Ескерту: мұнда Адай және Торғай уездерінің халқы кірмей қалған.
Қазақ АКСР-нын территориясының жалпы көлемі 2.405580 кв.верстке тең болды;
д) біріккен Қазақстан Орта Азия республикаларымен табиғи-тарихи, ұлттық-тұрмыстық және экономикалық жағынан тығыз байланыста болғандықтан олармен Орта Азия Экономикалық Кеңесі және РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы арқылы экономикалық шараларын және өзара қатынастарын реттеп отыру міндетін алға қояды.
Қазақстан басшылары ұлттық-мемлекеттік межелеу барысында республика алдында тұрған міндеттерді барынша дұрыс түсініп, оны негіздеудің және дұрыс шешудің де жолдарын нақты көре білді деп санауға толық негіз бар.
Олардың терең негіздеп нақтылаған бірінші мәселесі Ташкент қаласының тіршілік-тынысы түркістандық қазақтар өмірімен біте қайнасып кеткендігі, Ташкенттің қазақтар басым тұратын Сырдария облысының орталығы ретінде бүкіл Қазақстанның сауда, экономикалық, мәдени және саяси орталығы болып келгендігін және бола беруі тиіс екендігін тарихи және статистикалық деректермен толық дәлелдеуі болды. Сондықтан да ұлттық-мемлекеттік межелеуге қатысқан Қазақстан өкілдері Ташкент қаласы болашақ біртұтас Қазақстанның ғана астанасы болуы тиіс деп дәлелдеді. Бұл ұсыныс басқа емес, Қазақ ОАК-тің төрағасы С.Меңдешев, РК(б)П Қазақ обкомының басшысы А.Корастелев, Қазақстанның Түркістан ОАК-тіндегі өкілі Т.Жүргеновтер даярлаған тезистер мен жазба баяндамада көрсетілді. Бұл тезистерді даярлауға Түркістан ОАК-ті төрағасының орынбасары, Түркістан компартиясы ОК-нің хатшысы, РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросының мүшесі, ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі Аумақтық комиссияның мүшесі С.Қожановтың қосқан үлесі де мол болды.
Қазақстан өкіметінің ұлттық-мемлекеттік межелеудегі екінші дәлелі және нақты бағыты қазақтар ежелден мекендеп келе жатқан Түркістан АКСР-ы қарамағындағы екі облыстың түгелімен (Сырдария облысының орталығы Ташкент қаласымен қоса) Қазақ АКСР-ы құрамына өту мәселесі болғанын жоғарыда айттық. Сондай-ақ мұнда қырғыздар мекендейтін Жетісу облысының оңтүстік бөлігі болашақ Қырғыз автономиялы облысына берілетіні де нақты атап көрсетілді. Самарқанд облысы Жизақ уезінің қазақтар мекендеген 6 болыстығының да Қазақстанға қосылуы анықталған мәселе болды.
Бұқар және Хорезм республикаларындағы ұлттық-аумақтық мәселенің қарақалпақ халқына және Амудария облысында тұрып жатқан қазақтарға қатысты бөлігінің ол республикалар тарапынан шешілмеуі Қазақстан басшылығының бұл мәселелерде өз бағытын әлі де ашық ұстай тұруға мәжбүр етті. Түбінде бұл мәселе Қазақстан жағының пайдасына шешілгенін кейінгі жұмыс нәтижелері көрсетті.
Өзбекстан аумағында қалатын қазақтардың тағдыры аталған тезистер мен жазба баяндамада әлі де нақтыланып, қандай бағыт ұсталынатыны тұжырымдалынбаған еді. Кейінірек ондағы қазақтардың саны 89000 емес, 200000 екендігі айқындалған кезде, бұл жөніндегі Қазақстан басшылығының бағыты нақты сипат алды. Оларға Өзбекстан құрамында автономиялы облыс беру талап етілді.
РК(б)П ОК-нің Қазақ обкомы дайындаған жоба мынадай: "РК(б)П ОК Саяси бюросы РК(б)П Қазақ обкомының Бұқар және Түркістан республикаларының Орталық комитеттерінің ұлттық межелеуді жүргізу жөнінде анық білдірілген еркін еске ала отырып, қазіргі ТАКСР-ның қазақтар мекендейтін аумағын Қазақ республикасына біріктірудің қажеттілігі туралы баяндамасын тыңдап, аталған республикалардың мемлекеттік-аумақтық шарттары жергілікті жерлердің талаптарына сәйкес келу мақсатында қаулы етеді:
І. Түркістан республикасы ұлттық белгілеріне қарай біріктіру арқылы межеленсін:
а) қазақ аумақтары құрамында Сырдария және Жетісу облыстары, орталығы Ташкент қаласы болып Қазақ АКСР-на біріктірілсін;
б) өзбек аумақтары құрамында Ферғана және Самарқанд облыстары, қазіргі Бұқар республикасымен қоса орталығы Самарқанд қаласы болып Өзбекстанға біріктірілсін;
в) Түркістанның жоғарыда айтылған облыстарының қара-қырғыз және тәжік аумақтары ерекше автономиялы облыстарға бөлінсін, олардың басқару формаларын (олардың белгілі республикалар немесе РКФСР құрамына кіруін) осы облыстар кеңестерінің бірінші съездеріне тапсырылсын;
г) Амудария облысы Хорезм республикасымен біріктірілсін;
д) Бұқар және Түркістан республикаларының түркімен аумақтары ерекше республикаға бөлінсін.
2. Көрсетілген межелеу, сондай-ақ жоғарыда айтылған ережеге сәйкес біріктірулер, республикалар мен облыстарды құру КСРО кеңестерінің келесі съезіне дейін аяқталсын.
3. Жаңадан жобаланған республикалар мен облыстар арасындағы өзара қарым-қатынастар және орталықпен байланыстар қайта құрылуға тиіс РК(б)П ОК Орта Азия бюросы арқылы жүргізілсін.
4. Орта Азия бюросының жаңа құрылған құрамына саяси бюроға межелеудің түпкілікті жобасын тез арада бекітуге ұсыну тапсырылсын.
5. Жоғарыда айтылған республикалар арасындағы шаруашылық мәселелерін келісіп шешіп отыру үшін Орта Азия Экономикалық Кеңесі құрылсын.
Бұл РК(б)П Қазақ обкомының 1924 жылғы маусымның басындағы бағыты еді. Бағыттың жобалары жоғарыда сөз болған тезистер мен жазба баяндамаға негізінен сәйкес келеді. Бірақ одан біршама уақыт бұрын даярланғандықтан кейбір өзгешеліктері, атап айтқанда, шешімін таба алмаған мәселелері де бар еді. Орынборда орналасқан Қазақ обкомына Түркістан, Бұқар және Хорезм республикаларында болып жатқан оқиғалардың мәні біршама кешігіп жетуіне байланысты осындай өзгешеліктер туындаса керек.
Қазобком жобасын жасаған авторларға қырғыз және тәжік халықтарының тағдыры туралы мәселе әлі толық таныс емес сияқты. Қазобком оларға үстірт қана тоқталғандай. Ал қарақалпақ мәселесі мүлде қойылмаған. Амудария облысын Хорезм республикасына қосу туралы ұсыныс қана бар. Бұл Хорезм республикасы ұлттық-мемлекеттік межелеуден шеттеп тұрған кезең еді.
Оның үстіне бұл құжатта негізінен Түркістан республикасындағы қазақ жерлерін Қазақ республикасының құрамына біріктіру мәселесі бірінші орынға қойылған болатын. Құжат ТАКСР ОАК төрағасының орынбасары С.Қожанов арқылы РК(б)П Орта бюросына беріліп, сол арқылы РК(б)П ОК-нің Саяси бюросына ұсынылған.
Қазақ республикасы үшін Орта Азияны ұлттық белгісіне қарай межелеуде "Қазақ республикасының Орта Азиядағы шекарасының жобасы" атты құжаттың маңызы үлкен.
Жоба РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы құрған аумақтық комиссия мүшелері: Қазақ ОАК-тің төрағасы С.Мендешевтің, Түркістан ОАК-нің төралқа мүшелері С.Қожановтың, А.Серғазиевтің және Ғ.Әлібеков пен С.Есқараевтың тікелей қатысуымен жасалса керек. Себебі жобаның соңындағы қосымшаға осы қайраткерлердің қолы қойылған. Жоба ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр.
"Қазақ республикасының Орта Азиядағы шекарасының жобасы" Қазақстанның шекарасын дәл және нақты анықтауымен ерекшеленеді.
Жобада: "қазақтар, олардың аумағы өздерінің шашыраңқы, көшпелі өмір сүруіне байланысты шығыс жақтан да батыс жақтан да отарлауға, әсіресе, патша үкіметінің күшті қанауына түскен, мәдени және экономикалық өмірі тұрғысынан тым артта қалған халық болып табылады"[27. 152-153], -деп көрсетілген.
Бұл жобада жоғарыда талқыланған тезистер мен баяндамалық жазбадағы Қазақстан жағы басшылыққа алған қағидалар мен принциптер негізінен тағы да қайталанғанымен олардың мазмұны байытылып, онан әрі тереңдетілген. Бұл қағидалар мен принциптер 7 тармақтан тұрады.
"А" тармағында бұрынғыдай қазақ жерлерін біріктіру негізіне қазақтар, оларға жақын қырғыздар мен қарақалпақтарды есепке алу принципін басшылыққа алу қажеттілігін көрсете келіп, "в" тармағында "құрамалардың" қазақтың бір бөлігі екендігіне, біршама өзбектермен ассимиляцияға түскендігіне назар аударылады.
Статистикалық деректерді есепке алғанда революцияға дейінгі, яғни 1898 және 1911 жылғы деректерді басшылыққа алу қажеттілігіне тағы да баса назар аударылды. Ол халық санақтарындағы сандық көрсеткіштерде ауытқушылықтар орын алғанын, 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі қазақтардың қырғынға ұшырағанын, 1918-1919 жылдары құрғақшылықта егін шықпай қалып, жаппай аштық жайлағанын, қазақтар санының күрт төмендеп кеткендігін, онан әрі халық санақтарында қазақтардың әдейі ата тегін өзбек етіп жазып, өзбектер санының жөнсіз өсіріліп көрсетілгендігін назарға алынуы керектігі принципті мәселе ретінде қойылды.
Әсіресе ескі Ташкент пен Шымкентте және т.б. қалаларда өзбектердің бір тобының қала тұрғындары ретінде қала халқы есебіне де, қалада тұрып жатып-ақ егіншілікпен айналысуына байланысты село халқының да есебіне кіріп кеткендігін ескеруді тағы да алға тартты.
Бұрын бөлінудің негізіне төменгі әкімшілік бірлігі ретінде болыстықты алу қажет деп саналса, енді даулы жағдайларда ауыл аумағын алуға болатындығы айтылды. Әр болыста орта есеппен 10-12 ауыл барын ескергенде бұлай ету дауларды шешуді жеңілдетер еді.
Осы айтылған принциптерге орай Орта Азиядағы Қазақ республикасының шекарасы мына түрде белгіленеді:
1. Каспий теңізі жағалауындағы Қазақ АКСР-ы мен Түркімен республикасы арасындағы шекара ретінде қазіргі Қазақ АКСР мен Түркістан АКСР-ы арасындағы шекара қалады. Даулы болатын шекаралық сызықтар мен құдықтар мәселесі кейіннен республикалар арасындағы келісім комиссиясы арқылы шешіледі;
2. Онан әрі Хорезм республикасының қазақ-қарақалпақ ауданы басталады, ол туралы мына жағдайды атап көрсеткен жөн; Хорезм республикасының Қоңырат-Ходжейлі ауданы мен Амудария облысын қазақтар мен оған туыстас қарақалпақтар мекендейтін бір аудан деп қарастыру қажет. Сондықтан да бұл екеуі де толығымен Қазақ АКСР-на қосылуға тиіс;
3. Осы жылдың сәуірінде Хорезм ОАХ-нің пленумы Хорезм республикасында үш автономиялы: Түркімен, Қазақ-қарақалпақ және Өзбек облыстарын құру туралы шешім қабылдады. Олардың шекарасын белгілейтін комиссия құрылды. Кейіннен комиссия жұмысын Хорезм ОАК-нің төралқасы бекітті. Қазақ-қарақалпақ облысының шекарасы былай белгіленді: оңтүстік шекара (Ханяб) магистралды арығы арқылы өтіп, көне Үргенішке дейін созылады. Батысында Үргенішке сәл жетпей солтүстік-батыс бағытқа қарай жүріп отырып Бөтентау қыратына дейін созылады. Солтүстік шекарасы Арал теңізі болып табылады. Бұл облыстың негізгі қалалары Ходжелі, Қоңырат. алқының негізі қарақалпақтар мен қазақтар. Бұл өлке Шымбай уезімен және Қазақ АКСР-ның Адай уезімен тығыз байланысты. Адайлар Қоңырат қаласына дейін көшіп-қонып жүреді. Хорезм жөнінде статистикалық мәліметтердің жоқтығынан қандайда бір сандарды келтіру қиын. Халқының құрамына қарап Қоңырат-Ходжелі ауданы Қазақ АКСР-на кіруі тиіс. Ол Адай, Шалқар және Ойыл уездерімен бірыңғай экономикалық ауданды құрайды.
2. Амудария облысы. Қоныс аудару басқармасының 1915 жылғы мәліметі бойынша мұнда мынадай шаруашылықтар бар: қарақалпақтар —15268 адам, яғни 45.5%, қазақтар — 8227 адам, яғни 24.6%, өзбектер — 7241 адам, яғни 21.6%, түркімендер -2134-6.4% құрайды. 1920 жылы Орталық статистика басқармасының мәліметі бойынша облыста қарақалпақтар — 62776 адам немесе 39%, қазақтар — 35568 немесе 22%, өзбектер — 48782 немесе 30% болған. Бұған негізінен қазақтар тұратын Тамды ауданының мәліметтері кірмей қалған. Осы үш ұлт облыста араласып тұрады. Өзбектер басым болатын бірде-бір болыс жоқ.
Қоныс аудару басқармасының (1915 жыл) мәліметі бойынша қазақтар-қарақалпақтар 70%, өзбектер 21.6% құраған. 1920 жылғы толық емес мәліметтер бойынша қазақ-қарақалпақтар — 61%, өзбектер — 30% болды.
Халықтың қым-қиғаш араласып кетуіне байланысты өзбектерді өз алдына бөлу мүмкін емес. Мұндағы өзбектердің тұрмысы да қазақтарға тым жақын.
Қазақ аумақтық қосалқы комиссиясы Амудария облысының және Шымбай, Ходжелі аудандарын жоғарыдағы негіздерге орай Қазақ республикасына қосуды талап етті. Осылайша Қазақ республикасы шекарасы Бөтентау қыратынан оңтүстік-шығыста көне Үргенішті жанап өтіп, Ханяб бас (магистралды) арығы арқылы Амударияға шығады, одан әрі Амударияны жағалап отырып Бұқара республикасына тіреледі.
3. Одан арғы шекара қазіргі Амудария облысы мен Бұқар республикасы шекарасы арқылы жүреді.
Қазақ аумақтық қосалқы комиссиясы Бұқар республикасындағы қазақтар үшін Өзбек республикасы құрамындағы Қазақ автономиялы облысын құру туралы талап қойды. Ол облысқа қазақтар тұратын Кермене және Нұрата уәлаяттары толығымен және Бұқар уәлаятының Аютерек туманы және Орта шөл ауданы кіруі тиіс. Облыс орталығы ретінде Кермене қаласы ұсынылды.
Осы өңірде Қазақ АКСР-ның мемлекеттік шекарасы Бұқар республикасы шекарасы арқылы Нұрата тауларының қыраттарымен Жизаққа 15 км қалғанда Жетімтауға бұрылады да, бұрынғы Үштөбе почта станциясы арқылы Ломакино деп аталатын темір жол станциясына жетеді. Одан темір жол арқылы Хилькова станциясына тіреледі. Одан әрі Голодностеп каналы арқылы жүріп отырып, Конногвардейск поселкісіне жетеді. Одан Сырдарияға келіп тіреледі де Ферғана облысының шекарасына ұштасады. Одан кейін шекара Шоугаз суайырымы арқылы жүреді.
Одан әрі Ташкент уезі басталады. Ташкент уезінің толығымен Қазақстанға қосылу қажеттігі жоғарыда егжей-тегжейлі айтылды. Осы жерде Ташкент уезінің халқы туралы да айта кеткен жөн. Ташкент уезінің 1911 және 1920 жылдардағы халқының саны туралы салыстырмалы деректер төмендегідей: