Іскерлік ойынды ұйымдастыру және өткізу. Іскерлік ойынды құрастырудың алдында ұйымдастырушы құрылымына сүйенеді. Іскерлік ойындардың өзі бірнеше топқа бөлінеді. Олар: иммитациялық, операциялық, рөлдерді орындау, іскерлік театр, психо және социодрамалар. Іскерлік ойынның құрастыруында иммитация және ролдік ойын негізгі элементтері болып табылады.
Іскерлік ойындарды дайындаудың жалпы әдістемесі төмендегідей:
➢ Ойынның сценарийін дайындау кезінде топтың барлық ұжымның қатысуын қадағалау;
➢ Ойынның динамикалық сипаты. Педагогтардың, тәрбиешілердің теориялық білімді игерудегі қызығушылығын арттыру.
Іскерлік ойындарды жүргізу барысында тәрбиешілер активтік және пассивтік рөлдерді ойнай алады. Соңғы жағдайда кейбір тәрбиешілер бақылау-есептік функцияларын орындап, ойынның нәтижесін шығару үшін ақпараттық база құрастыра отырып, байқаушы рөлін ойнайды.
Ұйымдастырушының рөлі іскерлік ойындарды жүргізу барысында келесідей:
➢ Тақырып таңдау және ойынның мақсатын анықтау;
➢ Іскерлік ойынның сценарийін және «әрекеттегі» тұлғалар тізімін әзірлеу;
➢ Әр қатысушының «рөлін» сипаттау;
➢ Қажетті реквезиттерді дайындау: мысалы, секундомер немесе құмсағат, зерттеу картасы, фирма, өндіріс, серіктес туралы мәлімет беру т.б;
➢ Ойынның сценарийімен таныстыру және топ арасында рөлдерді үлестіру;
➢ Іскерлік ойынды жүргізу барысында оның жүргізілу тәртібін қадағалау (темпін ұлғайту немесе баяулату, байқаушының қызметін байқау т.б);
➢ Ойынның соңында қорытынды жасау, барлық оң және теріс сәттерін анықтау, әр қатысушының немесе бөлінген топ бойынша рейтингін айқындау.
Айта кететін жай, рөлдерді үлестіру барысында ұйымдастырушы әр қатысушының жеке ерекшелігін ескеруі кажет, бірақ тәжірибеде көрсеткендей, ойынға қатысушылар әр кезеңде рөлдерін алмастырып отырса, ойын тиімді және қызықты өтеді. Іскерлік ойындарда рөлдерді жеребе тарту арқылы да үлестіруге болады. Бұл жағдайда ұйымдастырушының мақсаты, ойынға қатысушының бір рөлді бірнеше рет ойнамауын қадағалау.
Ойын үрдісінде нақты ситуацияларда жеткіліксіз болатын уақыт пен ауқымды кеңістікті еркін ұстануға болады.
Қорытындылай келе, іскерлік ойын, бір-бірінен ажырамас 7 элементтен тұрады:
1. Оқу немесе оқыту
2. Өндірістік
3. Ғылыми-зерттеулік
4. Логикалық
5. Психологиялық
6. Әлеуметтік
7. Интегралдық
Іскерлік ойын арқылы көптеген салаларда келесі мәселелерді шешуге мүмкіндік болады:
➢ Білім, мәдениет тағы да басқа салаларда мәліметтерді дайындау, сынау және ең тиімді басқару жүйесін таңдау;
➢ Басқарушы, басқа мамандарды аттестациялау және таңдау;
➢ Жақсы қарым-қатынас, тез тіл табысу, ынтымақтастыққа келу, қызметтес болу;
➢ Жаңаша ойлауға бет бұру;
➢ Әр түрлі экономикалық мәселелерді шешу.
Іскерлік ойын арқылы алған білімді нығайту мен оларды тәжірибеде пайдалануымен қатар, педагог мамандардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыруға мүмкіншілік береді.