Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы


-бап. Мемлекеттiк функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет



бет2/9
Дата25.08.2023
өлшемі44,33 Kb.
#105564
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
z1500000410.19-04-2023.kaz

13-бап. Мемлекеттфункцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет

1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдарға:


1) егер шаруашылық етуші субъектіні басқару немесе басқаруға қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық міндеттеріне кірмейтін болса, шаруашылық етуші субъектіні басқаруға өз бетінше қатысуға, мүліктік немесе өзге де игіліктер алу мақсатында өздерінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа сыйымсыз пайдалану арқылы ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың материалдық мүдделерін қанағаттандыруға жәрдемдесуге;


2) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемде жай акцияларды) сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;


3) педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа да қызметпен айналысуға тыйым салынады.


2. Алып тасталды - ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


2-1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде (мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда) қызметін жүзеге асыратын адамдар тиісті квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың еншілес, тәуелді ұйымдарының басқару органдарында, байқау кеңестерінде, атқарушы органдарында ақы төленетін лауазымдарды атқаруға құқылы.

3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар өздеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйді мүліктік жалдауға (жалға) беруге және осындай тапсырудан кіріс алуға құқылы.


4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарларына, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы мен оның орынбасарларына инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға тыйым салынады.


Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы мен оның орынбасарлары лауазымға тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде лауазымға тағайындалғанға дейін сатып алынған, өздеріне тиесілі инвестициялық қорлар пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.


Аталған тұлғалардың осы тармақта көзделген міндеттемелерді орындамауы олардың тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.


5. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, осы адамдарға заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өздеріне тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін мүлікті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, осы функцияларды орындау уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.


6. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариаттық куәландыруға жатады.


7. Облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) және пайдаланылуы кірістер алуға алып келетін өзге де мүлікті сатып алған жағдайда осы баптың 1-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, сатып алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларды сенімгерлік басқаруға беруге және жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шарт нотариаттық куәландырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде нотариаттық куәландырылған шарттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін ұсынуға міндетті.


8. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың осы баптың 5 және 7-тармақтарында көзделген міндеттемелерді орындамауы олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.


Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.01.2016 № 446-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың немесе жекжаттардың бiрге қызмет (жұмыс) iстеуiне жол бермеу



1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда) және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдар өздерiнiң жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары атқаратын лауазымдарға тiкелей бағынысты болатын лауазымдарды атқара алмайды, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында бола алмайды.


1-1. Мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар өздері лауазымды атқаруға үміткер ұйымның басшылығын осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы және (немесе) жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.


2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық байқалған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, осындай бағыныстылықты болғызбайтын лауазымға ауысуға тиіс, ал осындай ауысу мүмкін болмаған кезде осы қызметшілердің біреуі лауазымынан шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзгедей босатылуға тиіс.


Ескертпе. Осы Заңда жақын туыстар деп ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылар, асырып алынған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), атасы, әжесі, немерелері, жекжаттар деп – жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары мен балалары түсініледі.


3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектісінің бір басқару органында (байқау кеңесінде, атқарушы органында) өзінің жақын туыстарымен, жұбайымен (зайыбымен) және (немесе) жекжаттарымен бірге лауазымдарды атқаруына тыйым салынады.


Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық анықталған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, квазимемлекеттік сектор субъектісінің бір басқару органында (байқау кеңесінде, атқарушы органында) бірлескен қызметті (жұмысты) болғызбайтын лауазымға ауысуға жатады, ал мұндай ауысу мүмкін болмаған кезде осы жұмыскерлердің біреуі қызметтен шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзге де босатылуға жатады.


Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет