2.1 Қазақ жерінде өмір сүрген тайпалар Біздің заманымызға дейінгі бір мыңыншы жылдары бүкіл Евразия даласында скиф-сақ тайпалар одағы өмір сүрді. Ұшы-қиыры жоқ кең даланы игеріп, әртүрлі патшалықтар бірлестіктерін құрып, күшті жауынгер елге айналды. Оларды батыстағылар (гректер) скифтер десе, парсылықтар (Иран, парсы патшалықтары) сақтар деп атады. Бірақ та осы екі атау да Евразия даласын жайлаған халықтардың ортақ аты еді. Скиф, сақ тарихын тілге тиек етіп, тереңірек үңілетін болсақ, оларды құрайтын бірнеше тайпалар көне жазба шежірелерде жиі кездесетінін көреміз, сарматтар, дайлар, аландар, массагеттер, үйсіндер. Кезінде осы тайпалар бірлестіктері қазақстан территориясын жайлаған, қазақ халқының арғы ата-бабалары болып табылады. Бұлардың ішінде, әсіресе, массагеттер, аландар, үйсіндер туралы тарихи деректер көбінесе Иран, парсы, грек жазбаларында біршама кездеседі. Ал аландар туралы көне қытай жылнамаларында дәйекті де айшықты жазылған. Ең бір көне деректер ежелгі парсылардың діни кітабы –Авестада көрініс береді.
Сонымен бірге дайлармен бірге Иранның шығысында орын тепкен көшпелі тайпа “тұрларды” да атап өтеді. Ал осы “турларды” ежелгі гректер массагеттер деп атағанын айтсақ, кітаптан түрік тектес халықтардың, дәлірек негіздесек қазақ халқының арғы ата-бабаларының географиялық жайлап жатқан аймағын танып білеміз. Массагеттер мен турлардың (түріктердің) туысқан бір тайпа бірлестіктерінен тұратынын тарихтың атасы атанған Геродот та жазып кеткен.
Ежелгі дәуірде Орта Азия мен Қазақстан жерінде тайпа бірлестіктерінің ең күштісі массагеттер, аландар болды. Олар әрдайым көрші патшалықтармен қарым-қатынаста болып, жауласқанмен жағаласып, тойласқанымен табысып отырды. Көшпенді де еркін, ержүрек халықты табанына таптау үшін талай рет парсы, грек, қытай патшалары жорық жасаған. Жаулардың ешқайсысына да берілмей қайта өздеріне айықпас соққы беріп отырған. Скифтердің әйелдері де батыр, қайсарлықтарымен тарихта өз аттарын қалдырып отырды.
Соның бірі, әйгілі әйел патша –Томирис. Массагеттер патшасы Томирис өз кезегінде ешкім тоқтата алмаған парсы патшасы Кирге қатты соққы беріп, әскерін талқандап, өзін қолға түсіріп басын алады. Уақиға туралы Геродот өзінің әйгілі “Тарих” шығармасында (б.э.д. 440-430ж.ж.) мынандай дәйекті келтіреді: “Парсыларды женгеннен кейін массагеттер падишасы Томирис торсыққа толтырып қан құйғызып: “Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!”- деп, оған Кирдің басын салдырған.
Әлемнің жартысын жаулап алып, төрткүл дүниеге қаталдығымен, жойқын жаугершілігімен Мәшһүр болған Кир және одан кейінгі “жеңілмес” патшалар: Дари, Ескендір Зұлқайнар массагеттер даласына келгенде таулары шағылып, кері қайтып отырған. Қайсар-батырлықтың арқасында сақ-скиф, массагеттер кең байтақ Евразия даласын ешкімге бермей жайлап жатты. Көшпенділер мәдениеті мен өнері өзінің жаулары мен жақтастарын таңдандырып, құндылығымен жарты әлемге мәшһүр болды. Сақ-скифтер қолынан туындаған өнердің ықпалы ежелгі шығысқа да, батысқа да үлкен әсер етті. Әсіресе “аң бейнелі” әдіспен әсемделіп соғылған нәзік те нақышты дүниелері басқа елдердің құрметпен қарауына мойын ұсынылды. Ертедегі эллиндік және қытай шеберлері көшпенділер өнеріне тәнті болып, оны өз байларына сіңіруге тырысты.