Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы


ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ



бет4/9
Дата25.08.2023
өлшемі44,33 Kb.
#105564
1   2   3   4   5   6   7   8   9
ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ
18-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне:


1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган;


2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері: мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар жатады.

19-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген өкілеттіктерге ие болады.


Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда – ҚР 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның құзыреті



Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган мынадай функцияларды:


1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде нормативтік-құқықтық актілер қабылдауды;


2) осы Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауды;


3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын барынша азайту және жою жөнінде ұсынымдар енгізуді;


4) жыл сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынуды;


4-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруды және үйлестіруді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту мәселелерінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметін үйлестіруді;


4-2) сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалауды және мемлекеттік және жеке секторлардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін айқындау үшін қажетті әлеуметтік зерттеулер жүргізуді;


4-3) квазимемлекеттік сектор субъектісінде әдіснамалық қолдау, оқыту іс-шараларын жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ақпарат алмасу шеңберінде квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің қызметін үйлестіруді;


5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдарды мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауын мониторингтеуді;


6) сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша тәркіленген және қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүліктің өткізілуіне мониторингті жүзеге асырып, оны мемлекет кірісіне айналдыру туралы ақпаратты әдетте кейіннен жариялауды;


7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың оң тәжірибесін зерделеуді және таратуды;


8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру саласында білім беру бағдарламаларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдауды;


9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен тәрбиелеу, ақпараттық және түсіндіру қызметі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне жәрдемдесуді және әдістемелік көмек көрсетуді;


10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган қызметінің негізгі бағыттары бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауды;


11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысуды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жасауды, өз өкілеттіктері шегінде халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуды;


12) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.


Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері



1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган өзіне жүктелген функцияларды орындау кезінде:


1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпарат пен материалдарды сұратады;


2) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, оларды жою бойынша заңнамалық тәртіппен белгіленген шараларды қабылдайды;


3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жүргізу тәртібін айқындайды;


3-1) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырады және істерді қарайды;


4) Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз өкілеттіктері шегінде:


1) сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру және тергеу қызметінің практикасына, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге талдау жүргізуге;


2) іс жүргізудегі қылмыстық істер бойынша шақырту бойынша келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелуге;


3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес, құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып қоюға немесе алуды жүргізуге;


4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;


5) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе оларда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынуларды Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізуге;


6) алып тасталды - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);


7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда уәкілетті органдардан, лауазымды адамдардан және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап етуге;

8) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіруге, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын айқындауға, оның тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға;


9) өзіне жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құруға және пайдалануға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында зерттеуді, заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді ұйымдастыруға;


10) ұстап алынған және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүруге;


11) Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де құқықтарды іске асыруға құқылы.


Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі лауазымды адамдардың өкілеттіктері



1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.


1-1. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.


2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өзі құзыреті шегінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери полиция органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.


Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуы



Жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде мынадай шаралар қолданады:


1) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарлайды;


2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;


3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысады;


4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдық басқа да субъектілерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;


5) мемлекеттік органдардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратады және алады;


6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша зерттеулер, оның ішінде ғылыми және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;


7) бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтік маңызды іс-шаралар ұйымдастырады.

24-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау

1. Дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпаратқа ие адам бұл туралы жоғары тұрған басшыға және (немесе) мемлекеттік органның не өзі жұмыскері болып табылатын ұйымның басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға хабар береді.


2. Жоғары тұрған басшы, мемлекеттік органның, ұйымның басшылығы, уәкілетті мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы келіп түскен хабар бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаралар қабылдауға міндетті.


3. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және осы Заңға сәйкес мемлекеттің қорғауында болады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен көтермеленеді.


Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпаратты хабарлаған, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болатын адамдарға қолданылмайды.


Осы тармақтың бірінші бөлігінің көтермелеу бөлігіндегі ережелері:


1) жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органмен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпия негізде ынтымақтасатын адамға;


2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтауға, оның жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге жәрдем көрсеткен, ол бойынша орындаушы немесе сыбайлас қатысушы болып табылған адамға қолданылмайды.


3-1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесу:


1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі туралы хабарлауды;


2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беруді;


3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдемдесуді қамтиды.


4. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдем көрсету мақсатында адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпарат көрсетілген ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалған жағдайда құпия ақпарат болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.


Көрсетілген ақпаратты жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.


Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 06.10.2020 № 365-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет