Он алтыншы тарау. Ішінде қалдым күйіктің
Елді де, Еділ де алғандай ісіп-кеуіп есірген «мықтыларымның» бәйгеге қосқан жүйріктерімді он бір рет құлатқанына, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлігіне 13 жыл қатарынан ұсынылып, сол кім көрінгенге берілетін атақты маған қимайтынына етім үйренгені сондай Шәкемнің: «Софыян-ау, олар сені құлатпаса, ой түбіне үңілер ме едің. Мынау тиянақсыз, байлаусыз тірліктен кей-кейде түңілер ме едің. Қаламыңа құдай қажыр бітіргені сол үңілуің ғой» дегеніне өзімді өзім тоқтатамын. Тоқтатам да бұрын «бірдің мұңлы арманы елдің құнды арманының жолына құрбандыққа шалына алса армансыз ғой» деп жұбаныш табушы ем. Бүгін Шахминамнан айрылғалы ештеңеге елеңдемес мәңгүрт шалға айналып жүріп, жұбайымның тойханада қырқын да өткіздім.
Дәл сол күні кешінде үйімнің ауласында меңіреу халде мең-зең боп жүріп әлде бір темірге сүрініп мұрттай ұшып, екі қабырғамды сындырып алғаным.
Ковидтен әлі арыла алмай жүрген мені сынған қабырға ісік жайлаған өкпеге зиян тигізеді деп ауруханаға жатқызды да тастады.
Травматологияның төрт кісілік палатасында ыңырсыған, байбайлаған, жаны шырылдап бебеу қаққан ауруларының арасында жатып, көзім ілініп кетсе, Құдай-ау, көрмейтін түсім болсайшы.
Алай-түлей Арқаның боранында адасып жүрем. Адасып жүрген жерімнен авиашанасымен Тоқтар Әубәкіров інім құтқарып алып қалады. Енді бірде таудай толқындарымен қақпақылдап лақтырған теңіздің тереңіне кетердей кезде катерімен жеткен Мұхтар Мағауин (бір кездегі көршім ғой) қол созып, желкемнен тартып, катеріне мінгізіп алып кетеді... Ала-күлес түсімнің бәрінде шыбын жанымды шырқырата бүрген азуы алты қарыс Путиннің сақ-сақ күлкісі шекеме шарт-шарт соғылып, есім танып бара жатқанымда... Шәкем, менің құдіретті Шахминам Путинді тымақтай жұлқып лақтырып жіберді. Лақтырып жіберді де:
– Тобыңнан, көбіңнен ажырама. Жалғыздың жалмауызы көп болады. Халқыңмен табыс! – деп елеске айналып, жоқ боп кетеді.
Сол түстерден әсте-әсте айығып оянам. Оянам да «ел – аулақ!, Мен – саяқ!» деп өзімді өзгелерден оқшаулағанымды жұбайымның сездіргеніне бас изеймін. Содан соң бүгінгі ең құнды ел арманы – аш-жалаңаш жүрсе де, өз мұңы мен өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі анау Путиннің империяшыл темір тұзағында тұншығып өлмеуі екенін күрсіне болжаймын. Соған жеткізбесек деген ел арманы – менің де арманым болса екен.
* * *
Ғұмыр – тағдырдың жазуымен бе, әлде Алланың бұйрығымен бе пендеге тартылған үлкен сыйлық. Кейде кеудеңді әлдебір қуаныштың толқыны тербегенде: «Құдай-ау, мынау жарық Жалғанның шымылдығын түргізіп, бар мен жоқтың арасынан суырып әкеліп, осыншама тылсымның жұмбағын шешкізіп, түк ұқпас хайуан етпей, адам қылып жаратқаныңа мың мәрте шүкірлік етем!» деп жер-дүниені жаңғырта дүрілдегің бар.
Ал кейде жазықсыз жапа шегіп, көкірегіңді зіл басқанда: «Мына сұм тірлікке сүйретіп әкеліп, соншама сорлататындай не жазып едім саған, қу Құдай!» деп өз маңдайыңды өзің тоқпақтай жылайтының бар.
Сондай халімді тез танып қалар Шәкем қасыма келіп: «Жә, жасыма босқа! – деп арқамнан қағатын.
– Неге жасымайын. Бір жылдай ғана Мәдениет министрі болған Дархан, Мыңбай: «Сматаевты мемлекеттік БАҚ-қа жолатпаңдар!» деп қаулысын шығарып, мені газет, журналдардан ажыратып қойды ғой.
Одан кейін келген Арыстанбек Мұхамедиұлы деген министрі Республикалық, облыстық театрлардың сахналарында жүріп жатқан менің барлық спектакльдерімді алғызып тастады ғой.
