру арасын келісімге келтірген, тыныштандырған.

Ал ел мен ел арасында болатын елшілік-келісім сөздерде елші өз елінің ар-намысын қорғауы тиіс. Мұны ар-намыс дауы дейді. Себебі ол бүкіл халық атынан, дербес ел атынан сөйлейді. Өз халқының намысын жоқтап, солардың көкейіндегісін айтатын әділет жоқшысы болып саналады. Сондықтан елшіге ақпа-төкпе шешендік те, арыдан көретін көсемдік те қажет. Осындай ар-намыс дауының бірі – Қазыбектің қалмақ қонтажысына айтатын сөзі.

Қалмақтардың шабуылында қолды болған мал-жанды қайтаруға Тайкелтір би бастаған бір топ елшілер аттанады. Солардың ішінде атшы ретінде барған Қазыбек те болады. Қалмақ ханы Тайкелтір бидің кішірейе сыпайы сөйлеген сөзіне ыңғай бере қоймайды. Елшілердің ішінен басқа ешкім ештеңе айтпайды. Кек тұтанып, намыс буған Қазыбек орнынан атып тұрып қонтажыға жақындап:


Біз қазақ деген мал баққан елміз

Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз.

Дәм-тұзымызды ақтай білген елміз.

Асқақтаған хан болса,

Хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,

Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды,

Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ болсаң, біз – қазақ

Қарпысқалы келгенбіз.

Сен темір болсаң, біз – көмір

Еріткелі келгенбіз.

Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз,

Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз.

Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан болсаң, мен – арыстан,

Алысқалы келгенбіз.

Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз.

Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз.

Берсең, жөндеп бітіміңді айт

Не тұрысатын жеріңді айт! –
деген екен.

Қазыбектің бұл сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Алдымен қазақ елінің өздігінен ешкімге тиіспейтін достыққа адал, жауға қатал екенін айтып өтеді. Алысатын білегі, арбасатын жұрегі бар тереземіз тең дегенді ұқтырады. “Құл боламын деп ұл тумайды, күң боламын деп қыз тумайды” деп сес көрсете сөйлейді. Ар-намыс үшін алысуға да, табысуға да дайын екенін айтып, таңдауды өзіне тастайды. Қазыбектің елдік пен ерлікті таныта сөйлеген сөзінен сескенген қалмақ ханы амалсыз бітім жасайды. Қазақтан олжалаған мал мен жанды түгел қайтарып береді. Сөйтіп, Қазыбек елдің ар-намысын қорғап, есесін алған екен.

Жеке адамдар арасында болатын талас-тартыстан екі ел арасындағы мәмілегерлік-елшілік сөздерге дейін қамтитын шешендік дауларда жалынып-жалпақтаудан гөрі таразы басын тең ұстап сөйлесу қажет. Себебі “дау мұраты – ұту”.

Шешендіктің басты ерекшелігі – табанда тауып айтар тапқырлық. Шешендік сөз ұтымды логикаға құрылған мағынасы терең, әрлі де нәрлі болып келеді. Бұлтартпастай дәлелді айтылуы қажет, тыңдаушыны мойындата, ұйыта білуі керек. Қуатты да құнарлы ойдың бояуын кетірмей, көркем тілмен тыңдаушыға жеткізе білу нағыз шешендік өнер болып есептеледі. Шешен-билердің “ердің құнын екі ауыз сөзбен шешуінің” бір сыры – осында.

Қазақтың би-шешендері қағазға жазып сөйлемеген. Олардың өнері импровизациялық тәсілді тірек ететін ақындықпен ағайындас. Топты жара толымды да қонымды сөйлегенде айтар ойынан жаңылмаған. Халықтық қасиетті қалқан етер білім-білігі, мол тәжірибесі, терең дүниетанымы, ұшқыр ой-сезімі табанда тауып, іркілмей айтуына мүмкіндік берген. Оның үстіне құлаққа жағымды әсерлі дауыспен айтылған жүйелі, бейнелі сөздердің эмоциялық-эстетикалық, тағылымдық мән-маңызы арта түсетін болған. Сондықтан халық би-шешендерді нағыз өнерпаз ретінде қадірлеген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет