Он төртінші тарау. Пандемия. Мерекелік кеш
Аруды сүю де керек, құрметтеп қадірлей білу де керек. Өйткені шыдай білу мен сынай білу – әйелге ғана тән тірлік. Төзімділікпен шыдай білуі – Көктен, Тәңірден тапқан қасиеті болса, сынай білуі – кеудесін қапқан өзімшіл қасіреті де ғой ұрғашы қауымының.
Жан жарыңның мөлтілдеп тамған көз жасынан өтер шешен тіл болмасын түйсінсең, шыдатамын деп арудың әсемдігінің шыңы – әлсіз момындығына салмақ сала көрме. Сынатамын деп әйел жанының мөлдір тазалығына, ғаламат төзімділігіне, кіршіксіз сезіміне озбырлықпен үстемдік жасай көрме. Сонда ғана әйелдік мәңгілік жұмсақтық – арманы асқақ еркекті биіктен биікке өрмелетер мықты өткелге айналады.
Қаламгердің жары болу – тән азабы мен жан азабын сезе білу және соған күйінумен һәм сүйінумен төзе білудің қасіреті мен қасиеті!
Сол себепті қол ұстасқан қосағын, сүйсіне сыйлап, исіне құрметтеу – еркектің мәңгілік парызы ғана емес, ғұмыр бойы өтей алмайтын салмақты қарызы. Өйткені әйел адамның еркектерге қарағанда азаматының сыртқы түс-көркінен гөрі ішкі күш, мәніне көбірек көңіл бөлетін асыл ізгілігі мейлінше артық-ау.
Сүйіктіңе айналған әйелден өтер сүйкімді ару болмайтынын жарыңның разылық танытқан жанарының жарқылынан көре білуге жетер бақыт жоқ қой.
Менің Шәкем дәл сондай аяулы жар еді, бақытты ана еді.
1975 жылдан 1985 жылға дейін Ғ. Мүсірепов атындағы 86-мектепте, 1985-94 жылға дейін А. Жұбанов атындағы музыкалық мектепте сабақ беріп, тәрбиеші болған Шахминамның Алмас, Манас, Жанарларын тәрбиелеп өсіруде еңбегі аса зор. Немерелері Жан, Марғұлан, Әнел, Алихандарды мәпелеп бағып-қаққаны өз алдына ұзақ әңгіме.
Марғұланын кішкентайынан жетектеп домбыра, скрипка үйірмелеріне апарып жүріп, тамаша скрипкашы етіп шығарып еді-ау. Әттең, немереміздің сол өнерін ұшпағына шығармай, тастап кеткеніне бүгінде қатты өкінеміз.
Тілі орысша шыққан Әнелін қазақ мектебіне сүйреп жүріп оқытып, түсте және өзі екі-үш сағат қосымша сабақ беріп, қазақшаға сайратып жіберіп еді.
Екі жарым жастағы кенже немересі екеуі қатарласып отырып алып, менің «Мейрамсопы – Қарқабат» атты кітабымды Алиханның қолына ұстатып қойып «оқуды» бастайтын.
Алихан әр бетті ашып. «Софы ата, так» деп, келесі бетті ашып, «Софы ата, так» деп қойып, кітап біткенше «Софы ата, тагімен» отыратын. Содан соң әжесі кітаптың мұқабасындағы суретті көрсетеді. Алихан «Ол – Шамоха!» деп тақ ете қалғанда, бәріміз қарқылға басып, жайраңдап қалушы едік-ау.
Шамоха-Шахмина ұстаз еді. Ұстаздан да бұрын ана еді. Ұлы ана еді.
Өмірдің жазы өтеді, күзі өтеді.
Уақыт өзгертеді, түзетеді.
Бәрібір Дүниенің тыныштығын
Аналар кірпік қақпай күзетеді.
Ойласа ұл, қызының жайы, күйін,
Жүрегі баяу ғана тыз етеді.
Шәкем, сен – ана едің. Жауыздықтың тас қамалын алатын Ана да болдың. Сәл қабақ шытсақ, жабырқай қалатын Ана да едің.
Анадан ардақты, анадан қадірлі, анадан асыл, анадан абзал ешкім жоқ. Сен сондай едің, Шәкем-ау.
Ананың тілегі – адамзат тілегі. Ол тілекте нұр барын дәлелдеп өтіп ең-ау. Ана жүрегі – әлемнің жүрегі. Ол жүректе сезім боларын өнеге етіп кетіп ең-ау, Шахминам.
