Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Езге айтқан тура сөз
Құмға сіңген сумен тең, –
деуі осыны аңғартады.
Өмірдің өз қажеттілігінен туған шешендік өнер халықтың қоғамдық-әлеуметтік жағдайларына байланысты қазақ елінде кеңінен дамыған және оның бірнеше факторлары болған. Олар:
Халықтық әдет заңы жүйесі;
Халықтық сот билігі жүйесі;
Халықтың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты;
Халықтың ақындық, жыраулық өнері;
Халықтың айтыс өнері;
Халықтың тарихи тағдыры мен дүниетанымы.6
Шешендік өнер халықтың әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарған. Көпшілікті сендіре, иландыра айтылған шешен-билер сөзі үкім ретінде қабылданып, елдің ішкі бірлігінің нығая түсуіне де әсер етіп отырған. Шешен көптің бірі емес, білімділік, ақылдылық, ділмарлықтың басын қосқан дана тұлға “Өзінің сөзімен қылмысты және алдамшы айыпкерлерді адамдарға жек көрсетіп, жазалап құлатады, ал өзінің дарын күшімен кінәсізді соттан және жазалаудан арашалай алады. Ол жасқаншақ және жалтаң халықты ерлікке жігерлендіреді, оны адасудан алып шығады. Жексұрындарға қарсы кекті тұтандыра алады, парасатты ерлерге қарсы күншілдікті өшіреді, ақырында ол бір ауыз сөзімен, жағдай талап еткенде, адамның қандай болмасын құмарлық сезімін қоздыра да, баса да алады”7.
Шешендік те ақындық сияқты шындықты батыл да батыра айтуымен ерекшеленеді. Мәселен, ел жақсылары бас қосқан бір үлкен жиында Тезек төре Бөлтірікті жақтырмай, үй иесіне: “Жағы тыным таппай отырған мына заржағың кім еді?” – деп, білсе де білмеген болып сөйлейді. Сонда Бөлтірік:
Менің атым – Бөлтірік,
Шаршы топта сөйлеймін.
Қара нөсер төктіріп,
Бұзық пенен тентекті
Айдауыма көндіріп,
Қара аспанды басына
Қара тастай төндіріп.
Айтыспақ ойың бар болса,
Кетемін сөзбен өлтіріп,8 –
деп уытты сөзбен буған екен.
Қазақ шешендері арнаулы мектептен өтпесе де, көпті көрген, көпті білетін қариялардан, белгілі шешендерден тәлім, үлгі-өнеге, бата алған. Алдымен бата алуға келген талапкерді сынап көрген, сөзге тартып сауал қойған, қабілет-қарымын байқаған. Содан кейін ғана тілектестік білдіріп, ықыласын берген. Мысалы, Жанқұтты шешен он жеті жасында беделді би Шабанбайға:
– Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? – деп сұрайды. Сонда Жанқұтты:
Адал болсаң, судай бол,
Су арамды кетіреді.
Мықты болсаң, жердей бол,
Жер жаһанды көтереді, –
дейді. Жауабына разы болған би Жанқұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде ризалығын білдіріп:
Аллаңа жағам десең, азанды бол,
Ағайынға жағам десең, қазанды бол.
Халқыңа жағам десең, әділ бол,
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Аймағың суат болсын,
Сөзің халқыңа қуат болсын!9 –
деп батасын беріп аттандырған екен.
Бұл – белгілі шешен бидің даналық сөзі. Осы шағын ғана бата-тілектен халқымыздың кемеңгер-кеңдігі мен тәлім-тәрбиесі анық аңғарылады. Сөз өнерін қуған жас талапкерге бұдан артық қандай ақыл-кеңес болуы керек?! Бұл – кез келген адамның көкейіне қонатын сөз.
Қазақ шешендерінің сөздері ауызша айтылып, халық жадында сақталған. Дер кезінде хатқа түспегендіктен, олар бастапқы қалпын сақтаған деп айту қиын. Шешендік сөздерді әу баста жеке адам айтқанымен, кейін ауызекі тарап, көптің елеп-екшеуінен, өңдеуінен өткен, біртіндеп халықтық мұраға айналған. Осыған орай шешендік сөздер бірнеше нұсқалы болады. Басқаша айтқанда, кейбір шешендік сөздер әр адамның атынан айтыла беретіндіктен, бірнеше нұсқада кездеседі.
Би-шешендердің жауға қару, дауға дәру болған өнегелі ойлары таңғажайып тапқырлықтары шешендік айтыс, билік-бітімдерде туып дамыған. Сондай-ақ көпті көріп, көпті білетін дана да даңғыл, ұшқыр ойлы қарттардың келелі кеңесте төгілдіре айтатын өнеге-өсиет сөздері аз болмаған. Сондықтан халқымыз ұтымды сөзге ұйып, тапқырлыққа тағзым еткен. Қарпи айтқан қанатты сөздерді жадында сақтап, асыл қазынасына балаған.
Шешендік сөздерді мазмұнына қарай (шартты түрде болса да) шешендік арнау, шешендік толғау және шешендік дау деп үшке бөледі.10 Шешендік арнау белгілі бір адамға арнайы айтылған сөздер шешендік арнауға жатады. Бірде Наурызбай болыстың үйіне Досбол шешен барыпты. Үй иесі көптің алдында Досболдың үстіндегі жұпыны киімін мазақ ете сөзбен қағытады. Сонда Наурызбайдың мұқатқанына шыдай алмаған Досбол былай депті:
Достарыңызбен бөлісу: |