Іс - әрекет туралы ұғым, түрлері
Іс-әрекет - әлемді және өз-өзін саналы түрде өзгертетін процесте адамның немесе топтың әлеммен жасайтын өзара әрекеті.[1]
Іс-әрекет – адамның дүниемен қарым-қатынас тәсілі. Іс-әрекет барысында адам табиғатты, қоршаған айналаны игеріп, шығармашылық тұрғыда өзгертеді. Сөйтіп, өзін іскер, жасампаз субъект ретінде қалыптастырады, ал өзі игерген табиғи ортаны Іс-әрекет объектісі етеді. Адам іс-әрекет үстінде кез келген затқа жат пиғылмен қарамайды. Керісінше осы заттың табиғаты мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, игереді, сондай-ақ өз іскерлігінің өлшемі мен мәні етеді.
Іс-әрекет барысында адам табиғатпен өзара әрекетте болып қана қоймайды, оны бірте-бірте өзінің материалдық және рухани мәдениетінің құрамына кіргізеді. Сыртқы дүниені өзгерту адамның өзін дамытуы үшін қажетті жағдай және алғышарт болып табылады.
Іс-әрекет тұтас процесс қарым-қатынаспен тығыз байланыста және болашақ ұрпаққа бағытталған әлеуметтік сабақтас белсенді құбылыс болып табылады. Адамдардың Іс-әрекеті әрдайым бұрын жасалған дәлелді алғышарттар мен белгілі бір қоғамдық қатынастардың негізінде жүзеге асады. Сол себепті ол нақты тарихи сипатта, нақ осы әлеуметтік шындықтың өмір сүру тәсілі болып табылады.
Іс-әрекет үш қырлы анықталады, яғни бір уақытта үш кеңістікте іске асырылып, көрініс береді, ол: тұлға (іс-әрекет субъекті), объект (іс-әрекет пәні) және ішкі праксис (түрліше белсенді процесстер).
Іс-әрекеттің психологиялық құрылымын төмендегідей бейнелеуге болады:
Бұл блоктардың сол жағында іс-әрекеттің интенционалды аспектісі, ал оң жағында амалдық аспектісі көрсетілген.
А.Н. Леонтьев өзіндік іс-әрекет құрылымын морфологиялық сипатты емес, құраушы бөліктерінің динамикасын, қатынасын, қызметін бейнелейтінін қайталайды. Қарастырылушы тұжырымдама методологиясына тағы бір ескерту енгізу қажет. Ол - іс-әрекеттің психологиялық құрылымының аддитивтілік қасиеті ескерілмеген, яғни, қарапайым құраушы бөліктерінің қосындысы күрделі жүйе блогына пара-пар емес. Мысалы, мотивтердің қосындысы өзін іске асырушы қажеттілікке тең емес. Қажеттілік субъективті күй иесі ретінде қалады, ал бұл мотивтер қосындысында жоқ.
Сонымен, қажеттілік адамды белсенді етеді. Бұл мүмкін болар іс-әрекетке деген психологиялық даярлық күйі. Адамда белсенділіктің болуы актуалданған қажеттілікті сандық, сапалық өзгертіп, болашақ іс-әрекетті түрліше деңгейде белсенді қылады.
Бұдан, қажеттілік өзінің нақтылы пәні мен мотивін табады. Ізденіс әрекеті қажеттілікті қанағаттандыратын нақты психологиялық іс-әрекетке айналады. Тәжірибеде іс-әрекет көпмотивті, кешенді болады.
Мәселен, сізде саяхатқа бару қажеттілігі актуалданды. Бұдан сіз жаңа жағдайларға даяр болып, қобалжу, қызығу күйіне енесіз (бұл сырт көзге көрінбеуі де ықтимал). Субъективті түрде бұл шаршау, қанағаттанбаушылық түрінде көрініс береді. Осы кезде сізде кеудеңізді керген психологиялық дискомфорттан «құтылу» ізденісі белсендіріліп, сана «іске қосылады». Бұл уақытта құрбыңыз телефон шалып, өзімен бірге саяхатқа баруыға шақырса, қажеттілік психологиялық тұрғыда мотивке айналады. Нәтижесінде, сіз саяхатқа аттанасыз, яғни арнаулы іс-әрекет орындайсыз. Осы кезде мотив мақсатқа жүгінуді, жағдайға қатысты реттілікті, бір сөзбен, өз қызметіне кірісуін талап етеді .
