Байланысты: Сырым Датұлының Тар кезең романындағы портретін сипаттаңыз.
Сырым Датұлының "Тар кезең" романындағы портретін сипаттаңыз. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі салтанат құрған жылдары қазақ прозасындағы халық тарихының бұрын шығармалар арқауына асынбаған тұстары, тарихи тұлғалары көркем шындық поэтикасы өрнектерімен жазыла бастады.
Осындай шығармашылық үрдіс жемістері қатарына көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романы да қосылды. Романның тақырыбы – Қазақстан тарихында «Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы» атымен әйгілі болған халықтың тағдырындағы Ресейдің отарлық билеу кезеңінің оқиғалары. «Тар кезең» романының идеясы – Ресейдің отарлау саясатындағы озбырлықтардың (атақоныстардан, жайылымдардан еріксіз айыру, жазықсыз ауылдарды шауып, адамдарды өлтіру, тонау, барымталау, өзішілік басқару жүйесіне тиым салу, т.б.) етек алуына халықтық қарсыласу қуатын таныту. Жазушының «Тар кезең» тарихи романына арқау болған сюжеттік-композициялық желілердегі қақтығыстар, қазіргі «Қазақстан тарихының» жаңаша жазылған тарихнамалық-дерекнамалық деректі тұжырымдары негізінде жазылғандығымен ерекшеленеді.
Қазақ тарихындағы отаршылдық пен ұлттық тәуелсіздік арасындағы қайшылықтар, қақтығыстар мол орын алған кезең эпикалық шығарманың құрылысында қамтылған.
«Тар кезең» романының жеті тарауындағы сюжеттік-композициялық желілерде мынадай оқиғалар эпикалық көлеммен қамтылған: біріншісі – Ресей патшалығының әкімшілік жүйесінің қазақ өлкесін мемлекеттік ішкі саясат аясындағы генерал-губернаторлық басқару жүйесінің ерекшелігі; екіншісі – Кіші жүз хандығы басқару жүйесінің дәстүрлі жолы мен оның отарлық әкімшілігіне тәуелділік сипаты; үшіншісі – Ресейдің отаршыл озбырлық іс-әрекеттеріне тыйым салу қарсылығын танытушы «Халық кеңесінің» құрылғаны, оған үш ата өкілдерінің (Әлімұлын – Шекті Сегізбай биге, Байұлын – Шеркеш Тұрманбет биге, Жетіруды – Табын Тіленші биге) мүшелері болғаны, Халық кеңесінің Төбе биінің (Байбақты Сырым би), Төбе бидің кеңесшілерінің (Ысық Қаратау би және Кете Көккөз би) сайланғаны. Романда қазақ тарихына есімдері мәлім осындай көрнекті адамдар көркем бейнелерінің сомдалуы, оқиғалар барысындағы олардың іс-әрекеттері, монологтары, портреттері, т.б. ерекшеліктер көркемдік қолданыстар арқылы дәлелдеген.
Романның негізгі басты кейіпкері – Сырым Датұлы (1753-1802). Оның есімі қазақ тарихындағы би-шешендер, батырлар дәстүріне арналған тарихнамалық-дерекнамалық шежірелік мұраларда, ел аузындағы әңгімелерде, фольклортану, әдебиеттану, Қазақстан тарихы зерттеулерінде қарастырылып, бағаланып келгені мәлім. Үнемі назарда келе жатқан қайраткер тұлғаның романға арқау болғаны – Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіне тән жаңалық көрсеткіші. Сырым Датұлының белгілі тарихи кезеңдегі Ресей отаршылдығына қарсылық іс-әрекеттері романдағы көркем шындық поэтикасының эстетикалық сипатымен өрнектелген. Ресейдің отаршылдық халықты басқарған саясатын қазақ даласында жүзеге асырушы казак-орыстар қазақ ауылдарын барымталап, ауылдарды ойрандаса, Сырым батыр да олардың күтірлерін (хуторларын) шабады.
Отаршылдардың арнайы жазалау жорықтарынан қорғанып, қарауындағы елді бұрынғы қоныстарынан (Қырмызы, Қособа, Мақарша, Қарағұс, Қосағаш, Көкайыл, Бөлекқұмақ, Жетікөл, Тұздыкөл, Жосалы, Қоңыр, Талдыбұлақ, Тасқұдық, т.б.) көшіріп, жаңа қоныстарға (Қалдығайтының сыртындағы Қарақамыстық қойны, Көшекбасар, Ишқымбай, Жібек, Сұлукөл, Жем, Сағыздың жоғарғы жағы, бес өзеннің бастауы – Бестамақ пен Саға, т.б.) орналастырады.
Романның композициясындағы жекелеген сюжеттік бөліктерде басты кейіпкер Сырымның тұлғалануын даралайтын поэтикалық көркемдік шешім өрнектерін оқимыз. Сырымның көсемдік-басшылық айқын іс-қимылдары романның композициясындағы сюжеттік бөліктерде реалистікпен бейнеленген. Отаршылдардың жазалаушы жасақтарынан ауылдарды сақтау үшін сенімді мекендерге көшіргеннен кейін ұлттық-азаттық үшін күресетін қазақ қолын әскери-жауынгерлік жағдайға бейімдеп дайындайды. Әсіресе бетпе-бет шайқаста «… күндей күркіреген зеңбірегі, оқпанынан от бораған мылтығы бар орыстың өзі … жата қалып жер шұқып, тышқаншылап оқап қазып бауырымен жер сызып жүріп соғыспай ма?») деп, ауылдастырының үйлеріндегі «… тең-теңінің ішіне, кебежесінің түбіне тығып сақтатқан, тот баспасын деп таза матаға оратқан орыс мылтық, бұхары мылтық, хиуадан алдыртқан щамқал, бағзыдан келе жатқан қозыкеш, күлдірмамайларды бірінші рет жарыққа шығартып, майлатып-сылатып жалтыратып сүрткізіп, осының икемі бар-ау деген жігіттерге жеткенінше үлестіріп» отаршылдармен болатын шайқасты нағыз әскери қолбасшылықпен ұйымдастырады.
Автор эпикалық баяндау деректерімен Сырым Датұлының бұған дейін де отаршылдармен болған талай шайқастарға әсіресе Емельян Пугачев бастаған көтеріліс құрамында жүріп талай ұрыстарға қатысқаны айтылады. Ресейдің отаршылдық-басқыншылық соғыстарына қолбасшылық еткен А. В. Суворовтың граф. П.Панинге 1775 жылы 22 маусымда жазған хатына негіз болған. «Сол Сырым деген разбойникті көрген жерде ұстап, басын шабыңдар немесе қол-аяғына кісен салып, маған қайтсеңдер де жеткізетін болыңдар!» деп қамшылдапты деседі» дерегі де тарихи шындығымен маңызды.
Роман композициясында Сырымның әскери-қолбасшы тұғырындағы ұйымдастырушылығының нәтижесінде отаршылдармен болған бірнеше шайқастарда қазақ қолы жеңіске жетеді. Қолбасшы батыр Сырымның жаттығу кезіндегі дайындығы жанындағы серіктеріне де, ұлттық-азаттық жолындағы күрескерлерге де халықтың да сенімін күшейтті. Бес жүз мергеннің жүздіктерін бес жерге орналастырып, әр жүздіктегілердің ондықтары кезек-кезек оқ жаудыруын да бәрін тарихи деректі болмысымен оқырманның көз алдына елестетеді.
Романның көркемдік сипатын танытатын ерекшелігі – басты кейіпкер Сырымның қолбасшылық-батырлық қасиеттерін даралайтын сыртқы келбеті (портреті) мен мінез-құлық психологиясының поэтикалық тұтастықпен өрілетіндігі. Басты кейіпкердің кескін-келбетін киген киімімен, мінген тұлпарымен, сол мезеттегі табиғат құбылысымен, маңындағы адамдардың көңіл күйімен, сонымен бірге халық тағдырының өткені мен бүгінгі болашағын сабақтастыра толғанған жан ділі күйзелістерімен тұтастыра бейнелеудегі көркем шындық эстетикасына тән өрнектері мол байқалады.
Басты кейіпкер Сырымның ел ағасы – би тұғырындағы және батырлық-жауынгерлік рухы көтерілген сәттерінің ел тағдыры жолындағы азаматтық-қайраткерлік тұлғасын құрайтын психологиялық күрделі жағдайы соңына халық берік сеніммен ерген адам тұрпатын айқын елестетеді. Отаршылдарға қарсы шешуші майдан ашуға бел буған ел ағасы және қолбасшы батыр тұғырының тұтастығымен дараланған Сырым Датұлы жазушының өмір шындығын көркем шындықпен өрнектеген эпикалық баяндауы аясындағы психологиялық сырлы поэтикалық бейнелеулерімен берілген.
Роман сюжетінің шиеленісі сәтінде Ресейдің отарлық билеу жүйесі басшылығының би, батыр Сырым Датұлы бастаған ұлттық-азаттық қозғалысымен санасуға мәжбүр болғанын оқимыз. Сюжеттік шарықтау шегінде отарлық басқару орындары жіберген кісілерді бастап келген Орынбор мешітінің бас имамы, ахун Мұхамеджан хазірет Хұсайыновқа, генерал-губернаторға, сол арқылы Санкт-Петербургтегі патшайымға хат дайындалып жіберіледі. Кіші жүз рулары билері аталып, олардың атынан сенімді өкілі ретінде Сырымның қолы қойылып мөрі басылады. Ал роман сюжетінің шарықтау шегінде қарауындағы халқына опасыздық-сатқындық жасап, билігін сақтау үшін Ресейдің жазалаушы әскерлеріне ауылдарды талатқан, тонатқан Нұралы хан «Халық Кеңесінің» шешімімен тақтан тайдырылады.
Романның «Тар кезең» аталып, халық тағдыры үшін бастарын өлімге тіккен ұлттық-азаттық күресінің қаһармандарын көркем шындық поэтикасымен бейнелеуі қазіргі Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіндегі жетістіктеріміздің жарқын көрсеткіші. Романның құрылысындағы сюжеттік бөліктердегі оқиғалардың байланысын, дамуын, шиеленісуін, шарықтауын туындататын қайшылықтардың, қақтығыстардың романтикалық, реалистік сипатын айқындау үшін көптеген көркемдік тәсілдер қолданылған. Дәстүрлі бейнелеулердің бірі психологиялық егіздеулерге де орын беріледі.
Романның көркемдік сипатын күшейтіп тұрған ерекшеліктердің қатарында қаламгердің халық даналығы мақал-мәтелдерді, би-шешендердің қанатты сөздерін поэтикалық-көркемдік шешіммен үйлесімді қолдана білгендігін айтамыз. Басты және жанама кейіпкерлердің диалогтарындағы, монологтарындағы сөз шырайын ажарландыру қызметін атқарып тұрған халықтың даналық өрнектері ұлттық сөз өнерінің көркем кестелі, терең мағыналы дәстүрлі нақыштарының эстетикалық-педагогикалық тағылымын оқырмандарға ұқтыра түседі.
Романның көркемдік түйіні – жатжерліктердің отарлық басқыншылық озбырлықпен басқаруына қарсы қазақ халқы тарихындағы алғашқы Халық Кеңесі атты демократиялық басқару жүйесінің болғанын дәлелдеу. Халықтың тағдырымен санаспаған хандық басқарудың іріп-шіріп, сатқындығымен, опасыздығымен ұрпақтардың қарғысына ұшырап, ұлттық тарихымыздан мәңгі аластатылғаны осы Халық Кеңесі құрылымы арқылы дәлелденген.
Романның соңындағы Беріш Алдар қарттың Сырымның істеріне сүйсіне де әрі сынай да қойған сауалына («Қарадан хан болдық, айырдан нар болдық, жоқтан бар болдық, көнеден дәурен озды, көндей қамқа тозды, боздан бурыл озды! Атадан ұл озды, анадан қыз озды, бұл не деген заман болды!?») Сырым бидің қайтарған жауабы да көп ғасырлық тарихы бар қазақ халқы ұрпақтарының уақыт пен кеңістіктегі адамгершілік-имандылық рухындағы мәңгілік ұстаным бағдарын танытады:
… Қарадан хан болсам,
Халқым қалаған шығар!
Айырдан нар болсам,
Атам қазақ үлектей жараған
шығар!
Жоқтан бар болсам,
Құдайым қараған шығар!
Көнеден дәурен озса,
Мезгілі жеткен болар.
Көндей қамқа тозса,
Күтімі кеткен болар,
Боздан бурып озса,
Жүйріктігі болар!
Атадан ұл озса,
Еректігі болар.
Анадан қыз озса,
Зеректігі болар.
Заманға да сол керектігі болар!»
Көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының осы «Тар кезең» романы – қазіргі қазақ прозасының көркемдік қазынасын байытқан эпикалық құнды туынды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетін бұрын толық назарға алынбай келген ұлттық-азаттық күрескері Батыр, Би Сырым Датұлы және ол бастаған күрескерлер бейнелеріне арналған эпикалық тарихи туынды ұрпақтарды ұлттық-отаншылдық рухпен тәрбиелеуге ықпал етері ақиқат.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақстан жаңа әдебиетінің халық тарихындағы ұлттық-азаттық күрестерге өмірін арнаған, сол арқылы қазіргі қазақ ұрпақтарының дербес мемлекет иесі ретінде әлемдік өркениеттегі өзіндік орны мен сақталуын, дамуын қамтамасыз еткен ұлағаты ұлықталады. Елбасшысы, халық батыры тұғырында болған Сырым Датұлы сынды дара тұлғалар өнегесін көркем эпикалық туынды арқылы танытуға ықпал еткен қазіргі Тәуелсіз Қазақстан жаңа әдебиетінің ұлттық-отаншылдық ұстанымы миллиондаған оқырмандардың дүниетанымын байыта түседі. Бұл біздің мәңгілік жолымыздың айқын бағдары.