14-1-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашуға, иеленуге, қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға жол бермеу
1. Жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (мәслихат депутаттарын қоспағанда), лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашуға және иеленуге, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға тыйым салынады.
Ескертпе. Осы тармақта көзделген шектеу Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар лауазымға орналасқан немесе осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар жойылған күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды (салымдарды) жабуға және (немесе) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар аумағында шоттары (салымдары) орналасқан және (немесе) шетелдік банкте қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау жүзеге асырылатын шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы шет мемлекеттің құзыретті органдары қолданған тыйым салуға, билік етуге тыйым салуға байланысты немесе осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың еркінен тыс еңсерілмейтін күш мән-жайларына (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай, банктік шот (салым) туралы шарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатудың мүмкін болмауы және өзге де мән-жайлар) байланысты осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарды орындай алмаған жағдайда, мұндай талаптар тыйым салудың, билік етуге тыйым салудың қолданылуы тоқтатылған немесе өзге де мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап алты ай ішінде тиісті фактілерді растайтын құжаттар ұсыныла отырып орындалуға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес мұраны қабылдау нәтижесінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды (салымдарды), қолма-қол ақша мен құндылықтарды иеленуге және (немесе) пайдалануға алған жағдайда, көрсетілген адамдар мұраны қабылдаған күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды (салымдарды) жабуға және (немесе) қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының ережелері осы баптың 1-тармағында аталған, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне, өкілдіктеріне және Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, сондай-ақ көрсетілген ұйымдарға іссапарға жіберілген адамдарға көрсетілген ұйымдардағы жұмыс кезеңіне немесе шетелде білім алатын, немесе шетелде тағылымдамадан өтетін, немесе шетелдік іссапарда жүрген, немесе шетелде емделіп жатқан адамдарға немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде не кәмелеттік жасқа толған адамның қорғаншысы немесе қамқоршысы ретінде тиісті адамның шетелде оқуы не емделуі кезеңінде шетелде болатын адамдарға қолданылмайды.
5. Осы бапта көзделген мерзімдер ішінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті өз қалауы бойынша тоқтату туралы өтініш беруге құқылы.
Ескерту. 2-тарау 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
15-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тікелей басшысына не өздері жұмыс істейтін ұйымның басшылығына туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы, өздеріне бұл жөнінде мәлім болысымен жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
Тікелей басшысы не ұйымның басшылығы осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың өтініштері бойынша немесе басқа да көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдауға:
1) осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге және мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкін мәселе бойынша лауазымдық міндеттерді орындауды басқа адамға тапсыруға;
2) лауазымдық міндеттерін өзгертуге;
3) мүдделер қақтығысын жою бойынша өзге де шаралар қабылдауға міндетті.
16-бап. Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары
1. Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту бойынша:
1) шешімдер қабылдау рәсімдерінің есептілігін, бақылауда болуын және ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдық-құқықтық тетіктерді белгілеу;
2) адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;
3) мүдделер қақтығыстарын болғызбау;
4) іскерлік әдеп нормаларын қабылдау және сақтау;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шараларды қабылдау;
6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы шаралар қабылдайды.
2. Кәсіпкерлік субъектілері үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі стандарттарды кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) әзірлеуі және қабылдауы мүмкін.
3. Квазимемлекеттік сектор субъектісінде негізгі міндеті осы ұйымның және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылатын құрылымдық бөлімше немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын атқаратын жауапты адам айқындалады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын атқаратын жауапты адам мүдделердің ықтимал қақтығысы ескеріле отырып айқындалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет өз өкілеттіктерін квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органынан, лауазымды адамдарынан тәуелсіз жүзеге асырады, директорлар кеңесіне, байқау кеңесіне (ол болған кезде) немесе өзге де тәуелсіз басқару органына есеп береді және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету кезінде тәуелсіз болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің құзыреті, қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібі квазимемлекеттік сектор субъектісінің ішкі актісінде айқындалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері болып табылмайтын кәсіпкерлік субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер құруға құқылы.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.06.2021 № 48-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
17-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама – сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралу жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылған құжат.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жұмысының және мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметінің нәтижелері негізінде қалыптастырылады.
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасы Президентіне енгізу және жариялау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ СУБЪЕКТІЛЕРІ
Достарыңызбен бөлісу: |