Үшінші тарау. Қадірлі кеш
Қыркүйектің үшінші жұлдызында мені факультет деканы Тауман Амандосов шақырған еді. Декан шақырса, жан қала ма. «Оқуым басталмай жатып, нені бүлдіріп қойдым?» деген күдік тәлтіректетіп апарып, кабинеттің есігінен басымды сығалата қойды. Мені көріп қалған Тауман ағай қолын бұлғап: «Кел, Сматаев. Кіре бер» – дегені.
Кібіртіктеп басып келіп, деканның қарсы алдындағы орындықтың шетіне құйрық бастым.
Декан бетіме басын сәл қисайта сығырая қарап отырды да, жымиған түр танытты.
Мен сені мықты жігіт деп жүрсем, үріккен тайлақтай танауың делдиіп, мектеп оқушысынан да бетер сүмірейіп қалыпсың ғой.
«Е-е, ештеңе бүлдірмеген екем. Жүзі онша суық емес» деген далбаса оймен еңсемді тіктеп, көзімді көзіне жамай қойдым
О-о, енді түзелдің, ұлым. Былай болсын. Мен сені группаңа комсорг болуға ыңғайламақшымын. Келісесің бе осыған?
Мен бе?.. Неге мен... Анау әскерден келгендер, жұмыс істегендер бар емес пе?.. Ал мен... Мен оларға...үлкендерге не айта алам, – деп сасқалақтап күмілжи бастап едім, деканымның жүзі суып сала берді. Көзінен ызғарлы от шашырады ма, білмеймін, екі иығым бүрісіп, бағжидым да қалдым.
Комсомолдың үлкен, кішісі болмайды. Тек комсомолдық міндет, комсомолдық талап қана бар. Қоғамдық міндетті орындаудан бас тартудың не екенін білмесең, комсомол қатарына неге өттің?
Даусының зілі күшейіп, төбемнен төмен тұқырта басып бара жатқан соң, қарсы дау айтқансып:
Олай демеңіз... Мен оныншы класта бүкіл мектептің учком председателі болғам, – деп кеуде тіктемек болдым.
Әне, мен сенің сондай екеніңді біліп, міндет артып отырмын. Осымен мен сені келісті деп ұйғарамын, Сматаев мырза. Ал енді марш аудиторияңа! – деп Тауман аға таяғымен еденді дүрс еткізіп соғып жіберді. Мен жалт бұрылып есіктен ата жөнелдім.
Көңілімді құлазытып
Бір күдік жүрегімді жасқандырып,
Шыңғыртып қоя берді аспанға ұлып.
Бүркедім қос қолымды қақ төбеме,
Төпелеп кететіндей бастан құрық.
Айта алмай тәуекелді
Бұрылып тар жолымнан кетсем кейін,
Қашуға дайын тұрса өкшем бейім
...Жо-жо-жоқ!
қайсарланып қарсы атылам,
өлер ем осалдықтың шексем гөйін...
Күдік немеге күрметіле бермей, сол шіркінді кеудеңнен құрықтап қуып шықсаң, құйрығын бұтына тыққан күшіктей тырқырап қашатынын осы ғұмырымда сан көріп, сан білдім.
4-қыркүйек күні комсорг боп сайланып, 5-қыркүйекте филология факультетіндегі орыс, қазақ бөлімдеріндегі 150 студент поезға отырып, Шымкентке тартып кеттік.
«Мақтарал» совхозына мақта теруге барған орыс һәм қазақ бөліміндегі алты группа арасында біріншілікке таласқан қызу бәсеке басталсын да кетсін. Күн сайын шығатын «филология» атты қабырға газет-листовкасында күнделікті жұмыс барысы қорытындалып, қай группаның адуындап алға озғаны, қай группаның жұрттың соңында қалып, шаңға көмілгені айқұлақтана жазылып жататын. Менің группамның көбіне көп оза беруі Өзбекстаннан келген екі жігіттің, Оңтүстік Қазақстандық үш комсомолдың арқасы да шығар. Дегенмен әлгі листовка – парақшада «Сматаев комсоргтың» ертең де бәйгенің алдынан көрінеміз» дегеніне кәміл сенеміз». «Сматаев айтты – орындалады!» тәрізді оқшау сөйлемдер біздің группадағы достарымды қоздыратын да алға сүйреуге тізгін тастайтын да еді. Әсіресе кешкі алау оттың айналасына отырып алып, бәсеке бәйгеде озып шыққанымызға қатты әсерленіп, әндете жөнелетінбіз. Ғаламат керім дүние еді-ау шіркін. Абайдың «Айттым сәлем қаламқасын» сондай шымыр, сондай нәзік тенор даусымен Әнуар досым шырқай жөнелгенде, Оңтүстіктің қаракөк аспанының сансыз жұлдызы жерге тамып түсердей билеп кететінін көргенде, әлдиге иліккен нәрестедей жүрегімнің тым-тым қуана исініп, тебірене лүпіл қаққан сәтінде қазіргі ақсақал күйімнен сонау бозбала қалпына елжіреп оралғанымды қапысыз сезетіндеймін.
