Сурет 13. Алдыңғы қатарда оң жақтан солға қарай екінші отырған С. Меңдешев
1928 ж. 14 қыркүйекте С. Меңдешевтің «Ұлт республикаларында кеңес сайлауы науқанының міндеттері туралы» мақаласы «Правда» газетінде жарық көрді. [42, 107-б.] Осы мақаладан кейін көп ұзамай, І. Құрамысов «Қызыл Қазақстан» журналының 4-нөмірінде «Меңдешевшілдік туралы» мақала жариялап, онда: «Меңдешұлы сияқты партия ұйымының ішіндегі атақты жікшіл көсемдер мақала жазып, орталықтағы баспасөзді өз мүдделеріне жұмсамақшы болса, оған қарсы күрес ашу керек», – деп, С. Меңдешевтің мақала жазуына ашық қарсы шықты.
Ал 1929 жыл – Қазақстандағы І. Құрамысов бастаған қазақ коммунистерінің С. Меңдешевке қарсы соғыс ашқан жылы болды. 1929 ж. наурызда Қызылорда партия белсенділерінің мәжілісінде І. Құрамысов: «Меңдешұлының қызарған солақай сөзі, байшыл ісі» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол өз сөзінде С. Меңдешевтің 1928 ж. 27 қыркүйекте Оралдың округтік партия комитетіне тәркілеу науқанының барысында орын алған кемшіліктерді көрсетіп жазған хатын сынады. Бұл хатта тәркілеуге жатпайтын қарапайым шаруалардың да тізімге ілінгені айтылған болатын. Партия жұмысында орын алған бұрмалаушылықтар мен асыра сілтеуді ашық көрсеткен С. Меңдешевке «меңдешевшілдер сөзде «қызарып» солақайланса да іс жүзінде партияға қарсы істі істейді. Өйткені партиядан сол ешкімде жоқ. Партия жолынан бұрылған жол біздің партия жолы емес, партияға қарсы жол», – деп баға беріп, оны жау қылып шығаруға тырысты [42, 107-б.].
1929 ж. 9 сәуірде «Еңбекші қазақ» газетінің №79-санында Ж. Сәрсекұлы «Меңдешевшілдік жол партияға қарсы жол» атты мақала жариялап, І. Құрамысұлынан да асып түсті. Ол: «меңдешевшілдіктің не екенін партия ұйымына, еңбекшілер жұртшылығына жариялауды біз кезекті міндетіміз деп санаймыз», – деп, С. Меңдешевті жоқ қылуға дайын екенін көрсетті [42, 107-б.]. Қазақстанда С. Меңдешевті осылайша «соғып» жатқанда 5 қазанда өткен БК(б)П ОК Саяси Бюросы С. Мендешевті ЭКОКЕ құрамына қайта енгізді [43].
1930 ж. 20 қаңтарда С. Меңдешев БК(б)П Қазөлкекомының хатшысы Ф. Голощекинге және «Советская степь» газетінің редакциясына «меңдешевшілдікпен» айыптауға қарсылығын білдірген хат жолдады. Ол хатында: «Партия басшылығына қарсы негізгі жік кеңестік Қазақстанның алғашқы жылдарынан-ақ басталды. Қазақстан партия ұйымы ішіндегі алашордашылар және басқа ұлттық буржуазиялық элементтер тарапынан байқалды», – дей отырып, өзінің партиялық бағыттан ешуақытта ауытқымағанын мәлімдеді. Ал Ф. Голощекин өз кезегінде: «Меңдешев жігінде болған жолдастар, ол кезде «солақайланып-ақ» кетсін, оның программасы болмасын, айырықша жікшілдік жасаған-ақ болсын. Бірақ, сонда да олар негізінде партия жолы үшін күресті», – деген дұрыс баға беруге мәжбүр болды [42, 107-110-б.].
1930 ж. 29 шілдеде Н. Манаев денсаулығына байланысты ҚАКСР Ағарту халкомы қызметінен босатылып, оның орнына С. Меңдешев тағайындалды [4, 252-б.]. 25 желтоқсанда БК(б)П ОК Саяси Бюросы С. Меңдешевтің Қазақстанға жұмысқа ауысуына байланысты оны РКФСР ЭКОКЕ мүшесі ретіндегі қызметінен босату туралы шешім қабылдады [44].