Мақсат дегеніміз, болашақ әрекет нәтижесін саналы түрде елестету. Бұл тұлғаның әрекет мәнін қабылдауы. Мысалы, саяхатқа аттану үшін билет сатып алу керек, киімдерді жинап, межелі жерге жету қажет. Осылардың барлығы мотивтер аясына қатысты болғандықтан, алға қойылған және қабылданған мақсаттарға тұлғаның қол жеткізуі қажет. Әйтпегенде, олар субъект үшін мәнсіз болар еді.
Әрекет – мақсатты бағындыруға бағытталған іс-әрекеттің бір бөлігі, бірлігі. Саналы аңғарылған мақсат - мақсатқа бағытталған әрекет болып табылады. Алайда, әрекет түрткісі мақсат емес, жалпы әрекет мотиві болады. Мақсат түрткі қызметін атқармайды, ол тек әрекетті орындайды және өзіне «бағындырады», яғни әрекетті бағыттайды, нәтижеге жетелейді. Сондықтан, мінез-құлықты талдау барысында психологтің бұл кезіктіргені іс-әрекет пе, әлде әрекет пе екендігін, және, сәйкесінше, бұл процестердің мотивке, я мақсатқа бағынатындығын анықтауы маңызды. Мотив пен мақсаттың динамикалы қатынасы сана мен іс-әрекетті құрастырып, психологиялық маңыздылыққа ие. Біркелкі әрекет әр-түрлі іс-әрекеттің құрамына ене алады, ал бір мақсат – түрліше мотивтерге жауап береді. Мотив мақсатқа тұлғалық баға, мәнділік береді, сол сияқты, әрекеттердің қосындысы да толық іс-әрекетті сипаттамайды. Бір ғана мотив әр-түрлі мақсатта көрінуі ықтимал, бұдан әрекет те, іс-әрекет те, тұлға да өзгереді.
Мотив пен мақсаттың бірігуі және сәйкесуі, іс-әрекет, мотивация, тұлға динамикасының кезеңі ретінде, тек «екінші ретте» ғана мүмкін болады. Бұл мотивтің мақсатқа жылжуы атты белгілі феномен, мұнда бұрыннан белгілі мақсат өзбетті түрткі қызметін атқарады. Бұл мақсаттың психологиялық статусының өзгерісі, іс-әрекеттегі жаңа мотивтің пайда болуы, қалыптасуы.
Мысалы, мұғалім оқушылардың алдына белгілі бір кітапты оқып шығу мақсатын қояды. Мақсат оқушы үшін маңызды мотивке қатысты болғандықтан, өз міндеттерін орындау мотиві делік, қабылданады. Оқушы өзге шаруасын шегіндетіп, қажетті мөлшерде ерік-күшін жұмсай отырып, кітапты оқиды. Осыдан соң мұғалім тағы бір кітапты оқуға тапсырады, т.с.с. Нәтижесінде, оқушыға ешбір тапсырма бермей-ақ өздігінен сол саладағы кітаптарды оқу кезеңі келеді. Кітап оқу мақсаты маңызды мотивке айналды. Сәйкесінше жаңа іс-әрекет пайда болды. Оқушы қажеттілік-мотивациялық, іс-әрекеттік, тұлғалық тұрғыда өзгерді.
Іс-әрекет және тұлға «өмірінде» мақсаттың мотивке жылжуы атты кері феномен де бар. Бұл мотивті ығыстырып, жойып оның психологиялық мәнін «кішірейтіп», мақсат категориясына айналдыру. Мотив тұлғалық мәнін жойса, оған қатысты іс-әрекет тоқтайды, қажеттілік пен тұлға өзгереді, адамның мінез-құлқы алмасады.
Осыған дейін саналы қабылданбаған мотивті тұлға саналы аңғарғанда мотив пен мақсат сәйкеседі. А.Н. Леонтьев бұл процесті мотив-мақсаттың пайда болуы деп атаған, мұнда автоматты түрде орындалатын жұмыс саналы, құндылықтар мотиві сатысына өтеді, сенімді тұлғалық мәнді иеленеді. Бұл іс-әрекет пен мінез-құлықты өзбетті басқарудың жаңа белесі, саналы дүние аясының кеңеюі.
Іс-әрекет құрылымы сұлбасындағы соңғы түсінікке тоқталайық, ол – міндет. Міндет – мақсаты және әрекеттің орындалу тәсілі белгілі, яғни амалы бар нақтылы жағдай. Мысалы, қандай да бір затты қолына түсіруді мақсат еткен адамның мақсатқа қол жеткізу жағдайы (міндеті) объективті не субъективті түрде әр-түрлі болуы мүмкін: дүкеннен сатып алу, немесе досынан сұрап алу. Міндеттің қандай тәсілмен іске асырылуына байланысты нақты амалдар құрылады: көлікте жүруден бастап затты сөмкеге салуға дейін.
Достарыңызбен бөлісу: |