Ғарифолла мен Амангелді қосылып, дуэтпен айтатын «Бипылы» кешегі ағылшындардың «Битлзын» он орап алатынына күні бүгінге дейін бәс тіге аламын. Кеудеңе қоңыр дауыстың қоңыр үнімен уілдете енетін қоп-қоңыр сазы, құдай-ау, анау Бипыл қыздың қолыңнан ұстамай-ақ жетектей жөнелетінін қалай ұмытарсың.
Менің группамның үздік боп шыққанына қатты риза болған Альберти дейтін кураторымыз қолымды қысып:
Ну, Сматаев жолдас, комсорг болса, сендей-ақ болсын! – дейтін.
Осы бір беделді комсорг қалпымды қазан, қараша айларында да бұлжытпай сақтаған мені группалас қыз-жігіттер кәдімгідей сыйлап, кейбір кеңес-пікіріме бас изеп келісе кететін.
Шахмина екеуміздің қас-қабағымыздың қағысуы бір ізге түсіп, табысуға бет бере бастағанына шүкірлік етіп, мерейленуші едім сонда. Сол алыпұшқан көңілдің қалауымен Шахминамның ЖенПидегі курстас қыздарын өзіміздің группамызға шақырып, көңілді бір кездесу кешін өткізсек дейтін өзімшіл тілекке бойлай сүңгіп кеткенімді қаншама жасырсам да, ақыры үндемей қалуға төзімім жетпеді. Кураторымыз ақжарқын, әдепті, ақыл-ойын салмақтап отырып жеткізуге тырысатын апай еді. Өз ойымды сол апайыма айтқаным сол еді, кураторым іле қағып әкетті.
Мынауың өте әдемі ұсыныс екен. Екі қолымды көтере келісемін. Сендер мықтап дайындалыңдар. Әншілерің жақсы екенін білемін. Домбыра тартып, күй шалатындарың болса, оларды да алға шығарыңдар. Айтпақшы, Софыжан, сенің өлең жазатын өнерің бар еді ғой. Филологияға ақындар түсуші еді ғой. Сен соларды тауып, тапсырма бер. Қыздарға жыр арнайтын болсын. Қызғалдаққа теңейсіңдер ме, қызыл арайға бөлейсіңдер ме, табасыңдар ғой аруларды қалай мақтауды, – деп сәл жымия қарап, әлденеге солықтай күрсінді. – Шай жағын... Тәкеңе, декан ағайға айтып өзім реттеймін. Құрғақ қасық ауыз жыртар... бикеш қонақтарға шай бермей қайтаруға болмайды.
Группама құлаққағыс етіп едім, жігіттер жағы дуылдап құптап, өзімнен де бетер құлшыныс танытқаны ғой. Әнді де айтып, жырды да төгетін болып, қамшы салдырмастан алдыма түсті де кетті.
Сағынтай мен Шахминам арқылы құрбыларына шақыруымызды жеткізгенде, олардың да қуана-қуана келіскенін созып жатпай-ақ қояйын.
Біреулеріміз әнімізді баптап, базбіреулеріміз терең тебіреністен туындаған жырларымызды жаттап он шақты күндей дайындық өткіздік. Желтоқсаннның алғашқы жартысында жиырма бес қыздың біреуі сырқаттанып келе алмай, жиырма төрт бәйшешек гүлдей ырғалған арулар қауымын дастарқанымызды жайып, гүл шоқтарын көлденең ұстап, бұрын-соңды тағып көрмеген галстуктермен қылғына буынып қарсы алдық қой.
Қайран да жайраң жастықтың жасыл жайлауы сол күні біздің аппақ аудиториямызға көшіп келіп еді-ау. Жадыраған жаздың лебін шалқытқан қарақат көздер мен алгүл жүздердің қып-қызыл еріндерінде тұтанған күміс күлкілер жігерленген жігіттердің іңкәр сезімін аялап, алақайлап әуелетіп кетіп, тыстағы аязды желтоқсанның суық демінің быт-шытын шығарып тастағандай болып еді-ау.
