Шығармашылық жазба жұмыс түрлері. Жазба жұмыс үлгілерін жаз. Көркем әдебиетті түйсініп, оның мән‑мағынасын жете ұғынуға мәтінмен жүргізілетін ауызша жұмыстарымен қатар, жазба жұмыстарының да мәні үлкен. Оқушылардың ой белсенділігін, шығармашылық қабілетін дамытусияқты күрделі міндеттерді орындауда оларға жазбаша жұмыс орындату қажет‑ақ. Шығармашылық дегеніміз адамның белсенділігі мен дербес іс‑әрекетінің ең жоғары формасы делінген Педагогикалық энциклопедияда.
Шығармашылық жұмыстар түріне мазмұндама, шығарма, аннотация, рецензия, баяндама, реферат әдеби монтаж жасау секілді жұмыс түрлері енеді. Солардың ішінде сабаққа тікелей қатыстысы және жиі орындалатыны - мазмұндама мен шығарма. Мазмұндама көбіне, әдебиеттік оқу сабақтарында жүргізіледі. Бұл оқушылардың ауызша мазмұндай алуымен тікелей байланысты. Мектепте бастауыш сыныпта‑ақ, оқушылардың белгілі бір мәтінді мазмұндап, сұраққа жауап беру дағдылары үйретіледі. Бұл жұмыс үстінде оқушылардың сөйлемді дұрыс құрай алуы, ойын тиянақты жеткізуі, дұрыс жауап бере алулары бақыланады. Мазмұндама жұмысына дайындық кезінде мәтін оқылып, мазұндалып, меңгерілгеннен кейін, оның жоспары құрылады.
Б. Бұлқышев. Шығыс ұлына хат.
1) Арнау хаттың сыры.
2) Автор толғанысы.
3) Ел қорғауға аттаныс.
4) Халық батырларын еске алу.
5) Автор түйіні.
Егер мәтін көлемді болса, оның бір бөлігіне ғана мазмұндама жаздыртуға болады. Мәселен, Ғ. Мүсіреповтің Ақлима әңгімесінің сюжеті алыстан келген жауынгер хатына байланысты. Әңгімені мынадай бөлімдерге бөлуге болады:
1) Жауынгер хаты.
2) Хаттың сыры.
3) Ана шешімі.
Шығарма жаздыруға мынадай талаптар қойылады
Шығарма саяси, ғылыми, танымдық, әдеби, публицистикалық болып жіктеледі.
Әдеби туындылар жайындағы шығармаға негізінен көркем туындыларды талдауға құрылатын шығармалар жатады. Олар бағдарламалық шығармаларды қамтиды. Еркін тақырыптағы шығармаға оқушылардың өмірден, айналасынан көргендері одан алған әсерлері, арман‑мақсаттарының бейнеленуі жатады. Ең бастысы, шығарманың қай түрінің де шығармашылық еңбек екені ескерілу керек. Шығармаға дайындық қалай жүргізілу керек. Алдымен, шығарма бағдарлама бойынша жоспарлы түрде өтеді. Оқушыларға шығарма жазатындары ескертілу керек. Шығармаға арқау болатын тақырып оқушылардың жас ерекшелігіне сай алынады. Оқушыларға шығарма үшін ұсынылатын тақырып белгілі, оқушылардың мағлұматы бар тақырып болғаны дұрыс. Яғни, бағдарламада көрсетілген, оқушылардың өздері сыныпта танысқан, талдаған мәселелері алынады. Мұғалім алда шығармаға арқау болатын тақырыпты өту кезінде, ауызша сұрау, сұраққа жауап беру, жазбаша шағын тапсырмалар орындау, мәтінді бөлімдерге бөлу, ат қою, жоспар жасау секілді жұмыс түрлерін атқару керек. Сонда оқушы көркем туындының мәнді тұстарына назар аударып, негізгі ойды жинақтап, өз пікірлерін айта білуге дағдыланады.
Әрине, мектеп оқушысының ауызша сөйлеуі мен жазбаша жұмыс орындауы тең түсіп жатпайды. Кейде ауызша жауапқа жүйрік бала, жазбаша ойын жүйелі бере алмайды. Кейде керісінше болады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін мұғалім екі жұмыстың түрін де мүмкіндігінше өткізіп отыру керек. Одан басқа мектеп практикасында оқушылардың мінездеме, суреттеме, ой толғау, тезис, конспект, реферат, баяндама жазуы да жүргізіледі. Бұл жұмысқа да ерекше дайындық жүргізіледі. Мұғалім қандай тапсырманы да нақты, мөлшерлі беру керек. Егер қосымша еңбек, материалдар ұсынылса, ол өте нақты, түстеп берілу керек. Оқушының тапсырма орындауға кететін уақытының да шектеулі екенін еске тұтқан жөн. Тезис - белгілі бір тақырыптың басты мәселелері, түйіндері. Конспект - оқыған мақала, кітап, материалды қысқаша түйіндеп, қорытып жазу. Баяндама мен реферат кейде бірдей саналып жатады. Баяндама ресми түрдегі жиылыстарда, шараларда белгілі бір мәселелер туралы ақпарат, есеп, сипаттама беру, шолу тұрғысында жазылады. Ал, рефераттың ғылыми сипаты басым. Арнайы бір тақырып зерттеліп, қосымша әдебиеттерге, материалдарға сүйене отырып жасалады. Оқушының сол мәселе туралы пайымдары, ойлары беріліп, тұжырымдалады. Ой толғау белгілі бір мәселе бойынша оқушының ой өрбітуі, көзқарасын білдіруі, толғанысы. Бұл жұмыстың дара, шығармашылық сипаты терең. Сондықтан, ол сабақ үстінде, шапшаң орындалатын жұмыс емес. Оған оқушы оймен, байсалды түрде кіріседі, кейде оңаша жазғысы келеді. Сондықтан, бұл жұмысты үй тапсырмасына берген жөн.
Шығарма жазуға үйрету - қазіргі кездегі әдебиет сабағындағы өзекті мәселе. Шығарма жұмысы мұғалімге оқушының ішкі әлемін тануға, шығармашылық қабілетін айқындауға мүмкіндік береді. Шығарма жазуға төселдіру болашақ қоғам мүшесін, тұлғасын тәрбиелеуге ықпал ететін философиялық мәселе. Шығарма - оқушының белгілі бір мәселе бойынша, қоршаған орта жөніндегі өзінің көзқарасын, ішкі ойын білдіруге мүмкіндік беретін алғашқы ұмтылысы. Тіл дамыту бағдарламасына сәйкес барлық сыныптарда әңгіме түріндегі шығарма жаздырылады. Ал, бастауыш сыныптарда‑ақ, суреттеу, ойын талдау түрінде беру талап етіле басайды. Шығарма жаздыру алдында әңгімелесу түріндегі дайындық жасалып, оқушылардың алған әсерлері реттеліп, әңгіме сюжетінің сұлбасы жасалады. Жалпы, шығарма жұмысына оқушыны дайындаудың элементі үнемі жүзеге асып отыру керек. Мәселен, ауызша сөйлеу, әңгімелеудің өзі алдымен сыныпқа жалпы беріліп, одан жеке әңгімелеуге көше бастайды. Ауызша мазмұндау оқушылардың тіл мәдениетін жетілдіреді және ауызша сөйлеу шеберлігіне бастайды. Оқушы белгілі бір оқиғаны, тақтаға ілінген суретті бейнелеп айтып беруге дағдыланады. Сол сияқты, оқушының оқыған кітабы, көрген фильмі, спектаклі туралы әсерін айтқызып, шағын түрдегі пікірін жазғызу да керек. Әрине, оқушы пікірінде кітапқа немесе фильмге баға беру байқала қоймайды. Керісінше, оқушы олардың мазмұнын жазумен шектеледі немесе өзінің есінде қалған бір эпизод туралы жазады. Мұның өзі де пайдалы, себебі алдымен оқушының есінде оқығаны немесе көргені сақталған; екіншіден өзіне айырықша ұнаған бөлікті даралай алған. Міне, осындай жұмыстар кезінде оқушыға сол мәтін мазмұнының неге ұнағанын, қай кейіпкерлердің әсер еткенін, оның қандай қасиеттері ерекше екендігін айтып, жазатындай бағытқа жетелеп отырған дұрыс. Сонда оқушы мәтін мазмұнын емес, оны талдап, пікірін жаза білуге бейімделеді. Осындай жұмыстардың тиімділігі сонда, оқушылар бірте‑бірте күрделенген жұмыстарға‑еркін немесе әдеби тақырыптарға шығарма жазуға төселеді. Шығарма жұмысын жаздыруда дұрыс, нақты құрылған жоспардың маңызы айтарлықтай. Оқушының өзі жазғалы отырған тақырыбын қалай ашып, қай түрде талдау беретіні, не жазатыны жоспарда айқындалады. Жоспар жасаудың екі әдісі бар: ұжымдық түрде жасау; жеке жасау. Екеуінде де мұғалім жасалған жоспарды дұрыстап, нақтылап отырады. Жоспар шығарманың мазмұн, мәнін ашуға бастайтын жол. Сондықтан жазба жұмысының бұл элементіне жауапкершілікпен қараған дұрыс. Кейде еркін тақырыпқа жоспардың керек еместігі айтылып жатады. Ал, дұрысында қай шығарманың, жазба жұмысының да (ол жұмыста көрсетілсін, көрсетілмесін) жоспары болу керек.
Сонымен, оқушыларды шығарма жазуға даярлау кезінде жүргізетін жұмыстар әр тарапты және мақсатты болады екен. Әдебиет үйірмесінде оқушының баяндама жасауы, мақала, әңгіме жазуы, тіпті олардың өмірбаян, хат, күнделік жазумен айналысуы да олардың шығарма жазу дағдысын ұштай түспек.