Силлабус 2021-2022 оқу жылының көктемгі семестрі


ТАҚЫРЫБЫ: Әдеби-эстетикалық көзқарастарды қалыптастырудағы сынның рөлі



бет11/36
Дата29.01.2023
өлшемі124,26 Kb.
#63581
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   36
Байланысты:
Әдеби үдеріс және сын 2022-23

ТАҚЫРЫБЫ: Әдеби-эстетикалық көзқарастарды қалыптастырудағы сынның рөлі.

Қазақ әдеби сынының қоғамдық ой-пікірде алатын орны


Қазақ халқы көркем сөзді өз тірлігінің тұтқасы деп білген, күрес құралы еткен. Ол тек көңіл көтерудің, ойын-сауықтың ермегі емес, ел мен елді табыстырған елшінің тілі, ру мен руды татуластырған бұғалық, мемлекет басқарған хандарға әлеуметтік ақыл-кеңес, көшпелі мәдениеттің сырт көзге көрінген сахнасы, өткенмен қордаланып, бүгінгімен жарқыраған тарихи жады, көркемдік әлеміндегі өзіндік таным-біліктің әсем де ажарлы қоржыны екені даусыз. Өйткені «Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқарлар айтқан толғауларға қарап отырсақ, терең ойлардың толқынында жүргендей сезінеміз. Олар өмір, тарих, адам жөнінде ғажайып топшылаулар, толғау-түйіндер айтады» (Ә. Тәжібаев, Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы, 1971, 20-бет).
Жалпы адамзат тірлігінде жақсы мен жаманды, сұлу мен ажарсызды, ізгілік пен зұлымдықты қарсы қойып суреттеу, көрсету мықты дәстүрге айналған болса, сол машық қазақтың, әсіресе, ауызекі әдебиетінде, яғни жыраулар поэзиясында классикалық биікке көтерілді. Дүниені салыстыру, теңестіру, қарама-қарсы көрсету, әсіресе, құлақпен естіп отырғанды көзге елестетіп, санаға қоюдың ең төте жолы болса керек.
Сонымен қалыптасып қалған қате түсініктен, жетесіздіктен құтыларында ғана өз тарихымыздан өзекті арналар табамыз. Қазақтың, сыни ой-пікірін зерттеген уақытта европалық тұрғыдан қарау, соған бейімдеу қатерлі де қате. Әр халық өзінің, көркемдік таным-білімнен өрнекті ой тапқанда ғана адамзат әлеміне бекер келмегендігін түсінеді. Міне, сондықтан көне заманда туған көрікті ойларды қазақ әдебиет сыны тууының, бір қайнар көзі ретінде қарастыру ғылыми жағынан дұрыс, эстетикалық тұрғыдан өнімді жол болмақ.
Әдебиетімізде зерттеліп жүрген проза, поэзия, драматургия жанрлары сияқты әдебиет сынының да тарихы мен қалыптасу процестері, өзіне тән шығармашылық ғылыми мәселелері арнайы зерттеуді талап етеді. Бұл мәселе тек ғылымдық тұрғыдан ғана емес практикалық тұрғыдан да айрықша қажеттілікке айналып отыр. Сондықтан әдебиеттің басқа жанрларының ішкі түрі,нақыштары тарамдала зерттеліп жатқан уақытта сол істі жүзеге асырып отырған сын жанрының өзі тасада қалып қоюы орынсыз еді. Оның да басқа жанрлар сияқты өзіне тән шығармашылық, ғылыми проблемалары, тарихы бар.
Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен төрт кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең - қазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең - қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процес 1917-37 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезең—қазақ әдебиеті өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі 1937-1985 жылдар аралығы. Төртінші кезең - тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық пафостың өркендеген кезеңі, яғни-1990-2003 жылдар аралығы.
Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының өсіп-өркендеуінің соңғы үш кезеңі пәлендей дау туғызбайды. Ал, бірінші кезең, яғни Қазан төңкерісіне дейін қазақ әдебиет сынының туу дәуірі жайлы әр қилы ой-пікірлер бар.
Тапсырмалары мен сұрақтары:
1.Сынның әдеби сипаты.
2.Сын және көркем әдебиет.
3.Әдеби процес - өмір-жазушы-шығарма-оқырман.
Сын, сын тарихы және оны дәуірлеу мәселелері қазақ ғалымдары тарапынан біршама қарастырылған. Ол негізінен, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуге қатысты айтылған. Алайда бұл салада жүйелі зерттеулер мен өз бағыты айқындалған ізденістер бірден көріне қоймады. Бұл бір жағынан заңды да. Себебі кәсіби сынның қанаты қатайып, қалыптасып, кемелденбей жатып, оның тарихын дәуірлеу мәселесінің көтерілмейтіндігі, көтерілген күнде де нақты шешімін таба алмайтындығы мәлім. Ал қазақ әдеби сынының алғашқы нышандары сонау ауыз әдебиетінде көрініс бергенімен, шын мәніндегі сынның жалпы жұртшылыққа жол тартуы мерзімді баспасөзге байланысты болды. Осы кезеңде сынның жанрлық тұрғыдан жіктелу, кәсіби сипатының анықталуы, кәсіби сыншылардың бой көрсету процесі жүріп, шыңдап қалыптасып дамуға бет бұрды. Көркем әдебиеттің асылы мен жасығын таразылар, адал бағасын берер сыншылар пайда бола бастады.
Бұл орайда ақын-жазушы, қаламгерлеріміздің кәсіби сынның өрісін кеңейтуге қосқан үлесі ерекше. Әрине мұнда ауыз толтырып айтар ардақты есімдер қатарында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Торайғыров, М.Дулатов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Жолдыбаев, Е.Бекенов, Ғ.Тоғжанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов және т.б. сап түзейтіндігі белгілі. Бұлардың әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымының қалыптасуына қосқан үлестері мол. Алайда сол кезеңдегі сынға, сын тарихына қатысты айтылған ой-пікірлердің көпшілігі кеңестік идеология талап-тілегімен жымдаса беріліп жатты. Солай бола тұрса да, олардың ішінде осы кезге дейін де өз маңызын жоймаған құнды ойлар бар. Бұл кезде сын және зерттеу мақалаларда маркстік-лениндік әдіснама талаптарына сай социалистік реализм көбірек сөз болды.
30-жылдары әдебиет сыны саласында аянбай еңбек еткендердің бірі сыншы Е.Ысмайыловтың, Қазақстан Жазушылар Одағының 1937 жылы мамыр айында сын туралы арнайы пленумы өтті. М.Қаратаевтың “Қазақ әдебиетіндегі сынның міндеттері” деген баяндамасы, 1939 жылы маусым айында өткен Қазақстан жазушыларының ІІ съезінде жазушы Ғ.Мүсірепов сынның жай-күйі туралы баяндамасы және М.Әуезов әдебиеттану ғылымы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы жайында мынадай ой тұжырымдары ерекше әдеби сын тарихында орын алады.
М.Әуезов әдебиеттану ғылымы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы жайында мынадай ой тұжырымдарын ұсынады: “Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа. Бұл жас ғылым. Ол әдебиеттік сын. “Қазақ әдебиетінің теориясы”, “Қазақ әдебиетінің тарихы” деген салаларға бөлініп, енді ғана дамып келеді. Қазақтағы әдебиеттану ғылымы құралғанда, ол өзінің алғаш туысымен, бүгінгі жеткен сатысымен, барлық бас-аяғын жинағанда — түгелімен, толық мағынасында, социалистік Ұлы Октябрь революциясының жемісі болады. Октябрьден бұрынғы қазақ тарихында біз бұл жөнінде, “өскен ғылым” дерлік мардымды мұралар алғанымыз жоқ.
