Синтаксистанудағы ғылыми аппарат.
Қарастырылатын мәселелер:
Синатксис саласын зерттеген ғылыми-танымдық еңбектер
Жаңа ғасыр қазақ тілі синтаксисінің сипаты
1. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 бет. «Тіл – құрал» деген атпен 1914-1925 жылдары бірнеше рет жарық көрген. Соның ішінде «Сөйлем жүйесі мен түрлері» (1925) аталымындағы бөлік осы кітаптың 263-321 бетін қамтып, қазақ тілінің синтаксисін жан-жақты ашуға арналған. Бұл еңбек толықтырылып, Ғарифолла Әнес құрастыруымен «Байтұрсынұлы А. Қазақ тіл білімінің мәселелері» (- Алматы: «Абзал-Ай» баспасы. – 640 бет) деген атпен 2013 жылы қайта шығарылды. Синтаксис саласына қатысты мәселелер еңбектің 155-235 беттерінде бекітілген.
2. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы: Санат, 1994. – 320 бет. Алғаш рет 1940 жылы «Қазақ тілі синтаксисінің қысқа курсы» деген атпен жарық көрді. Мұның 1-бөлімі ғана өңделіп 1950 жылы қайта басылды. Синтаксис салаларының қай-қайсысы да терең қамтылған. Алғашқы бөлім синтаксис пен басқа ғылымдар қарым-қатысын көрсеткен де, арнаулы бөлім Сөйлем мүшелері, Жай сөйлем түрлері, Құрмалас сөйлем деген атауға телініп, синтаксистік бөлімдерді арқау еткен. Қосымшада мектеп оқулығы ретінде 1951-58 жылдары бірнеше рет жарық көрген синтаксистік ілім баяндалады. Синтаксистік ой-толғамдар ғалымның мына еңбегінің үшінші бөлімінде тарқатылған: Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы: «Ғылым» ғылыми-баспа орталығы, 2002. – 368 бет.
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, Ғылым, 1999. – 112 бет. Дәл осындай атаумен 1966 жылы да жарық көрген. Сөздердің байланысу түрлері мен құрмалас сөйлем түрлеріне қатысты мақалалық пайымдаулар бар. Еңбектің толық нұсқасы Ғарифолла Әнес құрастыруымен «Жұбанұлы Қ. Қазақ тіл білімінің мәселелері» (- Алматы: «Абзал-Ай» баспасы. – 640 бет) деген атпен 2013 жылы қайта шығарылды. Синтаксис саласына қатысты мәселелер еңбектің бірінші тарауында танытылған.
4. Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. Очерктер. – Алматы, 1948. Бұл еңбек төрт тарауға бөлінген. Алғашқысында синтаксистік қатынастар мәселесі, олардың берілу тәсілдері жан-жақты баяндалса, басқа тараулар құрмаластың өзі ұсынған түрлерін сипаттайды. Ғалымның синтаксистік еңбектері «Н.Т.Сауранбаев «Қазақ тіл білімінің проблемалары» деген атпен 1982 жылы шыққан еңбекте жинастырылды.
5. Жиенбаев С. Синтаксис мәселелері. – Алматы, 1941. – 44 бет. Бұл еңбек құрмалас сөйлем түрлеріне қатысты мәселелерді қозғайды. Салалас пен сабақтастың мағыналық топталулары беріліп, үйірлі мүшелі сөйлемдерді құрмалас қатарына тарту да орын алды.
6. Бегалиев Ғ. Құрмалас сөйлем. – Алматы, 1940. – 27 бет. Тек құрмалас түрлерін, әсіресе салалас пен сабақтас, сөз еткен және мектеп мүғалімдері үшін жазылған еңбек.
1925-50 жылдар аралығында қазақ тілі синтаксисі осындай еңбектермен танылды. Және бұларды классикалық үлгідегі еңбектер деп санауға болады. Дәл осы жылдары синтаксис салалары анықталып, тіпті мәтін мәселесі де күн тәртібіне енді.
7. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. ЖОО студенттеріне арналған бірінші оқулық. 1965 және 1971 жылдары қайталап басылды. Оқулық синтаксисті сөз тіркесі, жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксисі тұрғысынан танытқан. Алғашқы екеуінің авторы М.Балақаев та, соңғысының авторы Т.Қордабаев. Бұл еңбектер кейіннен жеке-жеке болып басылды. М.Балақаевтың еңбегі жоғарғы атауға Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі атауымен «Ана тілі» баспасынан 1992, 2003 жылдары – 248 бет, Т.Қордабаевтың еңбегі «Санат» баспасынан «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер» - 176 бет деген атпен 1995 жылы шықты. Екеуі де министрлік мақұлдауымен жарияланған.
8. Қазақ тілінің грамматикасы. 2-том. – Алматы: Ғылым, 1967. – 236 бет. Бұл еңбек 1954 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілі» академиялық еңбектің синтаксистік тарауларына толықтырулар енгізу арқылы жаңартылған. Жалпы автор саны – 9. М.Балақаев – Синтаксис және оның зерттеу объектілері, Сөз тіркесі; Ж.Болатов – Сөйлем мүшелері, оның құрылысы мен түрлері. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Айқындауыш мүше. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері мен жалпылауыш сөздер; М.Томанов Тұрлаусыз мүшелер; Р.Сыздықова – Оқшау сөздер; Р.Әміров – Сөйлемнің түрлері: хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті; А.Әбілқаев – Атаулы сөйлем. Толымды, толымсыз сөйлемдер; Ғ.Мадина – Белгісіз жақты және жақсыз сөйлемдер; Т.Қордабаев – Құрмалас сөйлем. Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары. Салалас құрмалас сөйлем; Қ.Есенов – Сабақтас құрмалас сөйлем. Бағыныңқы сөйлемнің өзіндік белгілері. Сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлері. Көп бағыныңқылы сабақтас сөйлем.
ЖОО студенттеріне арналған 1970 жылға дейінгі еңбектер осымен түгесілді. Мұның сыртында ғылыми монографиялар (Р.Сыздық, Т.Қордабаев, Қ.Есенов) мен мақалалар барынша мол шықты. Мұнан кейінгі уақытта, яғни 1990 жылдардың ортасына дейін қазақ тіл білімінде, оның ішінде синтаксисінде, кенестік тоқырау орын алды. Тек 1983 жылы сөз тіркесі мен сөйлем мүшелері мәселесін қозғаған, жай сөйлемнің мағыналық топтастырылуына аса жоғары мән берілген оқу құралы шықты:
9. Р.Әміровтің Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Мектеп, 1983. – 168 бет. Бұл кейінгі жылдары қайта-қайта жарыққа шықты.
10. Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы: Білім, 1995. – 135 бет. Еңбек құрмалас сөйлем мәселесін тиянақтайды. Салалас пен сабақтас құрмаластың мағыналық түрлері осы еңбекте нақты орнығады. Жаңаша көзқарастың жолдары бар десе болады. Тек көп сыңарлы құрмалас түрлері бұрынғы түсіндірумен берілген.
11. Абылақов Ә., Исаев С., Ағманов Е. Сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі. – Алматы: Санат, 1997. Өте жоғары дәрежеде, жаңа пікірлермен берілген оқулық. Осы оқулық сөз тіркесі мәселесіне басқаша қарауды қозғайды. Тіркестердің жаңаша сипатталуы орын алады.
12. Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы, 1998. Қазақ тарихында ең алғаш жарыққа шыққан энциклопедиялық сөздік. Синтаксистік ілімге қатысты тұжырымдар мен оған қатысты пайымдаулар қозғаған еңбек иелерін табуға қолайлы.
Достарыңызбен бөлісу: |