8-тақырып. Көне эпос Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы-эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел өмірінен алынып, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен-үлкен эпикалық жыр-дастандарды айтамыз. Қазақ эпосының түрлері: 1. Көне эпос; 2 Батырлық эпос; 3.Ғашықтық эпос; 4.Тарихи эпос. Қазақтың көне эпостарына: «Құламерген, Жоямерген», «Таласбай мерген», «Дотан батыр», «Құбығұл», «Мұңлық-Зарлық» жатады. Алғашқы адамдарының дүниетанымын көркем елестететін мифтік, ертегілік, аңыздық оқиғаларға құрылған эпикалық туындылардың ортақ белгілері: 1. Қиял-ғажайып оқиға күрделі орын алады, адам баласына қаскөй күштер: жезтырнақ, дию, аждаһалар, албастылармен күрес, оларды жеңіп барып мұратқа жету көрсетіледі. 2. Көне эпоста дүниенің жаралуы туралы мифтік ұғымдар көрініс тапқан. 3. Анаеркі (матриархат) дәуірінің ыдырап, атаеркі (патриархат) кезеңінің салты орныға бастаған шақтың сипаттарын танытатын оқиғалар кездеседі. 4.Көне эпоста ертедегі аңшылық өмірдің суреттері неғұрлым көбірек сақталған. 5. Адамдардың сиқырлы күштерге сенуі (анимизм,тотемизм т.б.), жан-жануарлардың, өсімдік дүниесінің жаны, иесі бар деп есептеушілігі эпикалық шығармаларда өз ізін қалдырған. 6. Баласыздық тақсіреті, әулиелер аралап, мінәжат етіп жүріп перзентті болушылық, түс көру, аян беру, болашақ қаһарманның ғажайып тууы тәрізді мотивтер сюжетке негіз болады.7. Қаһарманның жедел есеюі, жүйрік ат таңдап мініп, қауіпті алыс сапарға аттануы, жол жөнекей алуан түрлі жыртқыш, сиқырлы қас күштермен кездесуі, батырлықпен үйленуі-көне эпоста кең таралған құбылыс.
9-тақырып. Батырлар жыры Ұлт тарихын көркем жинақтайтын ірі эпикалық жанр – батырлар жыры. Батырлар - ұлттық мақтанышымыз, халықтың асқақ рухының, отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, дұшпанға қайнаған кегінің, жан дүниесінің кіршіксіз тазалығы мен мінсіз сұлулығының көрінісі. Ол – қазақ халқының сұлу да бай тілінің мәйегі. Батырлар жырының пафосы – туған жері мен елі үшін қасықтай қанын төккен ерлердің ерлігін жырлау. Батырлар жыры елдің сандаған ғасырларда бастан кешкен тарихын, салт-санасын көркем бейнелеп, түрлі оқиғаларға өзіндік көзқарасын белгілейді, алдан күткен арманын білдіреді. Тарихта болған белгілі оқиғалар мен істердің дәлме-дәл шежіресі, көшірмесі болғанмен батырлық эпос сондай құбылыстардың терең тұжырымын аңғартады. Батырлық эпостың тыңдаушысына қызықты болып, атадан балаға ауысып, ұмытылмай келуінің басты бір құпиясы оның теңдесі жоқ бітімінде, өз бойына қиялдау мен бейнелеудің алуан өрнектерін сиғыза білгендігіне байланысты. Батырлар жырының сюжеті өте күрделі. Сан тарау оқиғалардың бәрі бас қаһарманның төңірегіне ұйысады. Бас қаһарман көптің тілеуімен дүниеге келген ел қорғаны, әділеттік орнатушы, көзсіз батыр, нағыз мәрт, ғажайып күш иесі. Жырдағы батыр бейнесі – сол ұлттың өршіл де асқақ рухынан туған өз бейнесі. Батырлар жырында ерлік, отансүйгіштік қасиеттер асқақтата жырланады. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз мінез, қасиеттерді әсірелеп беру эпосқа тән қасиет. Халық (ру, тайпа) бейбіт өмір мен тыныштықты, бүтіндікті, бақытты өмірді армандаған. Дәл осы арманды көрсету – батырлар жырының айрықша сипаты. Батырлар жырындағы ерліктің сипаты өзгеше. Мұндағы қаһармандар ел үшін қандай қауіптен жасқанбай қарсы аттанады, жаулармен алысады. Ақырында жеңіске, мұратына жетеді.Батырлар жыры – көне эпостың феодалдық дәуірде көркемделіп, өзгерген түрі. Эпостанушылардың барлығы дерлік эпостардың сюжетін түзетін тұрақты бөлшектердің (мотив немесе сарын) болатынын атап көрсеткен.