Қайтейін-ай, сондай ана бола білген сен көз жұмғанда, жұмыр Жердің бір бәйшешек гүлі солды ғой, Шәкем-ау. Сол ана, сен ақтық деміңді, шығарғанда, тіршіліктің шуақты күні сөнгендей болды ғой, Шахминам-ау. Сол ана, сен пәниіңнен бақиыңа аттанғанда, асыл сөздің мөлдір бұлағы тартылып еді-ау, Шамым-ау!
Сол, ана, сен артыңдағы ақырғы қақпаңды жапқанда, мейірімнің жарық шырағы сөніп еді ғой, асыл жарым-ау!
Жүрекпен лүпілдеген, жалындаған,
Ананы Тәңір тұтып, табынды адам.
Анасы маңдайынан сүйген ұлан,
Жау түгіл,
Құдайына жалынбаған.
Дүние астан-кестен болып кетіп,
Ананың құшағында дамылдаған.
Сен, Шәкем-Шахминам-ау, естелігімнің есігін ашып кіріп, мен есімнен танып ұлып отырғаным мынау.
Елді есеңгіретіп, жұртты жұт соққандай құрсауына алып пандемия жеткенде, әркім-әркім өз үйінің ошақ басында қамалып қалып еді. Шығар есік, кірер тесік қалмаған жамаулы көңілдің қамаулы күндерінде менің сексен жасым секеңдеп келіп қалғанын менен де бұрын Шәкем сезіп, тыпырши бастады. Екеуміздің тиын-тебен салатын қобдишамызды ақтарып, қаржы-қаражатты түгендеп санап, тойхананың жүз адамға қанша сұрайтынын білмек болып, жан-жаққа, маған білдіртпейін деп, аузын тұмшалап телефон соғып, әбігер боп жатқаны.
Ал мен ше? Мен де қарап жатпай шығармаларымның желісімен ғұмыр баяндық сценарий жазып, соны жастар театрында әртістермен қосыла өзім де әртіс боп ойнап, репетициядан соң репетиция өткізіп, мұрнымызға су жетпей жүргеніміз.
Қылаңдап атып, қырмызы көркімен 22- маусымның таңы атты. Мен тура сексенге толдым. Гүлден де қымбат құшағын ашқан Шәкемнің ып-ыстық жүрегіне ендім де кеттім. Кемпір-шал емес, сонау шап-шағын Киіктінің бірін-бірі ән салып, мұң шағып іздейтін бозбаласы мен бойжеткені болып табыстық. Бойжеткеннің көзіндегі қуаныш жасы бозбаланың кірпігіндегі шықпен араласты. Күлкіге толы күрсініс, кұрсініске толы күлкі ақтарылды.
Сәске түсте Амангелді Ермегияев, Құсайын Омаров – екі інім корзина гүлін көтеріп жетіп келді. Астыма ат мінгізіп, иығыма құндыз жағалы шапанын жапқан екеуі жеңгелеріне де құндызбен әдіптелген камзол кигізіп, қолына конверт ұстатты.
Содан соң-ақ кішірек тойымыздың үлкен отырысы басталды да ду думанның көрігі қызып сала берді.
Кешінде Шәкем екеуміз оңаша қалдық.
– Сексенің туралы сегіз жол болса да, бірдеңе жазсайшы. Ертеңгі соңыңнан еретіндерге керек боп қалар, – деді Шахминам.
– Ал онда бастадым.
«Сексенге келдім. Сегіз асуға ендім» – деп Шәкеме жазғанымды көрсетіп едім.
– Дұрыс. Асудан аспай, енгенің де дұрыс. Осылай өнегеңді үлгі ете бер, Софыяным.
Мен ойланып отырып, төмендегі толғауымды төгіп тастадым.
«Артыма қарап марқайдым ба, алдыма қарап шалқайдым ба, білмеймін. Әйтеуір өткен-кеткенім ілестіріп ала жөнеліпті.
Бал күмісті күлкісі мен балалығымның бозторғайдың әуенімен арайлап атқан әрі ерке, әрі ерте таңына қызыққаным есімде.
Жалтыр төбенің төбесіне қызыл табақтай болып шаншыла қалған күнге қарай кең даланың қайыс таспадай қара жолымен құлдыраңдай жүгіріп, жалқындана шашыраған күннің найза-шапағына еніп кетердей әлдебір ынтықтырған үлпілдек сезіммен алып ұшқаным есімде.
Ал бүгін егделіктің сұрғылт та суық кеші еңсемді езгілей басып, жұлдызы жамырай тірілген бейуақтың қараңғылығына сүңгіте сүйрелеп барады. Кешегі ертегіге бергісіз бал балалықтың жалаңаш табанынан енген боздаламның борпылдақ топырағының жылуын да ұмыттырғысы келе ме, түн ызғарының қытымыр лебімен өнебойымды құрсаулап орап ала қояды.
Қайран да кешегім мен сайраны аз бүгінгімнің кереғарлығы-ай! Ойсырай күрсінсең де, мынау кешіңнен сонау таңыңның тамсандырған тамашасын таба алмайтын тәріздісің. Зымырап аққан өзендей тамшылап тақырланған көлдей көзден бір-бір ұшқан күндерің жылға жалғасып, ұзап таусылуға тақау. Ал сол күндер мен жылдардың мейірімсіз атауы – уақыт. Уақыттың бітті – мезгілің өтті.
Осыны талайлар айтқан. Талайлар әлі де айтады. Күліп жүріп жылап кететініміз неліктен екен? Қимайтынымыз нендей ғаламат? Құштарымыз қандай тылсым? Ғұмыр ма? Мүмкін, мүмкін.
Өйткені өлімнің өмірді түбінде бір алып соғары хақ. Соны азайған ғұмырыңның өлшеулі сағаты бітіп бара жатқанын секемденбей-ақ сезетін кәрілердің көз алдына сонау есерлі шақтың әсерлі кезеңі ес тандырған қызығымен де, жаныңды жалынға ораған қызуымен де, ынтықтырған жүрек дүрсілімен де мәңгіліктің қасқағымдай болып па, әлде қас қағымның мәңгіліктей ұзарып па, «Өмір!» деген атаумен көлденеңдей қалады. Құнықтырған сол өмірдің уы мен балын ішсең... алыстап барып сыңғырлаған әуені сыбырлап үзілетін қоңыраудың үніндей ақырғы ізіңді мөрлеген аяқ тықыры баяулап... баяу тықырлап талып басылады... Біржола!..
Ал кәрі жүректің зар тілегі: мынау Тірлік атты пәниден кетпеу ғана. Анау бар мен жоқтың шекарасынан әрі аттап өтпеу ғана.
Құдіретің жетер ме соған?!
Армысың секеснім. Тосармысың, тоқсаным?..»
Жазып болып, Шәкеме ұсындым.
Шахминам асықпай оқып шықты да, бетіме біраз қарап отырды.
– Өкінішің де бар, өкпең де мол ой-толғауың екен. Тамылжыған таңымызға тамсанта еміренттің. Қыраулы кешімізге сығалата үңілттің...
Өмір-ғұмырға дәл өзіңдей ғашық жанды білмеймін.
Ал мен айтсам, қол ұстасып әлі-ақ тоқсанымызға да жетеміз. Күрсінімізді азайтайық ол үшін. Келісесің бе, Софыяным-ау.
– Келісем ғой. Сен қасымда сүйеу боп жүрсең, жүз жасыңның да төбесінен топ етіп аунап өтеміз ғой, Шахминам-ау!
– Е-е, осылай күйректік танытпай, арқырап өте берсейші, арғымағым-ау!
– Құралайым-ай! Күн-арайым-ай! Туар Айым-ай! – деп арсалаңдай еркелеп, құшақ жая бергем.
– Жарайды. Аптықпа! Сенің әлі репетицияң бар. Сахнаңды ұмытпа.
– Жақсы, Шахминам.
27-маусымға дейін тағы екі репетиция өткізіп, дәл сол 27-маусым күні Әуезов театрында ертемен прогон жасадық. Дайындығымыз ойдағыдай шықты. Сахна жабдығы түгелденіп, сахна экраны тексеріліп, қызу жұмыс жүріп жатты.
Мен бір сағатқа үйге келіп, тамақтанып, сағат үште үйдегі қонақтарды төрт машинаға отырғызып, қайтадан театрға оралдық. Пандемия қысып тұрғанына қарамастан тілектестерім есіктен кіре бергенімде қарсы алып, фойедегі суретімнің қасында, бірінен соң бірі мені жібермей суретке түсіп жатты.
Сол 2021 жылы әртүрлі саладағы мереке иелері – юбилярлар көп екеніне қарамастан, короновирустың ылаңын ескерген жоғарғы жақ екі адамға ғана – О. Сүлейменов 85 жылын, маған 80 жылдығымды театрда өткізуге рұхсат берген болатын.
Спектакль жақсы өтіп жатты.
Күншілдер мен міншілдердің кекетуі, мұқатуы ал кеп гулесін. Түс-тұстан, жан-жақтан қоршап алған бақастар мен бақталастардың ортасында қалған автор Сматаев арс-арс еткен әлгілерге алғашқыда қорқа, үрке, шошына қараса, енді міне жылдар жылжып, бір шекеден тәкаппар сұспен, өз биігінен төмендегі шәуілдегіш тобырға өктем қарап тұр.
Әй, жазғышым, тірімісің, бармысың?
Тыпырлай ма торға түсіп ар құсың.
