1836 жылғы ақпанда көтерілісшілер Жәңгір ханға қарсы ашық- таншық шабуылға шықты. Мұның басты себебі Исатай Тайманұлының Хан ордасына қыр көрсетуі болды.Ол ханның шақыруына барудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның үстіне, өзіне қарасты ауылдарды қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен жасағын топтастырды.
1836 жылғы көктемде көтерілісшілер қосынына Қарауылқожа Бабажанұлы бастаған қарулы хан жасағы жақын келді.Оған қарсы Исатай Тайманұлы жақсы қаруланған 200 жігітті өзі бастап шықты. Ол қолына ту ұстап шығып еді.Қарсыласын жекпе-жек шайқасқа шақырды.Бірақ Қарауылқожа Бабажанұлы да, оның төңірегіндегілер де жекпе-жек шайқастан бас тартты, батырдың ұсынысын қабыл алмады.Хан жасағы үлкен шайқасқа шығуға бата алмай шегініп кетті.Көтерілісшілер өздерінің қосынына қайтып оралды. Исатай Таймановтың көтерілістің басшысы ретіндегі атағы бүкіл Кіші жүзге мәлім болды.
Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілер Исатайға жала жабуға көшті.Бір барымта кезінде сойылға жығылып қаза тапқан бір жылқышы қарттың өліміне Исатайдың және оның адамдарының қатысы бар дегенді дәлелдеуге тырысты.Исатай Тайманұлы бұл жаланы Жәңгір ханның келісімімен Қарауылқожаның ұйымдастырғанын жақсы түсінді.Қарауылқожаның үстінен Жәңгір ханға шағым түсіру ұйғарылды.
1836 және 1837 жылдары шағым мен петиция беру арқылы Исатай Тайманұлы Жәңгір хан және оның төңірегіндегі жандайшаптарды қалың көпшіліктін көз алдында әшкерелемек болды.Шағым-петиция жолдау жаппай наразылық шеруіне ұласты. Мұндай алғашқы шеруге 1836 жылы өте көп адам қатысты, Жәңгір хан халықтың қаһарынан шошып кетті.Исатай батыр халық қалың жиналған Толыбай шатқалында өз өтінішін табыс етті.Жәңгір хан оның айтқан талаптарын түгел тындап шығып, қордаланып қалған проблемаларды 12 күннің ішінде шешуге уәде берді.Бірақ ол уәдесінде тұрмады.Сөйтіп Жәңгір хан халық алдындағы беделінен айырыла бастады.
1836 жылдың күзінде Исатай Тайманұлы әр түрлі рулардың ауылдарын аралап жүріп,Жайық қазақ әскерлерінің иемденіп отырған жерлерін өз беттерінше тартып алуға шақырды.Көтеріліс көсемінің халық арасындағы беделі мен абыройы күн санап арта берді.Көтерілісшілер хан жасағына есеңгірете тойтарыс берді.Ханның төңіресіндегі жандайшаптардың бірі би Б. Құдайбергенұлы серкеш руының қазақтарына шабуыл жасады.Серкештер көтерілісшілердің жағында еді. Исатай серкештерге шабуыл жасағандарды жазалау үшін құрамында 270 сарбазы бар қарулы жасақты жұмсады.Олар әлгі бидің ауылын шауып, толық күйзелтіп кетті.