Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


БЕСІНШІ ТАРАУДА Менің Жанармен дойбы ойнауым және қиял құсының самғай ұшатын бір шағы айтылады



бет7/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29

БЕСІНШІ ТАРАУДА

Менің Жанармен дойбы ойнауым және қиял құсының самғай ұшатын бір шағы айтылады


Екі күннен кейін бір топ бала думандатып, пионер лагеріне жүріп кетті. Мен ішім күйіп ауылда қалдым. Түстен кейін бригадир келіп тұр есік алдына.
– Қара Қожа үйдемісің? – деп дауыстады.
– Үйдемін. – Есік алдына шықтым.
– Киім-кешек, төсек-орныңды дайындап, әзірленіп тұр, – дейді бригадир, – шөп шабысқа барасың. Ауылдағы балалардың бәрі барады. Шөп жинайсыңдар.
– Бармаймын, – дедім мен.
– Неге?
– Мен үлгісіз, тәртіпсіз оқушымын. Ештеңеге де жарамаймын.
Менің ренішімнің жай-жапсарын білгеннен кейін бригадир:
– Ой, жолың болғыр, жігіт адам соны да сөз дей ме екен. Не бар дейсің сол лагерьде. Қызықтың көкесін сен шөп шабыста көресің. Біз онда сендерге көңіл көтеретін барлық жағдайды жасаймыз – деп, үгіттей бастады.
Үгітте, үгіттеме Қожакең айтқанынан қайтпайды. Әрі шөп шабысқа Майқанова да барады дегенді естідім. Жоқ, Майқанова жүрген жерде мен жүре алмаймын. Тым құр­са, жазғы демалыста одан құлағым тыныш болсын.
Мамамның колхозда сауыншы болып істейтінін мен сендерге айтқан жоқпын ба? Олардың фермасы осы­дан бірнеше күн бұрын ғана жайлауға кеткен болатын. Жайлауды көрмегеніме бірнеше жыл болды, одан да сонда барғаным рахат емес пе деген ойға келдім. Ол үшін көлік керек, оны қайдан алам? Бригадирден сұрағанмен бермейді. Шіркін-ай осындайда меншікті бір атыңның болғаны абзал емес пе. Қалаған жағыңа соқ­тырып жөнелер едің. «Ер қанаты – ат» деп, қазекем бе­кер айтпаған ғой.
Сонымен, атты қайдан табамын?
Отырып, отырып, кенет шапалақпен саныма салдым. Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке мен­шік­тің заманы емес. Колхоз малы – менің малым. Со­ның біреуіне мінемін де кетемін. Белсенділердің әрқайсысында бірнеше аттан бар. Үстеріне өздерінен басқа шы­бын жорғалатпайды. Жазда жайлауға қоя беріп, се­міртеді де, қыстыгүні қанжырдай етіп жаратып, қас­қыр,­ түлкі қуып шығады. Сонда олар бұл үшін қолхозға­ төлей ме бірдеңе? Түк те төлемейді. Әкем Қадыр осы колхоз құрылған күннен бастап, ұста болып істеді, мамам сауыншы. Бір аттың бір күндік терін пайдалануға менің неге қақым жоқ.
Шешім қабылданды, өзен бойындағы жайылымнан бетіне тура қараған аттың бірін ұстап мінеді де, Қожекең­ түнгі салқынмен жайлауға тартып отырады. Сонан соң бригадир бар, Майқановасы бар, таңертең менің ізімнің қалай қарай кеткенін тауып көрсін.
Тамақтанып болып, тысқа шықтым. Көз байланып қалған екен. Маужыраған қоңыр кештің құшағында, қора аузындағы сырғауыл қашаның үстінде, қонақтаған­ тауықтай шошайып отырмын. Ойымда Жанар. Түнде­летіп жайлауға кетіп қалатын болсам, көпке дейін оны көре алмаймын, сағынамын-ау!
