ҚОШҚАРБАЙ. Мен де... Мен де сіздерді келесі ауданға дейін шығарып саламын. /бір қолында бөтелке, бір қолында рюмка, екеуінің соңынан жүгіреді/. Көркемөнерпаздар тобы оларды әндетіп, билеп шығарып салып тұрады.
Жасасын біздің ағалар!
Асыл ағалар жасасын!
Ардақты ағалар жасасын!
Барлық ағалар жасасын!
Төртінші көрініс Купелі вагон. Вагонның дәлізі. Пойыздың бастығы мен Жолсерік келіншек әңгімелесіп келеді. Пойыздың бастығы өз әңгімесінің біразын Жолсерік келіншекке, біразын купенің ішіндегі жолаушыларға арнап айтады. ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /купенің ішіндегілер естісін деп/. Қалай бәрі дұрыс па?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жібектей үнмен майысып және купедегілер естісін деп/. Дұрыс... Бәрі дұрыс!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /жолаушылар естісін деп/. Жолаушылардан ешқандай арыз-шағым жоқ па?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. Жо-жоқ. О не дегеніңіз... Біз бар күшімізді салып қызмет істеп... жолаушылар дән риза бізге...
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Жолсерік келіншекке/. Қойшы-ей, рас па?../Жолаушылар естісін деп/. Шәй мәселесі қалай? Бересіңдер ме жұртқа?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. Ойбай-ау, бермегенде... Кез-келген уақытта... түн ортасында...
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /жолаушылар естісін деп/. Прәбәдниктер пойызда арақ сатады деген арыз бар – сенде ондай пәле жоқ па?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /жолаушылар естісін деп/. О, не дегеніңіз, беті аулақ ондайдың... /Пойыздың бастығына/ Шетелдікі бар... Сондай күшті... Көресіз бе?
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Жолсерік келіншекке/. Сосын... кейін.../жолаушылар естісін деп/. Қазір мафия ма, рэкет пе бір пәле қаптады ғой... түнге қарай өте сақ болу керек: Пассажирлер купенің есік-терезесін тас қылып жауып алсын!.. Біреуді біреу өлтіріп, бауыздап жатса да сыртқа шығушы болмасын! Кеше, біздің алдымыздағы пойыздан екі жолаушыны бауыздап, лақтырып кетіпті...