Педагогика ғылымының жүйесіндегі негізгі ғылыми пән болып табылатын жалпы педагогиканы оның жалпы негіздері, дидактика (оқыту теориясы), тәрбие теориясы және мектептану құрайды. әл-Фараби өз дәуірінде сол уақыттың талаптарына сәйкес осы мәселелерді қарастырып, еңбектеріне арқау еткенін бүгінгі күнде педагогика ғылымының даму тұрғысынан талдау арқылы көз жеткізуге болады.
Халқымызға білімнің нәрін сепкен ұлттың ұлы ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби «кез келген адамның қалайтыны, мақсаты бақыт болып табылады» деп көрсете отырып, осы бақытқа жетудің жолы адамның бойында ізгілікті қасиеттердің қалыптасуы деп біледі: «Қайырымдылық бақытқа жету үшін керек. Ол табиғи түрде де, қалау түрінде де бола алады. Зұлымдық бақытқа жетуге кедергі жасайды» . Ал бақытты зерттейтін ғылымды азаматтық ғылым деп бөліп көрсетеді: «Азаматтық ғылым ең бірінші кезекте бақыт дегеннің не екендігін зерттейді: ал бақыт атаулының екі түрі болады. Оның алғашқысы – сырттай қарағанда бақыт болып көрінгенімен де, шын мәнісінде нағыз бақыт болып табылмайтын түрі. Ал екіншісі - өзінің мәнділігімен ерекшеленіп, ешқашанда айырбастауға болмайтын шынайы бақыт...Одан кейін азаматтық ғылым танып-білу және үлгі өнегелілік мақсатында адамның қылықтарын, өмір салтын, әдет-ғұрыптарын, мінезқұлықтарын, ерік-жігер қабілеттерін зерттейді»