Мен кейде сұрақ қоям өзіме өзім: «Жанарды неге ойлай берем? Оны көрмесем ала көңілденіп, тынышым кетіп тұратыны несі? Әлде осының өзі әлгі жүрт айтатын, кітаптарда жазылатын не... емес пе?» Япыр-ай, осы бір сөзді ойға алғанның өзіне селк ете қалам-ау. Егер мұны Майқанова білсе ғой. Не болар еді онда күнім? «Ә, Қадыров. Қаршадайыңнан қызға ғашық болып! Қа­рай гөр мұны! Бұл сұмдықты саған кім үйретті, ә?» На­ғыз масқара, міне, сонда болар еді.
Менің Жанарға ләм деп, бірдеңе айтпақ түгіл, тіпті оның қасына баруға жүрексініп тұратын себебім міне, осы.
Жанар үйі көшенің басына таман, өзенге таяу. Әкесі Балабек бригадир болып істейді. Мамасы Қырымға ку­рортқа кеткен. Үйде өзінен басқа мені онша ұната қоймайтын қытымыр әжесі ғана бар. Қолыма таяқ алып, әлде­кімдерге еліктеп сылти басып, солай қарай келе жатырмын. Жанардың төбесін анадайдан бір керсем де дәтке Қуат емес пе. Мүмкін ол ұшырасып та қалар. Жай­лауға баратынымды айтам. Менің қайда екенімді ол да біліп, ойлап жүрсін. Жанар мені жайшылықта ойлай ма екен, ойламай ма екен, ә?
Бұл үйде Жанардың әжесінен бетер сескенетін тағы бір қорқынышым – осы үйдің антұрған қабаған қара төбеті. Атты кісінің омырауына шапшитын жауыз тө­бет. Ол бос болса, үй маңынан тірі жанды қия бастырып­ өткізбейді.
Жоқ, қара төбет байлаулы екен. Арғы көше жақтан­ келген біреуге арс-арс үріп, жұлқынып тұр. Мен бергі қора жақтағы ағаш шарбаққа жақындай түстім. Осы кезде үйден Жанар жүгіріп шығып:
– Ақтөс, жат! Бар орныңа! – деп, зеки бастады. Қақпаның ар жағынан әйел даусы естілді:
– Жанаржан, әжең үйде ме?
– Әжем бағана тауық фермадағы Сүйінбай атамді­кіне кетіп еді. Әлі келген жоқ.
Жанардың үйде жалғыз екенін білгенде, қуанышым қойныма сыймады. Не де болса, бірер ауыз тілдесіп қалуға бел байладым.
– Жанар! – деп дауыстадым, ол жүгіре басып, бері қайтып келе жатқанда. Үнім бейне бір шошыған немесе­ аяқ астынан ғажайып бір қымбат зат тауып алған адамдай жарқын шығып кетті.
Селк етіп, тоқтай қалды Жанар (Үй маңдайшасына­ электр шам орнатылғандықтан есік алды сүттей жарық еді). Дауыстың қайдан шыққанын тұспалдай алмай, төңірегіне жалтақ-жалтақ қарап барып, көрді мені.
– Кеш жарық, Жанар.
Жанардың таңданған жүзі дереу күлімсіреді. Қасыма жүгіріп келіп, ағаш шарбақтың үшкіл басынан ұстап бетпе-бет тұра қалды.
– Кеш жарық, Қожа. Неғып жүрсің? – деп сұрады ол.
– Мен түнделетіп жайлауға кетем.
– Мамаңа барасың ба?
– Иә, сен неге лагерьге бармадың?
– Мамам келгенше үйде болып, әжеме көмектесем.­ Майқанова апай лагерьге келесі кезекке жолдама берем деді.
Жанар осыны айтты да:
– Қожа, менің әжем үйде жоқ. Жүр, дойбы ойна­йық, – деді.
Өзегімді нұрлы сезім жарып өтіп, қолтығыма қанат біткендей болды, қашаға пәрменіммен секіріп шықтым да, ар жағына топ ете түстім. Сол кезде шынжырын сыл­дыратып, қара төбет те арсылдап, тұра ұмтылды. Иттен­ қорыққансып, Жанардың білегінен қысып ұстап, жабыса түстім. Ит есік алдына жете алмастай етіп байлан­ған екен. Екеуіміз иық түйістіре жүгірген бойда үйге кі­ріп кеттік.
– Сен дойбыны жақсы ойнаймысың? – деп сұрады Жанар.
– Жоқ, онша емес, – деп, сыпайы жауап қайтардым. Ал шындығында, өзім теңдес балалардың көбін ұтушы едім.
Жанардың бетпе-бет отырған сүйкімді жүзіне, иығы­на төгіліп көмірдей қап-қара әсем қолаң шашына­ алаң-елең қарап, толқып отырып, бірінші ойында қалай ұтқызып алғанымды байқамай қалдым. Ол маған үш бұзау айдатты. Бірақ Жанардың мәз болған кейпіне қа­рап бұл ұтылғаныма өзім іштей қуандым да.
Екінші ойынды әлгіндей емес, сағырақ ойнауға тырыстым. Үнемі қыздан жеңіліс таба беруге болмайды ғой. Бірақ үш-төрт жүрістен кейін Жанар менің үш пешкамды бірден қырып салғаны.
– Әллуі! – деп, жағымды шапалақпен бір салып, отырдым да қалдым. Берекесі бір ұшқан ойынның мәні бола ма. Лезде тағы ұтылып қалдым. Бұл жолы топырлатып, алты-жеті бұзау айдатты.
– Байыдың, байыдың! – деп, Жанар онан әрмен мәз бола түсті. Енді менің намысым келе бастады.
– Қазір ұтамын, – дедім сенімді үнмен. – Ұтпасаң не боласың?
– Не бол десең, со болайын.
– Дүние жүзіндегі барып тұрған мақтаншақтың өзі боламысың?
– Жарайды.
Үшінші ойын шиеленісіп басталды. Әу дегеннен-ақ екі пешкадан қарпысып алдық. Бірақ біраздан кейін ойынның ара салмағы тағы өзгере бастады. Бір-екі жерде мүлт жіберіп алдым. Жанардың екі пешкасы тағы артып кетті.
– Әй, бәлем, көрермін жеңілмегеніңді, – деп, қа­нат­танып, оның мерейі аса түсті.
Менің ендігі үміт артқаным оң жақ шеттегі бір пешкам еді. Түпкірлетіп отырып, соны биге алып шықтым. Қырғидай тиіп, жайпармын-ау енді бәлем.
Бірақ тап осы кезде майдан даласында мен ойламаған ғаламат бір оқиға болды. Айлакер Жанар орта шенде елеусіз тұрған бір пешкасын маған жегізді де, басқа бір пешкасымен менің әлгі батырымды белден басып, биге өтіп кетті. Онымен де тынбады. Әлгі биімен менің өзге үш жауынгерімді тағы жайпап салды.
– Ура! Ұтылдың! Мақтаншақ Қожа. Мен енді сені бұдан былай мақтаншақ Қожа деп атаймын.
– Тоқта, қалай... қалай боп кетті?
– Міне, былай... Сен менің мына пешкамды жедің бе?
Жедің. Онан соң мен былай жеп, биге шықтым. Одан кейін міне былай... былай... былай жедім. Әй, мақ­тан­шақ Қожа. Ұтамын деп мақтанып едің.
– Тоқта. Менің әлі де бір биім бар ғой.
– Оның қолынан не келеді?
– Көрерміз. Сен әлі ұтқан жоқсың. Жүріс кезегі менікі ме?
Менің бір биіме қарсы Жанардың төрт пешкасы қал­ды. Оның да біреуі би. Ал қалғандары да енді еш бөгетсіз біртіндеп биге шығуы даусыз. Сосын төрт қара би менің жалғыз сары биімді аш бөрідей ортаға алып, тырп еткізбей бассалуы сөзсіз. Осы қатер айдай анық танылып тұрғандықтан бірден-бір жан сауғалайтын орын – ұзақ жолға шығып кеттім.
Бұл пиғылымды түсіне қойған Жанар:
– О, қорқақ! – деп, ызаландыра түсті. – Састың ба, бәлем. Сонан соң қайда барар екенсің.
– Жан-жағымның бәрі қатер, қайда барушы едім. Ұзын жолдан қия бассам, мерт кететінім сөзсіз. Сондықтан тақтайдың ол шетінен бұ шетіне ілгері-кейін сырғанап, жүрдім де отырдым.
– Бұның ойын емес, шық ұзын жолдан.
– Өз еркім. Шыққым келсе, шығам, шыққым келмесе, шықпаймын.
– Жоқ, шық ұзын жолдан.
– Шықпаймын.
– Ендеше сен жеңілдің.
– Жоқ, жеңілгем жоқ.
– Жеңілдің.
– Жеңілгем жоқ.
– Жеңілдің. Бұдан былай мен сені мақтаншақ Қожа деп атаймын.
Жанар екеуіміз осы арада кәдімгідей қызыл кеңір­дек болып қалдық. Ол жеңілдің дейді, мен жеңілгем жоқ, кәне ойын аяқталғанша ойнаймыз деймін. Ендеше­ ұзын жолдан шық дейді ол. Шықпаймын деймін мен. Ақыры:
– Ойнамаймын сенімен, – деп, Жанар ұртын бұртитып, дойбыны жинап алды.
– Ойнамасаң қой, – дедім мен де есемді жібергім келмей.
Осы кезде қақпа алдындағы қара төбет арс-арс үріп ба­рып басылды. Шиқылдап дарбаза ашылғандай болды.­
– Әжем келді ғой деймін, – деп, Жанар сыртқа жү­гі­ре жөнелді. Мен соңынан шықтым.
Қақпаға кіріп келе жатқан әжесі Жанарға:
– Ой шыбыным, жалғыз отырмысың? – дей берді де, мені көріп, – мына бала Қожа ма? – деп сұрады.
Кемпірдің үнінде мені жаратпағандық бар еді.
– Иә, – деп жауап берді Жанар маған бұртия қарап.
– Бұ неғып жүр мұнда?
– Екеуміз дойбы ойнап отырдық.
– Балам, бар үйіңе, – деді кемпір маған. – Жанаржан, ит қауып алмасын, шығарып жіберші.
Мен итті шабаландырып, қақпаны айналып жүр­мей-ақ шарбақтан секіріп жөнелгім келді. Мейлі, дойбыдан салуым болмаса да тәуір физкультурашы екенім­ді Жанар тағы бір рет көрсін. Осындай орайы кеп тұр­ғанда сондай өнеріммен болса да оған ұнап кеткім келді.
– Сау болыңыздар.
Жүгіріп келем шарбаққа қарай. Секірдім... Қойсаңдаршы, адамды қырсық, шалайын десе оп-оңай ғой. Осы арада ойламаған жерден масқараға ұшырап, абиырым айрандай төгілді де қалды. Не болды дейсіңдер ғой. Бір балағым сырғауылдың үшкіл басына ілініп қа­лып, созылған күйде ұзынымнан түспесім бар ма. Оңбай жығылдым. Бірақ өлімнен ұят күшті деген емес пе, жал­мажан тез түрегелдім де, алды-артыма қарамастан зытып отырдым.
Жанар мен әжесі қарқылдап күліп қала берді.
«Япыр-ай, Жанарды ренжітіп кеттім-ау. Соншалық, неге егестім. Әй, осы қайсарлық мінезім мені абиырға жолдас етпейді ғой. Ұзын жолдан шығып, жеңіле салсам, нем кететін еді».
Жанардың өкпелі пішінмен бұртия қараған кейпі көз алдыма келеді. «Кешірші, кешірші, Жанар, тұрпа­йы­лық істеппін. Кінә менде».
Үйге кіріп бара жатқанда, иттен қорыққансып, Жа­нардың жұп-жұмсақ білегінен қысып ұстап, жабыса түскенімді ойлағанда, бойымды тәтті бір сезім жайлағандай болды. Сол сүйкімді білек қазір де уысымда тұр­ғандай, өз алақанымды өзім құшырлана қысамын...
Басыма қилы-қилы ойлар сапырылысып келеді. Онын­шыны бітірген соң армияға шақырылам. Ал Жанар болатын болса, институтқа оқуға түседі. Сонда, бә­лем, мен оған өлеңдетіп тұрып, неше алуан ғажап хаттар­ жазармын-ау.
Сөз жоқ, Жанар да жауап жазады. «Жаным Қожа», – деп бастар, мүмкін. Қандай сүйкімді сөз.
... Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы. Сабалап жаңбыр құйып тұр. Жентектелген қою қара бұлт аспан­ төрінде дарияша сапырылысады. Күн күркіреп, найзағай шартылдап, көзді шағып, құлақты тұндырады. Күр­кіреп тасып аққан көкбурыл тау өзенінің жағасында таби­ғаттан, долы мінезін елең қылмай, қаруын кезеп ұс­тап сұсты шекарашы тұр. Бұл жауынгерлік борышымды өтеп тұрған мына менмін.
Мүмкін ауа райының осы қарбаласын пайдаланып, зұлым жау елімізге қанды шеңгелін салмақ болар. Қа­сиетті совет шекарасын бұзуға әрекеттенер. Бірақ, мен қасық қаным қалғанша онымен алысуға әзірмін. Әне, жау танктері зәулім ағаштарды шөптей ұмтылып ке­леді. Мен бір бұтаның түбінде танк бұзатын гранаталарды қасыма ыңғайлап қойып, аңдып жатырмын. Ал­ғашқы танк құлаш жетер жерге келіп те қалды. Орным­нан көтеріле беріп, лақтырдым гранатаны. Дәл тиді маң­дайдан. Жарылды.
Екінші, үшінші танктер де осының аяғын құшты.
Басқыншы жау қия баса алмай, жер жастанды.
Мен армиядан батыр атанып, орден тағып келе жа­тырмын. Көпір аузында шоқ-шоқ гүл бумаларын ұстаған нөпір жұрт жолымды тосып тұр. Солардың ішінен көзіме оттай басылып, Жанар ұшырай кетеді. Аңсап көріскен Қозы мен Баяндай бір-бірімізге құшақ жая ұмтыламыз.
– Жанар!
– Қожа!
Мектеп директоры Ахметов бастаған бір топ мұға­лім қасыма келеді. «Жарайсың, Қожа. Жігіт-ақ екенсің. Біз сенің мұндай ержүректігіңді білмей, баяғыда бекер ұрсады екенбіз ғой. Кешір», – дейді Ахметов. «Иә, тал­қыдан талқыға сап, күн көрсетпеуші едіңіздер, – дей­мін мен. – Әсіресе әлгі Майқанова апай...»
Майқанова маған батып келе алмай, бір шетке таман­ ыңғайсызданып тұрады. «Сіз неге оқшауланып тұрсыз, бері таман келіңіз» деймін. Ол қалтырай басып, жақындай түседі. «Кешір, Қожа... Баяғыда мен саған пионер лагеріне жолдама бермегенімді ұмытпаған боларсың». «Иә, ұмытқаным жоқ». «Кешір, кешір айналайын, Қожатай».
Кешіремін бе, қайтем? Жоқ, өзгені кешірсем де, Майқановаға кешірмеймін. Өйткені оның ызасы әбден өтіп бітті. Ахметовты оңаша шығарып алам да «Май­қанованы шығарыңыз мұғалімдіктен», – деймін. Сонымен бітіп жатыр. Совет Одағы Батырының айтқанын Ахметов орындамай көрсін.
Ех, шіркін ұшқыр қиял адамға не істетпейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет