Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


АЛТЫНШЫ ТАРАУДА Әжем жөнінде бірер сөз, менің ат ұрлап мінбекші болған әрекетім және Сұлтанмен кездесуім айтылады



бет8/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

АЛТЫНШЫ ТАРАУДА

Әжем жөнінде бірер сөз, менің ат ұрлап мінбекші болған әрекетім және Сұлтанмен кездесуім айтылады


Ел аяғы басылуын күтіп, кітап оқып отырдым. Әжем төсек сала бастап еді.
– Маған төсек салмаңыз, мен бүгін жайлауға кете­мін, – дедім.
– Бүгінің қалай. Осы жетіқараңғы түнде ме?
– Иә, түнде. Күндіз ыссы ғой. Салт атпен жол жүр­генге түн тиімді емес пе.
– Көлікті қайдан таптың?
– Қайдан тапсам да таптым. Көлік даяр, – дедім.
– Әй, сен оңбағыр тағы бір пәле шығарғалы жүр­геннен саумысың?
– Не пәле шығарушы едім. Осы сіз-ақ маған ылғи шүбәланып тұрады екенсіз.
– Шүбәланбай қайтейін, өзің тыныш жүрмейсің. Әжем тағы да тұрып алып, құлағымды талай сарсыт­қан дағдылы өнегесін айта бастады:
– Шыбыным, әйтеуір ешкімге тимей, ұрынбай, жа­йыңа жүр. Тек жүрсең, тоқ жүресің дейді атаң қазақ. Сенің тентектігіңді менен басқа ешкім де көтермейді. Әйтеуір саған айтар ақылым, – тыныш жүр балам, тыныш жүр. Біреудің ала жібін аттаушы болма. Мешкей деген жақсы ат емес.
Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе деп, тәптіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі. Ал енді өздеріне қараңдаршы. Не қилы жаман мінез, жөнсіздік осы үлкендердің арасынан шықпай ма? Ұрлық істеп сотталып жататындар кімдер? Үлкендер. Мас болып, қатын-баласының үре­йін алып, үйінде шырқын шығаратын кімдер? Үл­кендер. Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар – бері үлкендерден шығады. Ендеше олар бізге, балаларға ақыл айтып, жөн сілтемес бұрын әуелі өздерін өздері түзеп алса, қандай жақсы болар еді.
Әжем менің қызық адам. Тұрмыстың қарапайым қағидасына бұдан жүйрік кісі осы ауылда сірә да табыла­ қояр ма екен. Сөйте тұрып ол көп мәселе жөнінде сәбидей аңқау. Қараңғы болған соң аңқау болмай қайтсін. Мен қанша әуреленсем де оған осы күнге дейін жердің домалақ екенін ұғындыра алмай-ақ қойдым. Айтысып-айтысып келеді де, қолын бір-ақ сілтейді.
– Бар аулақ. Жер домалақ емес, сен домалақсың. Басымды қатырмай, бар, – дейді.
Кейде екеуіміз құдай жөнінде керісіп қаламыз.
– Құдай жоқ болса, дүниені кім жаратады? – деп сұрайды әжем.
– Дүниені ешкім де жаратқан жоқ, өзі жаралды.
– Сен немене, сонда қасында қарап тұрып па едің, дінсіз неме?
– Қарап тұрғаным жоқ, кітаптан білем.
– Ал адамды кім жаратты?
– Адам маймылдан жаралған.
– Тәйт, сандалған неме. Сандалмай бар онда ана ормандағы маймыл әке-шешеңе.
Әжем екеуіміздің ғылыми таласымыз әрқашан осын­дай ала ауыздықпен бітеді.
Ел аяғы басылды-ау деген кезде тысқа шықтым. Ай қараңғы, қораға кірдім де, белгілі жерде ілулі тұрған жү­генді алдым. Ауыздықты сыбдырламастай етіп, қолтығыма қыстым да, үй артындағы теректердің арасымен өзенге қарай жөнелдім.
Шіркін-ай, жалғыз кетпей, қасымда Жанар болса қан­дай жақсы болар еді. Маужыраған барқыт түн, иесіз дала. Жол үсті, екеуден екеу ғанамыз. Әрқайсымыздың­ көкейтесті арманымыз жөнінде, болашақ өмір жөнінде сыр шертіскен болар едік...
Ауылдағы мініс аттар түнге қарай өзен бойына жі­беріледі. Менің көздеп келе жатқаным соның бірі. Әне, шеткі бір жылқының қарасы көрініп те қалды. Жақындап келсем, Алшабай шалдың жекеменшік тор биесі екен. Аяғында Алшабайдың өзіндей қасарысқан сом шойын кісен. Қасында құлыны жайылып тұр.
Әрменірек тағы бір-екі жылқы шөпті бырт-бырт үзіп, жайылып тұр. Соның біреуіне тақап келдім. Міне, берді құдай тілегімді. Колхоз председателінің жирен жорғасына дөп келгенімді көрдің бе. «Шіркін, тақымы­ма бір тиер ме едің» деген тәтті арман таңдайымды бұ­рыннан қуырып жүруші еді. Енді сол арманымды жүзеге асыратын болдым.
Жирен қасқа алдыңғы екі аяғынан шідерлеулі екен. Өзінің мінезі жаман деуші еді. Мен жақындай бергенде,­ құлағын тігіп, осқырынып қарсы алды.
– Тр-р-р, жануар, тр-р-р, – деп қолымды созып, мойнын сипағым келген ишарат білдірдім. Бірақ бұған алданатын жирен ат емес. Жолаушы болма, жоласаң берем сазайыңды дегендей құйрығын бұрып, құлағын жымқыра бастады.
– Тәйт әрі! Мына ақымақ қайтеді, – деп, Сатыбай жылқышыға еліктеп, зекіп тастадым.. – Так, так жану­ар, так, так...
Бәрібір жирен ат жолатар емес. Зекімек түгіл бақыр­сам да тілге келетін ниеті жоқ. Құйрығын бұрып, құлағын жымқырып, қосаяқтап тебуге дайын тұр.
Егескенге егесетін менде де бір сайтан бар. «Қап, пы­шаққа ілінгір иттің ғана малы. Ызаң ба сенің. Тақымыма бір тисең, тарттырар ем-ау сазайыңды» деп, оны қалай еткенде де мінбей тынбауға бел байладым. Әттең, жалына қолым бір ілінсе.
Ақыры айланқастап жүріп, бір ыңғайлы кілтеңі кел­генде, шап беріп, жирен аттың жалына жармаса кеттім. Қорс етіп, үркіп ала жөнелді. Аяғым анда бір тиіп, мында бір тиіп, дөңгелек ұшып келем. Сонда да айырылар емеспін. Мұндай да жауыз мал болады екен, тоқтамайды. Ақыры бір кезде саусағым салдырап талып, жазылып кеп кетті. Анадай жерге ұшып түстім. Жирен ат жалт беріп кеп, қосаяқтап бірді тепті. Мына оң жақ саныма сақ ете түсті тұяғы. Шоқ басқан күшіктей қаң­сылап, дөңгелендім де қалдым (Құдай сақтағанда, қаға тиіпті. Егер дөп тигенде, жілігімнің күлпаршасын шығарар ма еді, қайтер еді).
Бір уақытта дәл қасымнан:
– Бұл кім ей? Кім бұл? – деген дауыс естілді.
Селк етіп, бебеулеуімді дереу қоя қойдым. Қолында­ жүгені бар кепкалы біреу төніп келеді. Тани кеттім – Сұлтан. Ол маған еңкейіп, үңіліп қарады да:
– Өй, Қара Көжемісің? Не болды? Неғып дөңгелеп жатырсың?
– Ат теуіп жіберді.
– Қай ат?
– Анау, – деп мен жирен атты нұсқадым.
– Қай жеріңді тепті? Сүйегің сау ма сынғаннан?
– Сау ғой деймін, – дедім мен аяғымды созып байқап.­
– Кәне, мен көрейін, – деп, Сұлтан қолындағы жү­генін жерге қоя салды да, менің аяғыма жармасты.
– Ойбай ақырын! – деп, шыңғырып жібердім.
– Әй, су жүрек неме, жанының тәттісін қарай гөр. Тоқтай тұр. Өлмейсің. Сынған түгіл дәнеңе де етпеген. Тек көк еті ауырып қалған қой. Қазір барысымен дереу­ сужапырақ тартсаң, ештеңе етпейді, басылып кетеді. Мен жылан шағып алған біреу ме деп қалсам. Бұл сұм­пайы жиреннің сырын білмеуші ме едің. Оған неғып ұрынып жүрсің?
– Қасынан өтіп бара жатыр едім, теуіп жіберді.
– Өй, қара бассын сені, – деп, Сұлтан мені мазақтай бастады. – Қара басқыр-ау, алдыңдағы таудай атты көрмей не қара басты сені.
Мен бұл сөзге жауап таба алмағандықтан аяғымның ауырғанымен әлек болғансып, одан бетер ойбайлап, қинала түстім.
– Түрегел, бір мүшең қирап қалған немедей шо­йырылмай, – деп, Сұлтан мені ойбайлағаныма қарамас­тан сүйрелеп тұрғызды. – Кәне, басып көрші аяғыңды. Тағы да бір атта. Айттым ғой, қирамақ түгіл дәнеңе де болмаған. Ат тепкенге де аяқ сынушы ма еді. Өлмейсің. Жүр кеттік. Шойнаңдамай түзу бас.
Сұлтанның жасы менен екі-үш жас үлкен. Әкесі Сү­гір жылқы бағады. Өзі осыдан біраз жыл бұрын оқу­ды тастап кеткен. Содан бері бұрынғының серілері құсап, әкесінің арқасында сәйгүліктен сәйгүлікті таңдап мініп, ылғи жортуылдайды да жүреді. Кейде айлар бойына зым-зия көрінбей кетеді, сонан соң қайтадан пайда болады. Не істеп, не тындырып жүргенін бір құ­дайым өзі білсін. Сұлтаннан:
– Қайдан келдің? – деп сұрап едім.
– Жайлаудан келдім, – деді.
– Жайлау қандай екен?
– Айтпа. Тамаша. Шөптің биылғы шығымын көр­сең, белуардан келеді.
– Барайын десем, көлік жоқ, – дедім Сұлтанға.
– Мен алып кетейін. Ертең таңертең қайта жүремін.
– Қалай алып кетесің? Басы артық көлігің бар ма?
– Онда жұмысың болмасын. Таңертең дайындалып, күтіп отыр. Ер-тоқымың бар ғой?
– Бар.
– Ендеше бітті. Келістік.
Сұлтан мені есік алдына дейін сүйреп әкелді де:
– Қара Көже, сені бір жерге ертіп барсам, серік болуға жарайсың ба? – деп сұрады.
– Қайда?
– Жоқ, сен шойнақты жолдас етемін деп, басыма пәле тауып алармын. Хош. Мен кеттім. Ал таңертең да­йындалып тұр.
– Мақұл.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет