Синтаксистік парадигмалар



Pdf көрінісі
бет349/374
Дата07.01.2022
өлшемі2,27 Mb.
#17280
түріМонография
1   ...   345   346   347   348   349   350   351   352   ...   374
«Жаз  өтті.  Жауындатып,  қара  желдетіп,  шөпті  қуратып,  жа-
пырақты  сарғайтып,  елді  əбігер  қылып,  ала-сапырандатып  күз  өтті. 
Үсті-басы  қырауытып,  қылышын  сүйретіп,  шықыр-шықыр  етіп  қыс 
келді.
Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның 
қарын  қаңтарға  қосты.  Ұдайымен  алай-дүлей  ақтүтек  боран  соқты. 
Боран  ашылса,  шартылдаған  сар  шұнақ  аяз  қысты.  Жер  сіреу  қар. 
Жылымық  болса  жаңбыр  жауды.  Жер  көк  сең,  малдың  аяғын  қызыл 
жосың қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге 
жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр    - 
қараймастан, күнбатыстан шатынаған, шақшиған, жалғыз көзді жан 
алғыштан  жаман  жарық  жұлдыз  шығады,  күннен  күнге  шарықтап, 
көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай ызғырады да тұра-
ды» (Ж.Аймауытов).
Мəтіндегі  əр  сөйлемде  де  рематикалық  екпінге  ие  сөздер - зат,  құ-
былыстың  атаулары  болып  тұрған  сөздер.  Олар  суреттелетін  құбылыс-
тың (қыстың жайсыздығы) сипатын береді. Етістіктер зат есімдермен бір 
тіркесте  бір  логикалық  екпін  құрап,  сол  құбылыстардың  бар  екендігін 
ғана хабарлайды. Сөйлемдердегі басқа сөздердің де мəнін жоққа шығар-
май, бірақ ойдың ілгері қозғалысын, негізінен, заттық ремалар атқараты-
нын байқауға болады.
Зат,  құбылыстарды  суреттейтін  жоғарыдағы  мəтіндерде  күрделі 
синтаксистік  тұтастыққа  біріктіруші  тəсіл  ретінде  заттық  ремалардың 
мағыналық – грамматикалық  біркелкілігі  қызмет  етеді.  Мəтіндердің 
мазмұны  қатарлас,  біркелкі  зат,  құбылыстарды  бейнелеуге  құрылған. 
Соған орай сөйлемдердің құрылымы біртектес, бірыңғай санамаланған 
интонациямен оқылады. 
Енді  мазмұны  бір-бірін  жылдам  ауыстыратын  қимыл-үдеріске 
құрылған  мəтінге  назар  аударайық.  Бұл  жағдайда  қимылды  атайтын 
етістіктерге логикалық екпін түсіп, ремалық қызмет атқарады. 
«Күн бата шұбартып мал шеті де көрінді, боран да үдеңкіреп кетті. 
Жұмекең  жетектеп  келе  жатқан  қара  бурылына  да  мініп  алды.  Күні 
бойы  бір  дыбыс  шығармай,  шоқыта  берген  кісі: «Жануарларым-ай!.. 
Жатырмысыңдар аман!» - деп қалды. 
Бурылға  қасқыр  қарасы  көрінгенде  ғана  мінуші  еді  иесі.  Соған
дағдыланған бурыл ат тізгінді керіп, сүзе жөнелді. Қараңғы түсіп кет-
пей,  малдың  сүреңін  көріп  қалғысы  келіп,  иесі  де  асығып  келеді.  Əлде, 
келе жатқан Жұман екенін таныды ма, əлде боранның күшейіп кете-
рін  сезе  ме,  жылқышылар  да  малдың  етек-жеңін  жинап,  ұзын  сары 
жонның  шығыс  жақ  бетіне  қарай  аударып  барады.  Батыс  жақта 


436
437
Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар
ІІ бөлім. Коммуникативтік парадигмалар
бір  қос  жылқы  қарауытып  бір  елес  беріп  еді,  ол  енді  көрінбей  кетті»
(Ғ.Мүсірепов). 
Алдыңғы мəтіндерде заттың рематикалық үстемдігі туралы айту ке-
рек болса, бұл мəтінде қимылдың рематикалық үстемдігі туралы айтуға 
тура  келеді.  Рематикалық  басымдылық  қимылды  білдіретін  етістіктер 
арқылы берілген.
Кейбір мəтіндердің рематикалық басымдығы импрессивтік делінеді. 
Оларда  сыртқы  əлем,  қоршаған  орта,  болмыс  субъектінің  сезім  дүние-
сіне  əсер  етіп,  эмоционалды  қабылдауы  тұрғысынан  беріледі.  Импрес-
сивтік реманы бейнелейтін сөздер күй-қалып санатына жататын сөздер 
болып келеді, олар: мағынасы ерекше мəнге ие болатын дерексіз зат есім 
сөздер,  бағалауыштық  мəнге  ие  сапалық  сөздер  (сын  есім,  үстеу,  т.б.), 
қимыл-күйді  білдіретін  сөздер  т.б.  Мұндай  рематикалық  басымдылық 
көркем əдебиет, публицистикалық стильдерде жазылған мəтін түрлеріне 
тəн болып келеді. 
«Абай  мынадай  көктем  түнінен  соншалық  бір  тазалық  сезім,  таң 
лебін танығандай. 
Бұның жүрегі əдейі арналған таң лебін ерекше ұғынып сезінгендей. 
Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние, мынау маужыраған 
тынысты нəзік түн... бесігі ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйі ғой. 
Сүттей  жарық,  айлы  түн.  Таң  əлі  жоқ.  Бірақ  жоқ  екенін  білсе
де, Абай əлдеқандай өзгеше «таңды» сезеді. Күйік те, үміт те, қуаныш 
та,  азап  та  бар, - жүрек  таңы.  Кеуде  толған  өзгеше  ыстық,  өзгеше 
жұмбақ,  мол  сезім.  Соның  шалқи  түсіп  шарықтауы  көп.  Лыпыл  қақ-
қан  қанаттай  тоқтаусыз  құбылып,  тыныштық  ала  алмай  лепіреді»
(М.Əуезов).
Сонымен,  мəтіннің  мағыналық  типтері  болады  жəне  оларды  сипат-
тайтын рематикалық басымдықтар болады. Мəтіндердің мағыналық түр-
леріне:  зат,  құбылысты  суреттейтін  мəтіндер  (рематикалық  доминанты 
– заттық мағынаны беретін сөздер); зат, құбылыстың не кейіпкердің си-
патын беретін мəтіндер (рематикалық доминанты – сапа-күйді білдіретін 
сөздер);  қимыл-қозғалысты  білдіретін  мəтіндер  (рематикалық  доми-
нанты – етістіктер);  қалып-күйді  суреттейтін  мəтіндер  (рематикалық 
доминанты  тұрақтылықты  білдіретін  сөздер);  мағынасы  болмысты  же-
келік-субъективтік тұрғыдан қабылдау түрінде келетін мəтіндер (ремати-
калық доминанты – экспрессивтік сөздер) жатады.
Мəтіннің  мағыналық  түрлерін  жəне  олардың  рематикалық  басым-
дылықтарын белгілеу оларды ұйымдастырып бейнелейтін тілдік құрал-
дардың  ерекшеліктеріне  негізделеді.  Əрқайсысындағы  сөйлемдердің 
синтаксистік-мағыналық  үлгілері  (модельдері),  олардағы  сөздердің 
мағыналық-грамматикалық  топтары  ерекшеліктерге  ие  болып  келеді. 
Əрине, мəтіннің жоғарыдағы типтері нақтылы шығармаларда таза түр-
лерінде кездеспейді, олар əр алуан қатынаста, араласып, қиюласып келіп 
отырады. 
Сонымен,  сөйлем  құрылысы  мен  күрделі  синтаксистік  тұтастық 
құрылысы мəтін аясында байланыста, қарым-қатынаста болады. Ондай 
қарым-қатыстылықтың құрылымдық-мағыналық негізі бар. Əрине, мəтін 
құрылымы мен сөйлем құрылымы тең емес. Алайда тұтастық пен оның 
бөлшегінің  арасында  байланыс  болатыны  сияқты,  мəтіннің  жалпылан-
ған  мағынасы  мен  сөйлемнің  жалпыланған  мағынасы  арасында  ортақ
белгілер  болады,  айырмасы – алдыңғысы  бір  саты  жоғары  тұрған 
құрылымдық тұлға-бірлік.
Мəтін  құрамындағы  сөйлемнің  ремасы  екі  жақты  қызмет  атқарады: 
сөйлем  ішінде  темаға  қарсылық  құрап,  бұрынғы  мен  жаңа  мəлімет-
ті  байланыстырса,  сөйлемнен  тыс  жерде  басқа  ремалармен  мағыналық 
қатынасқа түсіп, мəтіннің рематикалық доминантын жасауға қатысады. 
Сол  арқылы  мəтіннің  мағыналық  бірлігін  жүзеге  асырады,  əрі  мəтінді 
мағыналық  бөліктерге  бөледі.  Мынадай  заңдылықты  байқауға  болады: 
мəтін архитектоникасында теманың белгілі бір типтеріне реманың бел-
гілі бір типтері қарым-қатысты, сəйкесті келеді.
Тема-рема санаттары жылжымалы, грамматикалық санаттар болып та-
былатын субъект-предикатты ғана білдірмейді, кейбір оқшауланған сөй-
лемдерде тема-рематикалық қатынастардың бірнеше нұсқалары болады.
Сөйлемнің  тема-рематикалық  (актуалды)  бөлінуі  мəтін  грамматика-
сына  жатады.  Мəтін,  оның  мағыналық  бағыт-бағдары,  оның  компози-
циялық-мағыналық  доминанты  сөйлемдегі  тема-рематикалық  бөлінуді 
айқындайды. 
1) Жол бойымен келе жатқан аңшы. 
2) Жол бойымен аңшы келе жатыр.
3) Жол бойымен келе жатқан – аңшы (заттық доминант).
Бұл сөйлемдердің мазмұны заттық мағынаға ие, сондықтан сөйлем-
дер заттық доминанттың заңдылықтарына бағынып құрылған (сөздердің 
орын тəртібі соған бағынған).
– Аңшы келе жатыр.
–  Аңшы  жол  бойымен  келе  жатыр.  Бұл  сөйлемдерде  қимылдың 
үстемдігі орын алған.


438
439
Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар
ІІ бөлім. Коммуникативтік парадигмалар
 Жоғарыда сөз болған жайлар жалпы мəтінге, барлық мəтінге қатысты 
емес, əрине. Əр жанрдың, стильдің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты 
мəтіндердің өзіндік ұйымдастыру құралдары мен тəсілдері болады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   345   346   347   348   349   350   351   352   ...   374




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет