МЭЛИСӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, әлі ертелеу!.. Айттым ғой – ертелеу!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жо-жоқ, ерте емес! Міне халықтың өзі... халықтың өкілі солай деп тұр... Халықтың пікірімен санасу керек, жолдас Мэлис Әлібаевич.
ҚОШҚАРБАЙ. Иә, дұрыс! Халықпен санасу керек! Ең құрығанда – премьер-министр!.. Премьер-министр! Қане, сол үшін! /қалтасынан бір бөтелке мен рюмка шығарып, құйып/. Қане, Мэлис Әлібаевич, сол үшін бірдеңе айтып жіберіңіз!
Көркемөнерпаздар Мэлис Әлібаевичті айналып әндетіп, билей бастайды: Жасасын Мэлис Әлібаевич!
Мэлис Әлібаевич жасасын!
Жасасын асыл ағаларымыз!
Ұлы ағаларымыз жасасын!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Апырмай, адамды енді өстіп бұзасыңдар... Бірақ... еңбекті бағалаған да дұрыс! Генерал болмаймын деген солдат – солдат емес... Бәрімізде де үлкен армандар бар!.. Мақсат!.. Міне, сол мақсат жолында үнемі сапарда... жолда... Қарап отырсақ... бұл адам өмірі деген пойыз сияқты!.. /перронға қарап/. Тура мына пойыз сияқты... /есіне бірдеңе түскендей/. Айтпақшы, бұл өзі неғылған пойыз?!
ҚОШҚАРБАЙ. Біздің пойыз емес!.. Біздің пойыз... «Қазақстан» пойызы, кежегесі кейін тартып, үнемі кешігіп келеді.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, дұрыс... Ал сонымен менің айтпағым... Айтайын дегенім – бұл өмір деген сондай бір пойыз... сондай бір пойыз... /қайтадан вагонға қарап/ Сонымен мынау қай пойыз болды?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қайдам!.. Көзім көріңкіремей тұр... Әшкиім қалып қойыпты...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, пойыз... /кенет шошып кетіп/ Әй-әй, мынау біздің пойыз ғой... әне-әне, жазып қойыпты!.. «Қазақстан» деп жазып қойыпты.
ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, сол екен... Өзі жүрейін деп тұр ма деймін?
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жүрейін деп тұрмаң не?!.. Жүріп бара жатқан жоқ па?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ойбай, не дейт? Жүгіріңдер!.. Жүгіріңдер! Біздің вагон – тоғызыншы вагон!
Екеуі вагонға қарай ұмтылады.