Ес - бір - бірімен ұштасқан дара бөліктерден құралған күрделі психикалық процесс.
Ес адамға өте қажет жан құбылысы. Оның арқасында субъекті жеке басының өмірлік тәжірибесін жинақтап, сақтап, соңғы пайдасына жаратады.
Алғашқы кездегі ес зерттеулері көбіне саналы іс-әрекетпен байланыстырылды, ал ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ғылыми іздену шеңбері кеңейе түсті, енді талдау аймағына есте сақтаудың жалпы табиғи, адамға да, жануарға да бірдей механизмдері алынды. Бұл тұрғыдан зерттеу жүргізген американ психологы Торндайк жанауарлардағы дағдылардың қалыптасу заңдылықтарын ашып берді.
ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында ес процесін зерттеу жаңа ғылыми формаға еніп, ол И. П. Павлов ашқан шартты рефлекстер әдісімен байланысты болды. Есте қалдыруға ықпал жасаушы жаңа шартты байланыстардың пайда болуы мен олардың сақталу жолдары осы И. П. Павлов жаңалығына орай белгіленді. Бұл кезеңге дейінгі психологиялық зерттеулер естің ең қарапайым процестерімен ғана шектелген еді.
Ал естің ең жоғары, адамға өз өмірінің қалаған кезеңін жадқа түсіріп, оны пайдалануға мүмкіндік туғызатын ырықты және саналы формалары тек философтар тарапынан қарастырылып, олар естің табиғи формаларына қарсы қойылды да, жоғары сананың туындысы деп танылды.
Естің жоғары формаларының жүйелі зерттелуі орыс ғалымы Л. С. Выготский есімімен байланысты. Ол 20 - жылдар аяғында өз шәкірттерімен бірлікте естің жоғары формаларының дамуы жөніндегі мәселені қозғай отырып, олардың әлеуметтік негізге ие психологиялық іс-әрекеттің күрделі түрі екенін алғашқы рет дәлелдеді. Ұлы ғалымның ізбасарлары А. А. Смирнов және П. И. Зинченко естің саналы іс - әрекетпен быйланыстылығы жөніндегі жаңа, әрі мәнді заңдарын ашып, есте қалдырудың алға қойылған мақсатқа тәуелді болатынын дәлелдеп - әрі күрделі материалды есте қалдырудың тәсілдерін белгілеп, ұстаз тағлиматын одан әрі толықтырды.
Ес психологиясын зерттеудің біршама нәтижелі болуына қарамастан, естің физиологиялық механизмдері мен өзіндік табиғаты көпке дейін сыр болып, философтар мен психологтар есті "материяның жалпы қасиеті" деуден аспады. Қазіргі күнде ес процесін тану психологиялық, физиологиялық және биохимиялық негіздердегі ізденістерге сүйенуде. Осыдан, адам есі - біртекті қарапайым қызметтен құралмайтыны белгілі болып отыр. Оның құрамы сан алуан. П. Линдсей мен Д. Норман естің бір - біріне ұқсамас 3 типі болатынын алға тартады:
Сезімдік әсердің тікелей, нақты ізі.
Қысқа мерзімді ес.
Ұзақ мерзімді ес.
Сезімдік әсердің тікелей, нақты ізі
Бұл ес жүйесі біздің сезім мүшеміз қабылдаған дүние көріністерін толық әрі дәл сақтауға жәрдем береді. Мұндай жолмен еске түскен қоршаған орта ақпараты есімізде өте қысқа мерзімге ғана орнығып, 0,1-0,5 сек. ішінде жойылып кетеді.
Қысқа мерзімді есте жүйедегіге қарағанда материал басқаша тұрақтайды. Бұл жағдайда есте қалған бейне сезімдік деңгейдегі толық көріністей болмай, оқиғаның қандай да бір шағын баламасына сәйкес келеді.
Ұзақ мерзімді ес. Баршаға белгілідей осы мезетте болған оқиға мен атам заманда жүз берген тарихи жағдайларды есте сақтаудың арасында айтарлықтай өзгешелік бар. Осыдан, ұзақ мерзімді ес - жадта сақтау жүйесінің маңызды да әрі күрделі түрі. Ұзақ мерзімді естің уақыты да, қамту көлемі де шексіз.
Ұзақ мерзімді еске байланысты қиыншылық - бұл санадағы ақпаратты іздестіріп, таңдап, қажеттісін таба білу.
Қайта жаңғыртуда тану мен еске түсіру қызметі бірін-бірі толықтырып отырады. Қабылданған нәрселердің есте қалғаны естің материалы делінсе, ал есте сақталып, қайта жаңғырғаны естің мазмұны болып саналады. Адам өзінің, басқалардың ойы мен бастан кешкен сезімдерін, іс-әрекеттерін сөз арқылы қайта жаңғыртады.
Есте қалдыру, қайта жаңғырту, тану ес процестері болып саналады. Ес адам тіршілігінде маңызды орын алады. Есте қалдыру адамның өмір тәжірибесін байытады. Адамның есі үнемі дамып, жетіліп отырмаса, онда ол жаңа туған нәресте дәрежесінде қалып қояр еді. Олар тіршілігіне қажетті нәрселердің бәрінің ес процесінсіз болуы мүмкін емес. Ес осы заманғы психология ғылымының даму сатысында өзекті мәселенің бірі болып саналуымен қатар, техникалық ғылымдар саласында да ерекше маңызды. Есті осы заманғы психология ғылымы тұрғысынан зерттеуде негізгі әрі жанды болып отырған есте қалдырудың механизімі туралы мәселелер.
Қазіргі кезде ес туралы түрлі анықтамалар мен теориялық болжамдар бар. Естің психологиялық теориясы ес механизмін зерттеудің ең бастапқы бағыты болып есептеледі де, осы тұрғыдағы зерттеулер мен көзқарастар көптеген бағыттарға және теорияларға тарамдалады.
Достарыңызбен бөлісу: |