Тілдік орта лингвоэкологиялық зерттеудің түпқазығы болып саналатын қоғам мүшелерінің тілдік санасының қалыптасуына ықпал ететін, тілдік жүйенің жай-күйі мен сол тілді қолданудың қоғамдық-тілдік тәжірибесі, тілдің қоғамдағы болмысына, оның дамуы мен қызмет етуіне әсер ететін экономикалық, идеологиялық, мәдени, әлеуметтік-психологиялық, этнопсихологиялық факторлардың жиынтығы.
Тіл – адамның тіршілік ортасы, белгілі бір қоғамдастықтың, ұлттық ұжымның рухани тіршілік ортасы. Адамдардың да рухани дамуы ана тілі деп аталатын тілдік ортаның сау-саламаттылығына тікелей тәуелді. Тілдің толып жатқан мәселесін экологиялық тұрғыдан қарастырудың мәні айрықша. Тілді тұтынушының, яғни тілдік тұлғаның, тілдік субъектінің ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімін, тілдің өткендегісі, бүгінгісі, болашағына деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеуде де лингвоэкологияның міндетіне жатады.
Қазақ тілі – қазақ халқының мәдени жадын, тарихи жадын жинақтаушы, сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, оларды қайта жаңғыртушы, ұрпақ пен ұрпақтың рухани дүниесін сабақтастырушы ретінде қазақтілділердің экологиялық рухани ортасы.
Сөз мәдениетінің экологиялық аспектісінде адамгершілік, ізгілік элементтері қоса жүреді. Тілдік қарым-қатынас, коммуникацияда тілдесушілердің адамгершілік сезімі тапталмауға, қоғамдық, моральдық-этикалық принциптер бұзылмауға тиіс. Лингвоэкология тілдің дамуының объективті бет-бейнесін көрсете білуге тиіс. Оған төніп отырған қауіп жөнінде қоғамға дабыл қағып, әдеби тілдің тағдырына адамдар, қоғам тіршілік етіп отырған тілдік орта қамқорлыққа алынып, қорғалуға тиіс. Лингвоэкологияның міндеті мен қарастыратын мәселелерінің құрамына қоршаған тілдік ортаны әртүрлі ластанудан сақтау, тазалау, сондай-ақ лингвистикалық нигилизммен күрес те енеді.
Гуманитарлық білімді бағаламау, қоғамның әсіресе, прагматикашыл көңіл-күйдегі жіктерімен, технократтардың гуманитарлық білімді жоққа шығарушылық көзқарастырымен де күресу, қазіргі қоғамның барша салаларын гуманизациялауға негіз болатын, ағарту істеріне ұйытқы болатын филологиялық білім беру аса қажет.
Лингвоэкологияда қарастырылатын мәселелердің бірі – тілдік ортаның сөз тазалығы. Дөрекі, былапыт, боқтық сөздер – қоғамның, жеке адамның рухани саламаттылығына зиянын тигізетін дерттің бірі. Қазіргі қоғамда бұлардың жарыққа шығып, ашық түрде айтылу (легизациялану) қаупі жоқ емес. Телеэкранда көрсетілетін шетелдік мазмұны төмен фильмдер, видеофильмдердің әсерінен жастар арасында дөрекі, былапыт сөздер етек ала бастады.
Қоршаған тілдік ортаның сөз тазалығына нұқсан келтіретін сөздің тағы бір түрі – жаргон сөздерге орынсыз әуестенушілік. Әсіресе өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарынан бастап қазақ жастарының тілі жаргон сөздерге үйірсектене бастады.
Сөйтіп, сөз экологиясы тілдік ортаны бейпіл сөздерден, шеттілдік сөздерді уәжсіз қолданудан, жаргон сөздерден, құнтсыздықтан кететін қателерден таза ұстау үшін күреседі.
Лингвоэкологияда тіл басқыншылығы деген ұғым бар. Бөгде тіл басқындылығы ана тіліміздің тілдік ортасын тарылта бастайды. Тіл өз “үйінде”, өз “мекенінде” зардап шегеді. Бөгде тіл алдымен басқару, ақпарат, ғылым-білім саласында үстемдік етіп салтанат құрады. Мұның өзі ұлттық тілідің интеллектуалдық, танымдық, ақпараттық әлеуетін әлсірете бастайды. Ондай тілдің әлемдік қоғамдастықтыбылай қойғанда, өз ортасында, өз “үйінде” (“эко”-сында) абыройы да, беделі де төмен болады да өзге емес, өз ұлы ана тілін аяқ асты етеді. Сөйтіп, бөгде тіл басқыншылығы тілдік ортаны бұзып ірітіп-шіріте бастайды. Сондықтан тілдік ортаға зардабын тигізетін тіл басқыншылығына қарсы күрес негіздерін айқандау шараларын белгілеу лингвоэкологияның аса маңызды мәселелеріне жатады.
Ана тілдің өмір сүру ортасы, сол ортада оны қызмет етуіне бөгет болатын нигилистік көзқараспен күресу тіл экологиясының негізгі міндеттерінің бір болмақ.