1931 ж. 11-16 ақпанда Алматыда өткен ҚАКСР кеңестерінің VIII съезінде С. Меңдешев Орталық тізім бойынша Қазатком құрамына сайланса [45], 16 ақпанда өткен 8-ші сайланған Қазаткомның 1-сессиясында Ағарту халкомы болып қайта бекітіліп, бұл қызметті 1933 жылдың 25 маусымына дейін атқарды.
1933 ж. 19 сәуірде Қазөлкеком бюросы С. Меңдешевті Қазатком жанындағы Жаңа қазақ әліпбиі жөніндегі комитет төрағасы етіп, 25 маусымда Қазатком жанындағы Ғылыми мекемелер жөніндегі комитетінің төрағасы етіп бекітті. С. Меңдешев осы қызметті атқара жүріп Қазақстандағы алғашқы ғылыми мекемелердің құрылуы мен қалыптасуына жетекшілік жасады. Өзі де көптеген мемлекеттік комиссиялардың құрамында жұмыс істеді. С.Меңдешев 1933 ж. 10-14 желтоқсан аралығында құрылған Азамат соғысының тарихына көмектесу комиссиясының, 1936 ж. 28 мамырда құрылған Қазақ халқының және Қазақстан тарихы жөніндегі оқулық құрастыруды ұйымдастыру мен жетекшілік жасау жөніндегі комиссияның мүшесі болды.
1934 ж. 8-16 қаңтарда Алматыда VIII Қазақстан өлкелік партия конференциясы болып өтті. С. Меңдешев конференцияның 16 қаңтардағы мәжілісінде Қазөлкекомның мүшесі болып сайланды [46, 343-б.].
1935 ж. 1-8 қаңтарда С. Меңдешев Алматыда өткен ҚАКСР кеңестерінің ІХ съезіне қатысты [47, 910-б.]. Съезге барлығы 806 делегат шешуші және 98 делегат кеңес беруші дауыспен қатысты. Съез 8 қаңтар күні 215 мүшеден және 78 мүшелікке кандидаттан тұратын Қазаткомды, КСРО ОАК Ұлттар Кеңесіне 5 өкілді сайлады [48, 45-53-б.]. С. Меңдешев съезде Қазатком мүшелігіне [49] және 9 қаңтарда өткен 9-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында Қазатком Президиумы құрамына сайланды [50].
1935 ж. 23 ақпанда БК(б)П Қазөлкекомы бюросының мәжілісінде Қазатком жанында тұрақты жұмыс істейтін бірқатар комиссиялар мен комитеттерді сақтау жөнінде шешім қабылданды. Оның ішінде С. Меңдешев басқаратын Ғылым комитеті мен Жаңа әліпби комитеті жұмысын жалғастыруы тиіс болды. [4, 370-б.].
1935 ж. 4 шілдеде БК(б)П Қазөлкекомы бюросы Ұ. Құлымбетовты С. Меңдешев басқаратын Қазатком жанындағы Жаңа әліпби комитетінің қосалқы төрағасы қызметіне бекітті [4, 373-б.]. Ал 15 қарашада Ұ. Құлымбетов өлкелік Жаңа әліпби комитетінің төрағасы болып бекітілсе, 1 қарашада КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы (ҚазФАН) Ғылыми кеңесінің мүшесі болып бекітілген С. Меңдешев комитет мүшесі болып ауыстырылды [4, 375, 381-б.].
С. Меңдешев 1935-1937 жылдары Қазатком Президиумының мүшесі ретінде республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өміріне қатысты шешімдерді қабылдауға атсалысты. 1937 ж. Қазатком жанындағы Ғылыми мекемелер жөніндегі комитетінің төрағасы, кейіннен ҚАКСР үкіметі жанындағы Қорықтар мен тарихи ескерткіштерді қорғау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1937 ж. 24 қыркүйекте С. Меңдешев Қазақстандағы ұлттық антикеңестік ұйым басшыларының бірі ретінде тұтқындалып, 1938 ж. 25 ақпанда ату жазасына кесілді. 1957 ж. 7 желтоқсанда ақталды.
Достарыңызбен бөлісу: |