«Денсаулық» білім беру саласы балалардың жастарына сәйкес келесі міндеттердің орындалуын: дене бітімі қасиеттерін дамытуды; негізгі қимыл түрлерін жетілдіруді; қимыл дағдыларын қалыптастыруды; қимыл ойындарының түрлерін ұйымдастыруды және өткізуді; спорттық жатттығуларды орындауды (шанамен, шаңғымен сырғанау,велосипед тебу, жүзу); спорттық ойындардың (футбол, баскетбол, бадминтон және т.б.) элементтерімен таныстыруды; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруды; балалардың дене бітімінің дұрыс дамуына медициналық-педагогикалық бақылау ұйымдастыруды, жалпақ табандылықтың
алдын алуды қамтамасыз етеді.
Денсаулық сақтау технологиялары 3 топқа бөлінеді. 1.Денсаулықты сақтау және ынталандыру технологиялары.
2.СӨС меңгерту технологиялары.
3.Түзету технологиялары.
1.Денсаулық сақтау және ынталандыру технологиялары:
Динамикалық үзілістер – ұйымдастырылған оқу қызметі барысында балалардың шаршағанына қарай 2 минуттан 5 минутқа дейін болады. Шаршауды басу үшін ұсынылады. Бұл көзге, тыныс алу органдарына, қолдың ұсақ бұлшық еттеріне арналған гимнастика элементтері және т.б. ұйымдастырылған оқу қызметінің түріне байланысты болуы мүмкін.
Қимылды және спорттық ойындар - ұйымдастырылған оқу қызметінің бөлігі ретінде, күнделікті серуенде, баяу, орта және жоғары қимыл деңгейіне байланысты – топ бөлмесінде өткізіледі. Мектепке дейінгі ұйымдарда спорттық ойындардың элементтері ғана (футбол, волейбол, баскетбол) қолданылады.
Релаксацияны - кез келген ыңғайлы бөлмеде өткізуге болады, педагог релаксация технологиясы қарқынын, балалардың жағдайына және мақсатына байланысты анықтайды. Байсалды классикалық музыканы, табиғат дыбысын қолдануға болады.
Көзге арналған жаттығулар – кіші жастан бастап көзге түскен салмақтың қарқынына байланысты күнделікті 3-5 минуттан кез-келген бос уақытта өткізіледі. Көрнекі материал, педагогтің көрсетуін қолдану ұсынылады.
Тыныс алу жаттығулары – дене шынықтыру-сауықтыру жұмысының әр түрлерінде желдетілген бөлмеде өткізілуі тиіс. Педагог балаларға шараны өткізу алдында мұрын қуысының міндетті гигиенасы туралы нұсқау беруі қажет.
Тыныс алу жаттығуы балаларға психотерапиялық және сауықтырушылық әсер етеді: зат алмасу процесіне оң ықпал етеді; орталық жүйке жүйесін қалпына келтіруге жағдай жасайды; бронхтардың дренаждық қызметін жақсартады;
Мұрынмен дем алудың бұзылысын қалпына келтіреді; көкірек қуысы мен омыртқаның түрлі өзгерістерін түзетеді.
Ұйқыдан кейінгі жаттығулар -Күн тәртібіндегі денсаулық сақтау жағынан маңызды бір шара – ұйқыдан кейінгі шынықтыру кезеңі болып табылады. Баланың денсаулығын нығайту үшін, оның жас ерекшелігінің физиологиялық даму кезеңдерін және оның денсаулығын жақсарту мен қуаттайтын қажетті шараларды анық білу қажет
Саусақ жаттығулары – кіші топтан бастап жеке немесе шағын топпен өткізіледі. Барлық балаларға, әсіресе тілінде кемістігі бар балалармен жүргізу ұсынылады. Кез- келген ыңғайлы уақытта өткізіледі.