Ғарифолла мен Амангелдінің қосыла өрлеген дуэті бұрынғы «Бипылдан» бүгінгі жанарынан от шашып, ып-ыстық демдерімен жалын атқылаған қасымыздағы Бипылдардың әсемдігін, асқақтығын, әдемілігін ерекшелеп жеткізіп, құдай-ау, мынандай тамаша кештің қайталанбас ғажайыптығын айрықша аспандатып әспеттегенін ауызбен айтып жеткізе алармын ба.
Құйын боп үйірілетін вальспен таныстар да, би атаулының аулынан алыстар да сол күні бас шайқап тартыншақтамағанын айтпай-ақ қояйын. Бет шарпыған алау жүзінің ыстық демімен құшағыңа құшағы табысқан аяштың аяғын бір басып, бір тасып жүргеніңді құдайдың құлағына жеткізердей дүрсілдеген жүрегіңнің кеудеңді тесіп жіберердей аласұруынан өтер сәт болмас-ау.
Бір кез болашақ ақындардың өлең, жырларын оқуға да кезек жеткен еді. Бірінен соң бірі шұбырта жөнелген жігіттердің ауыздық тістей жұлқына айтыс-тартыс әлемінде шаң бұрқыратқан керемет әсерлі жолдары ойымда қалмағаны «қап, әттеген-ай!» дегізіп, бармақ тістетіп отыр міне. Тек қана Маралбайдың жігіттерді таныстырған өлеңінің бір шумағы ғана есімде қалыпты.
Есімбек есі қалмай есіріп жүр,
Барқытбай мықтымын деп төс ұрып жүр.
Өмірзақ мен арыстан боламын деп,
Үрпитіп желке шашын өсіріп жүр.
Осы өлеңшіл жігіттердің соңын ала, осынау кештің әсерлі өтуіне бар ықылас-пейілімді салып жүрген қалпымнан сәл ауытқып, шаршаңқыраған халде орындыққа отыра кеткем-ді. Сезімтал ғой қыз шіркіндер. Айнала қоршап алып, қол шапалақтап алғыс-ризашылықтарын білдіріп еді.
Сағынтай ма, Мәрия ма, қайыссы айтқанын білмеймін.
Әй, Асқар, (ол кезде мені көпшілік солай атайтын) енді сені тыңдайық. Бізге, әлде біреумізге арнаған жүректалды жырың бар шығар! – демесі бар ма.
Үнсіз орнымнан тұрып, қалтама қол салып, бір парақ қағазды шығардым. Сонан соң қоршаған қыздардың арасынан қызара бөртіп әлде ұяла, әлде марқая қараған Шахминама жалт ете жанар қыдыртып, қағаздағы өлең жолдарына назар аудармай, жастық көңілдің ала-бұртқан сырын ақтара жөнелдім.
Алыстан тартып қабағың,
Жақыннан шарпып шырайың,
Ұмыт боп бүгін барады
Кешегі алшақ жыл, айың.
Алып бір кетсе ырқына
Махаббат дейтін Құдайым!
Сезер ем сезім нәзігін,
Ішімнің қуып кірнесін.
Сыбырлап сонда нәзік үн
Махаббат күйін тербесін.
Ақтарып салдым мен бүгін
Айтпаған сырды онбесім.
Өзіңе бүгін ашылдым,
Жігіт пен қыздар алдында.
Күміс күлкіңдей шашылдым,
Мұңымды жырға малдым да.
Тек саған самғап ұмтылып,
Өртеніп өтер жан мұнда.
Қыздар да, жігіттер де бір сәт маған қадала қарап үнсіз қалды да, кенет пыр етіп ұшқан топ құстың қанат қағысындай қол шапалақтауын құйып кеп, төгіп кеп жібергені... Солардың арасынан өзіме әрі жасқана, әрі настана қарап тұрып қалған Шәкем-Шахминамнан басқаға назарымды бұрмай, кірпігіне кірпігім байланып қалған еді. Бір аттап барып екі қолынан шап беріп ұстай алдым.
Ал Шәкем көзін көзіме нық қадап, біртүрлі қызулана жарқыраған жанарымен жалбарына жалаңаштанған жан дүниемді жай отындай түйреп бара жатты. Алақанымен алақанымды сипалай беріп, қысып-қысып қалды да, тез босата салып, теріс айналып кетті. Бетін басып, екі иығы селкілдеп өксіп жібергенін содан бері өткен алпыс үш жылда бір ұмытқан емеспін.
Достарыңызбен бөлісу: |