Сынның тарихына және бүгінгі мәселелеріне қатысты ойлар “Қазақ әдебиеті” газеті жарық көргеннен кейін молайып, ақын-жазушылар, сыншылар арасындағы пікірталасты қыздырып жіберді. С.Мұқанов “қазақ сыны Шоқаннан басталады” деген пікір айтты. Ғ.Мүсірепов сынның үш түрін бөліп көрсетті.
Бұдан кейінгі кезеңдерде де бұл мәселе ұдайы көтеріліп, қазақ әдебиет сынының туу, қалыптасуы туралы ғалым-сыншыларымыз әртүрлі пікірлерді ортаға салған. М.Қаратаев “Қазақ әдебиетінде сынның белгілі орын алуға ұмтылуы тек кеңес өкіметі тұсында, айналасы осы 10-15 жылдың ішінде. Қазанға дейін бізде сын атаулының болмауы тіпті заңды нәрсе” — десе, ғалым Е.Ысмайылов “Біздегі әдебиет сыны мен әдебиет тану ғылымы тек совет дәуірінің жемісі, бұрын сыншылдық, әдебиетшілік дәстүрі мүлде жоқ, тыңнан туып жасалған” — деп тар шеңберден шыр айналып, тереңнен қазбаған. Оған белгілі дәрежеде үстем көзқарас, яғни орыс елінің тарихынан асып түсер, ерте пайда болар құбылыстар болмауы керек дегенді қызыл сөзбен тұмшалаудың салдары себепші болғанын жоққа шығармау керек. Алайда 60-жылдардағы “жылымықта” жаңаша толғаулар айтыла бастады. Соның нәтижесінде ғалым Т.Кәкішұлы сынның қайнар көзі ауыз әдебиетінде жатқанын айтып, оның қанаттануын Шоқаннан, Ыбырайдан, Абайдан таратқан. “Оянған ойға кең өріс” еңбегінде әдебиет сынының қалыптасып, дамуы баспасөз арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп көрсетеді. Өйткені халықтың әлеуметтік жағдайы, көкейтесті мәселелері, арман-тілегі, мұң-мұқтажы халық өмірінің айнасы болып табылатын — баспасөз арқылы көрініс беретінін дәлелдей бастады.
Бірқатар жас сыншылардың сын кітаптары жарық көрді. К.Керейқұлов, Қ.Ергөбеков, А.Нағметов, Т.Мәмесейітов, Б.Майтанов, Б.Ыбырайымов, Б.Сарбалаев т.б. өз кітаптарын соңғы жылдардағы әдеби процесті қарастыруға арнай отырып, ондағы жанрлардың баюын, тақырыптық өрісінің кеңеюін, көркемдік ізденістердің молаюын талдап көрсетуде білімділік танытты.
Бұлардан басқа өздерінің күнделікті баспасөз бетіндегі сын мақалаларымен әдеби сынымыздың дамуы мен тереңдеуіне ойлы пікір қосып жүрген авторлардың саны да көбейді. Олардың қатарында Ш.Елеукенов, З.Серікқалиев, Х.Садықов, С.Жұмабеков т.б. есімдерін атау орынды. Бұлардың бәрі де қазақ әдебиеттану ғылымының бар саласында жемісті еңбек етіп жүрген — сыншы-ғалымдар.
Тапсырмалары мен сұрақтары:
1.Осы тарауға қатысты мына еңбектерді оқып шығыңыз: Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік: Сын мақалалар, портреттер, эссе. — Алматы: Жазушы, 1993; Елеукенов Ш. Сын және сыншы немесе сынтану ғылымы туралы толғаныс. // Ақиқат, 1998. № 4; З.Серікқалиев, К.Керейқұлов, Қ.Ергөбеков, А.Нағметов, Т.Мәмесейітов, Б.Майтанов, Б.Ыбырайымов,
2. Қазақ сыны тарихына қатысты еңбектерді хронологиялық жағынан қарастыра отырып, олардың эстетикалық-әлеуметтік, әдеби-теориялық мазмұнына сипаттама жасаңыз.
3. Кәсіби сынның, сыншылдық шеберліктің өсу және толысу жолдарын көрсетіңіз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет