Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады



бет6/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

ТӨРТІНШІ ТАРАУДА


Жантасқа пионер лагеріне баруға жолдама беріліп, маған берілмеу жайы, менің шат-шәлекей ашулануым айтылады
Таңертеңгі шайымды ішіп алғаннан кейін аяңдап, мек­тептің спорт алаңына қарай келе жаттым. Қолтығымда добым бар. Біздің «Спартак» кеше қайраттықтар­дан жеті де бес болып ұтылған еді. Бүгін оларды қалайда­ жеңуіміз керек. Команданың капитаны ретінде соған қатты ширығып, іштей дайындықпен келе жатырмын.
Мектептің қасында Жантас ұшыраса кетті. Қолында мөр басылған бір жапырақ жазулы қағазы бар. Соны шертіп-шертіп қойып:
– Қара көже, мынаның не екенін білесің бе? – дейді.
– Ол не?
– Лагерьге жолдама. Біз лагерьге баратын болдық. Ал, сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың.
Тілінің қыршаңқылығы үшін Жантасты мытып алғым келіп бір тұрдым да, әуелі жолдама жайын тиянақ­тамақшы болдым.
– Оны саған кім берді?
– Кім беруші еді. Майқанова апай берді. Бірақ сен жоқсың тізімде.
«Неге жоқпың?» Жантастан Майқанованың қайда екенін сұрап едім, мектепте деді.
Бұдан былай біреуді келемеждеп сөйлеудің қандай екенін білуі үшін Жантасты мұрынға сырт еткізіп бірді шерт­тім де, жүгіре жөнелдім. Сол бойда екпіндеген қал­пыммен мұғалімдер бөлмесіне алқынып кіріп бардым.
Майқанова бірдеңе жазып, жалғыз отыр екен, маған басын көтеріп алып, таңырқаған кейіппен қарады:
– Не болды? Не болды, Қадыров?
– Лагерьге жолдама беріңізші маған.
– Саған бұл жолы жолдама берілмейді. Екінші кезекте барасың.
– Неге?
– Неге болушы еді: барлық оқушыға бірден жетіс­пейді. Ал екіншіден, ең әуелі біз лагерьге үлгілі, тәртіпті оқушыларды жібереміз.
– Жантас немене... менен артық болғаны ма? Майқанова екі бүйірінен біреу қысып қалғандай еңсесін кілт көтеріп алды:
– Сен немене? Мені тергегелі тұрсың ба? Майқанованың көкшіл көзі шатынай бастады. Оның бір ашуланса шапылдап, жуық арада толас бермейтінін білем.
– Бермесеңіз, қойыңыз, – дедім де, жалт бұрылып, есікті бар күшіммен тарс жауып, жөнеле бердім. Осындай әділетсіздікке қаның қалай ғана қайнамайды. Жантас, біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, са­бақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдағыш, өзі тақтаға шық­қанда көрінгенге құлақ түргіш. Жантас үлгілі оқу­шы­ болғаны да, мен үлгісіз болғаным. Менің сабақ үлге­руім одан көш ілгері екені, екпінділігім ешқандай есеп емес.
Соңымнан ілесе шықты Майқанова:
– Қадыров. Бері кел.
Мен бұрылып та қарамадым.
– Қадыров!
Есіктен жүгіріп шығып кеттім.
Турникке сүйеніп, жылмия қарап Жантас тұр. Зығырданым одан бетер қайнап кетті.
– Немене, жолдама алдың ба? – деп сиқырланып жолымды тосқауылдай қалыпты.
– Алдым, – дедім.
– Кәне, көрсетші?
Сарт еткізіп танаудан тағы бірді шерттім.
– Міне.
Түстен кейін төсегімде демалып жатып, ойға қалдым: бағана Майқановаға істегенім тұрпайылық болды-ау, деймін. Әрине, Жантасқа жолдама беріп, маған бермеген онікі де әділдік емес. Ызамды осы келтірді. Де­генмен Майқанова мұғалім, класс жетекшісі. Жә, қазір оқу кезі емес қой, каникул. Ол маған не істей алады? Үш айға дейін кім бар, кім жоқ. Мүмкін, жаңа оқу жылында біздің класс жетекшіміз басқа біреу болар. Онда мен Майқанованың шеніне де жолай қоймаспын.
Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нерсе. Бірімен бірінің қалайда тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова екеуіміз соның дәл өзі се­кілдіміз. Біздің кикілжіңіміз күзде ол осында Мұғалім болып келген бетте-ақ басталды. Былай болды. Жаңа оқулықтар, дәптерлер сатып жатыр дегенді естідім де, әжемнен ақша ала салып, замғап дүкенге келдім. Рас, сатып жатыр екен. Бірақ адам деген лық толы. Кезектің соңы далаға шығып кетіпті.
Қайтсем екен деп біраз ойлап тұрдым да, тәуекел деп, ішке кезексіз кірмекші болдым. Өйткені соңында­ғыларға жетпей қалатын азабы да болушы еді. Сонан соң көрінгеннің оқулығына мінгесіп, жалынасың да жү­ресің, бұл – күн емес. Өзге ештеңең болмаса да, әуелі оқулықтарың сай болсын. Мен былай деп мақалдаған болар едім: оқулығы сай бала – көңілі жай бала.
Сығылысып есіктен енді кіре берсем, бойы менің бойымдай ғана, тықылдаған бейтаныс көк көз келіншек алдымды тосқауылдап жібермейді.
– Қайда кимелеп барасың? Кезекке тұр, – дейді. Осы арада тілі құрғыр өтірікті менің еркімнен тыс айтып салды:
– Мен оқулық емес, қант аламын, – дедім. Өйткені магазиннің арғы азық-түлік сататын бөліміне қарай адамдар еркін өтіп жатыр.
Көк көз келіншек мені жіберді. Мен сыр бермеймін деген оймен әуелі қант сататын жаққа өтіп кеттім. Бі­рақ қанттың қазір маған түкке керегі жоқ. Маған қажеті бесінші кластың оқулықтары. Прилавканы жағалап, адамдардың арасымен ептеп, кітап сатып жатқан жаққа қарай сырғи бастадым. Енді бір ұмтылғанда жетіп те қалатын едім. Кенет әлгі көк көз келіншек желкемнен бүріп ұстап:
– Сен адасып барасың. Қант ана жақта сатылады, – деді.
– Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз, – деп, жұл­қынып қалдым да, прилавкаға бір-ақ барып жеттім.
Көк көз келіншек сатушыға дауыстап жатыр:
– Анау сұр кепкалы балаға бермеңіз. Ол кезексіз кіріп кетті.
Ол бұл сөзді айтып үлгергенше, Қожекең сұр кепканы қойынға сүңгітіп жіберіп, тақыр бас қара бала бо­лып шыға келді. Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қа­зан болып жатқанда мен ләм деместен сақ еткізіп, елу сомдықты сатушының қолына ұстата салдым. Сөй­тіп, қажетті оқулық-дәптерлерімді бір құшақ етіп алып, шыға бердім. Есік алдында көк көз келіншек иығымнан­ қатты ұстап (қолы мұндай қатты бола ма!):
– Ой, ұятсыз. Қай класта оқисың? – деп, бір жұл­қып қалды.
Мен оған жөнімді айтып жатырмын!
Бірнеше күн өткеннен кейін оқу жылы басталды. Мәссаған керек болса, әнеугі маған дүкенде жекіретін көк көз келіншек тыпың-тыпың етіп, қағаздарын қолтықтап, біздің класқа кіріп келе жатыр. Қожекеңнің сол мезет қандай күйге түскенін көрсеңіз. Бірақ бойым­ды тез жиып ала қойдым да, сыр бермеуге тырыстым. Мүмкін, ол мені танымас деп ойладым.
Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды. Сәбира Майқанова. «Мен сендерге қазақ тілінен сабақ беретін және класс жетекшілерің боламын», – деді.
Соңғы сөзі Қожекеңді тағы бір сілкіп алды. «Ал бәлем, сақтана бер» дегендей болдым өзіме-өзім.
Майқанова бір-бірлеп, тізім бойынша оқушылармен таныса бастады. Кезек маған келді.
– Қадыров.
– Мен.
Майқанова тесірейе қарап тұрып қалды.
– Біз екеуіміз таныс шығармыз деймін? Мен еріксіз жымиып күлдім.
– Мүмкін.
Мен сенімен әлі сейлесемін дегендей Майқанова:
– Отыр, – деді зілді дауыспен.
Міне осыдан кейін Майқанова маған қымс етсе, қа­һарын төгіп тұратын болды. Қанша рет қыс бойы директордың алдына сүйреп алып барды. Ақыры жыл аяғын­да тәртібіме де «төрттік» баға қойып отыр. Осының бәрі мені, әрине ашуландырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет