Мынау, мынадай, былай сияқты сілтеу есімдіктері өздерінен кейінгі
болатын мазмұнға, оқиға, құбылысқа сілтейді де, бұл есімдіктер қатысып
тұрған сөйлем мағыналық тұрғыдан тиянақсыз болады. Мысалы:
Бұл оқиға былай болған еді. Қай жақтан екенін кім білсін, қыс орта- сы ауған соң, колхоз қоймасына бидай келіп түсіріле бастады. ... Əкем екеуіміз бір қап алтын берсең де, таптырмайтын бір пұт бидайды алып қуана-қуана үйге келдік (С.Шаймерденов).
Сілтеу есімдіктері дербес сөйлемдерді өзі жеке-дара ғана тұрып бай-
ланыстырумен бірге, лексикалық я синонимдік қайталаулармен бірлесіп
те байланыстырып отырады. Бұндай жағдайда алдыңғы сөйлемдегі сөз, я
сөздер келесі сөйлемде нақтылана, дəлелдене қайталанады да, екі сөйлем
арасындағы қатыстылық нығая түседі. Мысалы:
Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіп- те. Бойы өскен. Қол аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ əлі сол мүсінде үлкендік жоқ. То- лық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес. Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазірде қаладан қайтқандық жəне ауру қосылғандық бар ма, əйтеуір бозғылданған. Сұ- йықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. О да ауырғандық пен күн көзінде болмағандық белгісі. Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті (М.Əуезов).
Осы үзіндідегі соңғы сөйлемнің сілтеу есімдігін «осынысына» деп
алсақ, жоғарыда көрсетілген тұтас портреттің жалпылануы нақты бол-
мас еді, тіпті, «осы» есімдігі қай сөздің орнына жүріп тұрғанын іздеп
жаңылысуымыз да мүмкін, ал «осы сияқты қалпы» дегенде жоғарыдағы
портрет мазмұны түгелдей қамтылып тұр.