Соңғы отыз жылда мемлекеттік баспалардан менің бір де бір кітабым жарық көрген жоқ. Сонда менің жазған-сызғаным қазағымның, халқымның, оқырманымның кеудесіне сіңбей, құлағына енбей жатса, менің қаламгер екенімді кім біліп, кім ескерер. Айтшы, Шәкем-ау, БАҚ-тан, театрлардан, баспалардан айырған мені сонда халық жауы санағандары ма? Елім, жұртым деп «Елім-айды» жазғаныма кінәлімін бе?
Шәкем ұшып кете жаздап шырылдады.
– Жо-жоқ, Софыян! Көзіңнен ұшқын қашпасын! Сергітер сезімің азаймасын! Сөзіңнің дуасы жоғалса, ақиқаты кемісе, тәлтіректеген рухың бұрынғыдай шоқ шашыратар жыр жолдарын бұрқыратар ма. Зарыңның сөзін төрдегілерің қабылдамаса да, арыңның сөзін төмендегілерің құлағына ілер. Ілер! Ұйқыдағы марғау жұртыңды сен оятпасаң, кім оятады?
Ұза-ақ күрсіндім. Осыдан кейін де ғұмырды өлшеусіз сыйлық дей алармын ба?..
Ал Шәкем... Сілкіп-сілкіп алады-ау ой мен сойыңды шарасыздықтың шаң-тозаңы қапқанда.
* * *
Ілбіп, жылжып 2021 жылдың жетінші желтоқсаны да жетті. Бұл күн – тірі болғанда Шәкемнің сексенге толып, ұланасыр той жасар күні еді-ау. Жиырма шақты туыстардың басын қосып дастарқан жайдық. Әртүрлі әңгімелердің басын құрап, естеліктерге бойладық. Күлкінің арғы жағында күрсіністің сығалап тұрғанын сезсек те, езу тарта күлген болдық. «Шахминамның жақсы көретін қуырдағы ғой» деп табаққа қасық салдық. Өзінің туған күніне сақтап жүрген соғымның соңғы қазысынан ауыз тидік.
Дастарқан жиналды. Жұрт тарқады. Мен кәрі дос қаламыма жармастым.
Құрметке тоймас, қошеметке жерік шекірейген шенеуніктер мен ақиланған әкім қаралар сатып алған атақ лауазымдарын әрең көтере талтаңдап, құдайымсып күн өткізумен әлек. Солардың ар мен иманды. адалдық пен әділдікті саудалайтын кекек-секек қимылынан, қайқаң-жайқаң жүрісінен әбден тозып біткен елдің сиқын жазғаннан не өндірдім деп қаламымды өз кеудемнің қанына малып алып, Шәкемді жоқтау-сарнауымды аңырата жөнелдім.
Гүл сезімді біл сезініп жаныңмен,
Жүрек сөзі құдыретті бар үннен.
Жүрегіңнің ұяң ғана лүпілін,
Сүйіктіңе жеткізерсің әніңмен.
Қайран ару сайран дала сазымен,
Күлкісімен, еркін, ерке назымен.
Еркімді ұрлап, ертіп мені барады
Әлі күнге саржайлаудың жазымен.
Әсерімді нөсерлеткен әсемім,
Дуылдап қан, лебіңнен есер үн.
Бал көмейдің білмеппін-ау, білмеппін
Бар әлемнің бар тылсымын шешерін.
Раушан гүлдің ғажабын-ай исінің,
Сол иістен сені іздейді түйсігім.
Шыбын жаным шырылдайды таба алмай,
Безектеумен саусағында күйшінің.
Таңым болып атпап па еді сол күнім,
Қуаныштың күлкісіне толды үнім.
...Бүгін енді күлкі түгіл жымию
Өзің жоқта, Шахминам-ау болды мұң.
Күміс күлкің бал көмейден төгіліп,
Жанар нұры дән боп жанға егіліп.
кетіп еді-ау,
Айрылып қап бәрінен
Тоз-тоз болып, жыртылдым ғой сөгіліп.
Түк ойлатпас қамсыз, мұңсыз жастықтың,
Шадыманы шарықтатқан мас қып тым.
Жүйрік ғұмыр тастап кетіп артына
Өкініш пен өксік толы жас жұттым.
Жұлдыз сүңгіп, үңгіп жатыр айдынды,
Іздейді екен ол да мендей қай-мұңды?
Ақ айдынға аппақ төсің жалатып,
Сен кеткенде, мен құшқанмын қайғымды.
Симаушы ем-ау Жер түгілі Аспанға,
Бал ерінді сорып қаным тасқанда.
...Симас жерге сиып кетіп жүрмін ғой
Сол жүректің ыстық қаны қашқанда.
Өзің түгіл көлеңкеңе құмартып,
Кейде ішке, кейде түске мұң артып.
Табынушы ем,
Орап тастап өксікке
Кете бардың сағымдай боп мұнартып.
Алтыным ең,
Гауһарым ең, күмісім,
Ғұмырым ең
Сен деп соққан тынысым.
Жарқ еттің де, жалт еттің де
Жоғалдың,
Жұмақ еді-ау,
Тамұқ болып тұр ішім.
Достарыңызбен бөлісу: |