АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич деймін, сіз болмасаңыз пойыздан қалып қояды екенбіз...
ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, Мәкеңнің қырағылығының осы жолы өте пайдасы тиді. /Саудагер әйел мен билетсіз жолаушыны көріп/. Ау, ағайындар... қазақтар айтып жіберіңдерші, тоғызыншы вагон осы ма?
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә-иә, осы вагон... Оны қайтейін деп едің, шырағым?!
ҚОШҚАРБАЙ. Бір шаруам бар еді... /Мэлис Әлібаевичқа/. Мәке, осы екен, осы вагон екен...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /айқайлаңқырап сөйлеп/. Осы вагон болса прәбәднигі қайда?
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Шырағым, айқайламай ақырын сөйле... Жұрт ұйықтап жатыр!
ҚОШҚАРБАЙ. /бұрынғыдан да бетер дабырлап/. Кешіріңіз, апасы! Бұл пойыз – «Қазақстан» пойызы болса, ол пойызда қазақтар айқайламағанда кім айқайлайды? Қане, біреу бірдеңе деп көрсін, мойнын жұлып алайын!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Шырағым, мына түріңмен қазір прәбәдник келген соң сорлайсың ғой!
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә, мас адамдарды ит қосып қуам денен уәдесі бар...
ҚОШҚАРБАЙ. Ха-ха. Бізді қуа ма?.. Мәке!.. Асеке!.. Естіп тұрсыздар ғой... Бізді қумақшы!.. /қалтасынан бөтелке мен рюмка шығарып/. Прәбәдник келгенше жүз граммнан қағып тастайық! /Мэлис Әлібаевичке рюмка ұстатып/. Мәке дейім, әлгі сөзіңіз бар еді ғой... Өмір туралы... пойыз туралы – соны жалғастырып жіберсеңіз...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, сөйлегенде... ең алдымен айтарым, болашақта маған осы өзің сияқты жігіттер керек! /қиялдап/. Асай Мүсеевич дейім, бір жағымда осы Қошқарбай сияқты жас, іскер жігіттер жүрсе... бір жағымда сіз сияқты үлкен, ақылгөй ағалар болса – шіркін, мен талай нәрсені бітірмеймін бе?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Пажалыста, ақыл керек болса, қанша болса да айтамыз ғой... Оған шама жетеді.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сосын... менің жоспарым деген... Қазақстанды қалай өркендету керек... Қайтіп гүлдендіру керек. Осы жөніндегі жоспарым! Мұндай программа әлі ешкімде жоқ! Мысалы, елді басқару деген оңай шаруа емес... Оған ең алдамен философиялық тұрғыдан келу керек.