Зерттеудің хронологиялық шеңбері. Жұмыста қарастырылмақ уақыттық ауқым 1924-1926 жылдармен шектелген. Зерттелуге алынып отырған осынау мерзім шегі Қазақстан өміріндегі ірі тарихи бетбұрысымен ерекшеленген кезеңді қамтиды. 1924 жылы Орта Азияда жүргізілген ұлттық-территориялық межелеу кезеңінде қазақ халқы мен оның басқарушы элитасының ұлттық мемлекеттік үшін күресі жаңа сипат алды, жаңа мазмұнға ие болды. Межелеуге қатысқан тұлғалар керегесі кеңейген Қазақстанның белсенді қайраткерлері болды. Сондай-ақ бұл жылдар, әсіресе 1925 ж. сәуірдегі Қазақстан Кеңестерінің бесінші съезі, кеңестік билік ауқымында мүмкін болған ұлттық мемлекеттік үшін күрестің ең биігіне шыққан салтанатты шағына айналды. Сонымен қатар, көп ұзамай-ақ, РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің 1926 ж. қарашада өткен 3-пленумы республиканың басқарушы элитасындағы ұлттық-мемлекеттік мүдде үшін батыл күрес жүргізетін көрнекті қайраткерлерге ойсырата соққы берді. Бұл - ұлт мәселесін пайымдау кілті орталықтың тоталитарлық билігі қолына біржолата көшкенін, Қазақстанның саяси басшылығындағы қазақ элитасының ұлттық мемлекеттік үшін күресінің жеңілгенін көрсететін саяси оқиға болатын. Кеңестік жүйе ауқымындағы қазақтың ұлттық мемлекеттігі үшін күрес табиғатын зерттеудің жоғарыда көрсетілген хронологиялық шегі осындай пайымдармен белгіленді.
Зерттеудің методологиялық негізі. Зерттеу жұмысы жан-жақты тексерілген, обьективті ғылыми жүйелілік негізінде орындалды. Тарих материалдарын бағалауда қоғамның даму шындығының тарихи және логикалық қисындарын әділ сараптау жолымен қорыттық. Тарих сахнасынан ығысқан билеуші партияның "маркстік-лениндік методология" атты ғылыми таным құралымен қарастырылып бағаланған оқиғаларды талдауымызға пайдаланғанда, оны анықталған дәл тарихи фактілер негізінде қайта саралап, тарихи деректерді салыстырып қарау әдісін қолдандық.Ұлттық мемлекеттік идеясына байланысты XX ғ. алғашқы ширегінде ұлт зиялылары (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсын, М.Шоқай және т.б.) еңбектерінде айтылған теориялық тұжырымдар зерттеуде басты методологиялық принцип ретінде негізге алынды.
Осыған байланысты мына жәйтті еске сала кету ләзім. 20-жж. қайраткерлерінің тарихтағы рөлі мен орыны әлі күнге дейін жеткілікті дәрежеде, тарихи контексте, объективтілікпен зерттеліп-анықталмаған қызметтерінің тиісті бағасы беріле қоймаған Олардың кейбірінің өз істердегі қызметіне орай қалыптасқан қилы пікірлер бар. Бұларды талдап ақ-қарасын ажырату біздің жұмысымыздың міндетіне жатпайды. Сондықтан біз оларды зерттеу тақырыбымыздың талабы тұрғысынан, белгіленген уақыт кесіндісінде ғана қарастырамыз.
Қазақстан Ресей империясының отарына айналғаннан бастап, жер-су мәселесі ұлттың тұтастығын, халықтың елдігін сақтаудың ең өзекті проблемаларының біріне айналған еді. Бұл жайында XX ғ. алғашқы онжылдықтарында қилы әрекеттер жасалды. Депутат Бақытжан Қаратаев 2-мемлекеттік дума мінбесінен қазақтардың жер-су мүддесін қорғаған атақты сөзін сөйледі. Ресей конституцияшыл - демократтар партиясы орталық комитетінің мүшесі Әлихан Бөкейхановтың кадеттер қатарынан кетіп, Алаш партиясын құруға кірісуінің басты себептерінің бірі осы жер иелігін шешу мақсатынан [16]. Әкелерден мұраға қалған атамекен аумағын сақтау - қазақ халқының ұлттық экономикасын дамытып, ұлттық тұрғыда дамуының негізгі шарты еді. Сондықтан да 1917 ж. жалпықазақ Желтоқсан құрылтайы федеративті негізде ұйысуға тиіс Ресей Республикасының құрамында қазақтардың саяси және экономикалық дербестігі бар автономиясын құру қажет деп қорытқанды.
Орыс демократиясының және большевизмнің табиғатын терең тани келе, Түркістандағы (Орталық Азия аумағы) түркі халықтарының ұлттық тұтастығы үшін күресі барысында, Мұстафа Шоқай осы тұжырымды ілгері дамытты. Ол шынайы ұлттық мемлекеттікті тек тәуелсіздік жағдайында ғана құруға болады деп есептеп, эмиграцияда өткен бүкіл публицистік-қайраткерлік ғұмырын сол ойды насихаттауға арнады. Оның бұл реттегі көзқарастары "Ресейдегі ұлттық мемлекет мәселесіне орай" деген мақаласында неғұрлым айқын қорытылған. М.Шоқайдың тұжырымдауынша, КСРО «орыс» емес халықтардың мемлекеттігі мен тәуелсіздігіне жау жалғыз ғана ел... Осы елдің құрамындағы Қазақстанда ұлттық тәуелсіздік мәселесі түгел, саяси және ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары туралы сөз болуы мүмкін емес. Өйткені қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартып алына басталады. Британия халықтар одағы құрылымындағы басты фактордың бірі - еркін сауда байланысы болса, орыс халқының әдеті - басқалардың жерін басып алумен қоймай, оны орыстың жеріне айналдырып жіберуді көздейді. Сол себепті де осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды". [18] Осындай пайыммен М.Шоқай қазақ халқының ұлттық дамуын тек тәуелсіз ұлттық мемлекеттік қана қамтамасыз ете алатынын дәйектеді.
Алайда большевизм тарих сахнасында тұрғанда, М.Шоқай бағ-дарламасындағы азаттыққа жету мүмкін емес еді. Осындай жағдайда, ұлттық өркениетке сай өркендеуін қамтамасыз ететін ұлттық мемлекеттік идеяны тек сол большивизмнің өз тұғырында дамытып өмірге енгізу міндеті алға тартылды. Ал оны жүзеге асыру - Тұрар Рұсқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов, Сейтқали Меңдешев, Темірбек Жүргенов секілді қазақ коммунистерінің үлесіне тиген-ді. Олар, маркстік-лениндік теорияны игерудегі даярлығы жеткілікті коммунистер ретінде, қарастырылған уақыттық кеңістік шегінде, қолда бар қазақ мемлекеттігінің мазмұнын осынау мұратпен байытуды қалады. Бірақ, орталықтың қасаң да бірізді тоталитарлық бағытын жүзеге асырушылар ондай ізденістерге жол бермейтін. Осылай ұлттық мемлекеттік үшін күрес туды. Уақытында ол әртүрлі ауытқушылықтар мен антипартиялық бұрмалауларға баланды да, кеңестік тарихнамада өзіне тиесілі көрініс таппады. Тарихи мәніне сай бағаланбады.
Осы жәйттерді қарастыруда - тәуелсіздік жарияланғалы бергі уақыт ішінде гуманитарлық ғылым саласындағы мәселені зерттеу теориясы мен методологиясында Қазақстанда қол жеткізілген жетістіктер ескерілді. Соның нәтижесінде, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай тұжырымдауындағы ұлттық мемлекеттіктің ұғымының дәлелдік, салыстырмалық үлгі ретінде, жаңа парадигма санатында алу жолымен, сондай-ақ, үстем идеология қысымымен бұрмаланған деректік құжаттарды жаңаша қарастыру, бұрын беймәлім болып келген деректерді ғылыми айналымға енгізу арқылы, зерттеліп отырған кезеңді мейлінше объектиівті бағамдауға талпыныс жасалды. [17]