Жүйрігіңді көздеп атып құлаттық,
Күншілдердің жендет қылып қарғасын Ха-Ха! –
деп шыжбалаңдаған екіншісі қағып әкетіп, қиралаңдай көтеріп жатыр.
Бәйге алам деп қышымасын иегің,
Мықтап жаққам қап-қарасын күйенің.
Саған ешбір атақ, сыйлық тимейді,
Қуарғанша азып-тозып сүйегің, Ха-Ха-Ха! –
деп безілдегенде, үшіншісі қанденше шәңкілдеп келіп, тым жақындай алмай, өксіктей өкінішін өзегінен төгіп тұрғанын өзі де сезбей, өршелене үріп жатыр.
Бұл өмірден түк көрместен өтесің,
Боздайсың ба, өшесің бе, не етесің.
Мынау берік шебімізді жеңе алмай,
Итжемеде азып-тозып кетесің.
Соңымыздан сүмірейе ілесіп,
Ұстайсың тек қатқаныңның шекесің. Ха-Ха!
деп шуылдаған кезде, сахна төрінен Қарқабат ананың елесі жарқ етеді.
Жоғал өңшең шәуілдегіш күншілдер!
Мінездіден мін аулағыш міншілдер!
Түсесіңдер қақпанына қарғыстың
Әділет дер түсайды әлі бір шілдер!
Енді Анам, ұлы Анам маған назарын аударады.
Қиналсаң да, ұлым, зорлық жұтынып,
Күтеді алдан алыс арман, құт үміт.
Халқың бар да қабақ шытып, қайғырма
Мұң шырмаудан босанасың, құтылып.
Жаз, ұрпағым, қанға малып қаламды,
Даудан – ерді.
Жаудан қорғап Далаңды.
Тауарихта сен қаласың мәңгілік
Олар емес,
Ел береді бағаңды!
Арқаландым. Марқайдым. Мерейлендім.
Қараймын ба шәуілдегіш үргенге,
Жатпас жігер кеудемдегі түрмемде.
Кітаптарым жарыс тілеп жұлқынды,
Ауыздық сап, қос тізгінін түргенде.
Кеттім самғап, әділетке иланып,
Тоғышар боп отырмастан күй бағып.
Буып жатты құдыреттің толғағы,
Туып жатты «перзенттерім» қиналып.
Шәуілдегіштерім тоз-тоз боп жоғалды. Сахнада екі көзім шоқтай жанып, айтыс-тартыстың жеңімпазы болып жалғыз өзім жадырап тұрмын. Жалындаған жанарым қарсы алдымда бірінші қатарда отырған жан жарыма түсті. Ол да менің жеңісімнің жемісінің дәмін татып, рахат күй кешіп отырғанын сездім. Сездім де, енді Шәкеме сыр-жырымды ақтарып кеттім.
Демеушім-ау, жебеушім-ау, жұбайым,
Мен жыласам, шаттықтан тек жылайын.
Өзің бар да жас баладай мәпелер
Нұрға толып өте берер жыл, айым.
Сыны кетпес сұлуым-ай, сыңарым,
Өзің ғана – қасиетті тұмарым.
Жанарыңның жылуынан сауығып,
Арта түсер пейіліңе құмарым.
Болашаққа бірге аттап өтейік,
Ақ арманға қол ұстасып жетейік.
Адырса да тәніміз бен жанымыз
Махаббатты ауырмастай етейік! – деп сахнадан төмен түсіп, Шахминамды құшағыма алдым. Ал риза болған жан жарымның жанарынан өзімді көріп едім сонда. Енді еріксіз әндетіп қоя беріппін.
Шахмина, мына тойың құтты болсын,
Денсаулық екеумізде, айдай, мықты болсын.
Сипаған саусақтарың шипам болып,
Қаламым шығармама, айдай
жүкті болсын, а-ай.
Шахмина-а, қа-алқам!
Тұрғаным менің ән сап, айдай.
Сенің арқаң, а-ай!
Ша-а-ах-мина-а!
Еміренген, елжіреген екеумізге өре тік тұрған залдағылар да, сахнадағы әртістер де ұзақ қол соғып, мәртебемізді шарықтата көтеріп еді-ау. Сол көп тілегі төбеміздегі Тәңірдің көк тілегіндей болып, бақыт бесігіне бөлеп, тебіренте тербетіп еді-ау екеумізді Шәкем-Шахминам менің. Құшақ-құшақ гүлдердің ортасында қалып едің-ау, Шамым менің.
Көптің көңілі, жұрттың ықыласы асып төгіліп, тәп-тәтті, жып-жылы толқынына тоғытып, үйіріп әкетіп еді-ау!
Достарыңызбен бөлісу: |