Тұрмыс-салт жырларының келесі түрі – үйлену салтына байланысты туған өлең-жырларға жар-жар, тойбастар, беташар, сыңсу, т.б. жатады.
Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің бірі – тойбастар. Тойбастар өлеңінде:
Құнан қойын шайлатып сойдырған үй, Табақ-табақ ет тартып, тойдырған үй, Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз, Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй! – деп той бастаушы той иесіне игі тілек білдіре өлеңмен той бастайды. Тойбастар өлеңінде той иесіне жақсы тілек, ұзатылған қызының тойына «құтты болсын» айтылады.
Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің тағы бір түрі – жар-жар. Жар-жарды қыздар жағы, жігіттер жағы немесе қыз алушы мен қыз ұзатушы құдалар жағы болып екіге бөлініп айтысады.
Жігіттер немесе қыз алушы жақ:
Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау, Қара мақпал сәукеле бетің басар, жар-жар-ау, Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар-ау, Жақсы болса, қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау,– десе, қыздар немесе қыз ұзатушы жақ:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау, Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар-ау. Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау, Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау, – деп жауап береді.
Жар-жар осылайша екі жақтың ата-ана, аға-жеңге, апа-қарындас, аға-іні, т.б. туыстарын салыстыру арқылы бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірімділікті сипаттау үлгісімен жалғаса береді.
Жаңа түскен келінді жаңа жұртымен таныстыру мақсатында айтылатын тұрмыс-салт жырының бір түрі – беташар. Келін, келін келіп тұр, Иіліп сәлем беріп тұр, – деп, жаңа түскен келінге ауылдың үлкендерін таныстырады.
Беташардың екінші бөлімі «Айт келін» деп басталып, жаңа түскен келінге тәрбие беру мақсаты көзделеді. Онда отбасы мүшелерін сыйлау, құрметтеу, еңбекке бейімділік, үй шаруасына икемділік, т.б. тәлім-тәрбие, өнеге айтылады.