Нәтижесі. С. Меңдешев 1882 жылы Астрахан губерниясы Бөкей ордасының Новая Казанка ауылында дүниеге келген. 1898–1900 ж. Хан ордасындағы 2-сыныпты училищеде білім алған. 1900-1903 ж. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқып, оны бітірген соң туған ауылында 1916 жылға дейін мұғалім болып жұмыс істеген [1, 302-б.].
Сурет 1. Бөкей Ордасының қазақ мұғалім қыздары (1904 ж. 3 қазан. Хан Ордасы) (солдан оңға қарай): 1. Майғыз Қартмәмбетова, Хан ордасындағы қыздар мектебі меңгерушісінің көмекшісі. 2. Ханифа Ділмұхаммедқызы Оразбаева (күйеуі бойынша Жақсылықова) – Шолақ-Қопа ауылындағы қыздар мектебінің мұғалімі. Оның күйеуі (артында тұр) Ғаббас Жақсылықов – Хан Ордасындағы педкурс курсанты. 3. Жамал Ахметжанова (күйеуі бойынша Жұманиязов) – мұғалім. Оның күйеуі (артында тұр) Ғабдұл-Мәжит Жұманиязов (сұлтан), Таловск старшындық мектебінің мұғалімі. 4. Рәзия Дүйсалиқызы Ахмедова (куйеуі бойынша Меңдешева) – Хан Ордасындағы қыздар мектебі меңгерушісінің көмекшісі. Оның күйеуі (артында тұр) Сейітқали Меңдешев – Қазақ мұғалімдер семинариясының оқушысы, Хан Ордасындағы екі сыныпты училище мұғалімі. 5. Қалима Ұзаққызы Байтуарова – Хан Ордасынан 90 верст шамасындағы жерде орналасқан Гүлсүйіндік Байбақты ауылдық мектебінің мұғалімі // Тажибаев Т. педагогическая мысль в Казахстане во второй половине ХІХ века. / Под ред. С. Баишева. – Алматы: Казахстан, 1965. – С. 54.
Мұғалімдік қызметімен қатар аударма жұмыстарымен де айналысты. 1911 ж. оның аудармасымен «Малда болатын жұқпалы аурулардың һәм оларға қарсы қалай амал қолдану хақында» атты кітап Оралда жарық көрді [2, 73-б.]. 1911 ж. Сейітқали өз білімін жетілдіру мақсатында Санкт-Петербург университетінің жанындағы 3 айлық мұғалімдер курсын бітіріп, оқытушылық қызметін қайта жалғастырды. 1913 ж. Санкт-Петербургте өткен Халық ағарту қызметкерлерінің Бүкілресейлік съезінде С. Меңдешев қазақтар арасындағы оқу-ағарту жағдайы туралы баяндама жасайды.
1916 жылы Астрахан губернаторы И. Соколовский жергілікті халықтың жерлерін жаппай тартып ала бастайды. Осыған наразы болған қазақтардың арызын Санкт-Петербургке жеткізбекші болған Н. Ибрагимов пен Ғ. Ахметов 1916 ж. маусымда С. Меңдешевке тілмаш әрі жолбасшы ретінде бірге баруды өтінеді. Астанаға келген бұл топ Мемлекеттік думаның жанындағы Мұсылман фракциясына Астрахан қазақтарының арыз-шағымын жеткізеді. Мұсылман фракциясы оларға көмектесуге ынта танытқанымен, мәселені шешуге қауқары жетпеді. Осы сапардан шілденің басында оралған С. Меңдешев 19-43 жас аралығындағы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы патша жарлығын естіп, М. Сәрсембиевпен бірге қазақтарды ұлт-азаттық көтеріліске даярлауға қатысады. Мұны білген патша күзетінің тыңшылары С. Меңдешевті 22 шілдеде тұтқындап, 4 айға Астрахан түрмесіне қамайды [3]. Сейітқали қамаудан шыққан соң, саяси оқиғалардан шет қалып, 1916-1917 ж. тұтынушылар қоғамының есепшісі болып жұмыс істейді.
Сурет 2. Оң жақта отырған – Сейітқали Меңдешев (фото М. Мәмбетовтен алынды).
1917 ж. 21 сәуірде Бөкей Ордасының уақытша комиссары Б. Ниязов Хан Ордасында Бөкей қазақтарының съезін өткізді. Съезд Президиумының төрағасы міндетін адвокат У. Танашев атқарса, дәрігер М.Шомбалов пен студент-заңгер Ш. Бекмұхамедов Президиум мүшелегіне кірді, ал хатшылықты жүргізу ісі – мұғалімдер И. Медыхановқа, С. Меңдешевке және Г. Мұсағалиевке сеніп тапсырылды. Осы съезде Ішкі Орданы басқару жөніндегі патшалық Уақытша кеңес таратылып, Уақытша үкіметтің билік органы ретінде «Астрахан өлкесіндегі қазақ халқын басқару жөніндегі Орталық Комитет» құрылды. Оның құрамына жергілікті белді қайраткерлермен бірге С.Меңдешев те кірді. Сонымен қатар, Астрахан өлкесі қазақтарының комиссары және оның көмекшісі деген лауазымдар құрылып, оларға 1-ші Мемлекеттік думаның депутаты А. Құлманов және мұғалім И. Меңдіханов сайланды. Құрамына С. Меңдешев кірген Орталық комитет Уақытша үкіметтің Астрахан губерниялық комиссарына тікелей бағынып, бір уақытта Астрахан жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесіне – Хан ордасының атқару комитетіне қарады. Басқаша айтқанда, 1917 жылдың сәуірінен бастап облыста қос өкімет орнап, «Бөкей Ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңестің» соңғы төрағасы Подгурский атком шешімімен қыметтен алынып, облыс аумағынан шығарылып жіберілді [4, 151-б.].
1918 ж. 1-10 қыркүйек аралығында М.Тұнғаншиннің басшылығымен Хан ордасында Бөкей Ордасы қазақтарының съезі (Кеңестердің ІІ Бөкей облыстық съезі) өтті. Онда Астрахан өлкесіне қарасты қазақ даласы губаткомының жаңа құрамы сайланды. Съезд шешімімен С. Меңдешев губаткомның төрағасы, ал орынбасары болып Ғ. Бөкейханов сайланды. Жиында кеңестік үлгідегі 1-ші атты әскер полкін құру туралы шешім де қабылданды [4, 169-б.]. С. Меңдешев Қазревком [1] құрылғанға дейін төрағалық қызметпен бірге Бөкей губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі және Қамыс-Самар жер басқармасының төрағасы міндеттерін алып жүрді.
Достарыңызбен бөлісу: |