2.2 Көшпенділер өнері
Көшпенділер өнерінде алтыннан түйін түю, қола құйма әдістері ең жоғарғы жетістікке жетті. Оған археологиялық қазбалардан табылған асыл заттар куә. Соның бірі –Украин археологтары талқан скиф қорғанының әр түрлі алтын әшекей заттары. Заттар “толстая магила” қорғанынан шыққан, ішіндегі ең бір құндысы –“пектораль”- алқа. Пектораль өте нақышты, нәзік соғылған әшекей бейнелер скифтердің ғарыштық ой жүйесінің тақырыбына құрылған. Алтын әшекейдің төменгі бөлігінде о дүниені, өлім табиғатын, оның қасіретін бедерленген, ал жоғарғы жағында адамдар өмірінен сыр шерткен. Екінші бір айта кетерлік дүние – Қырымдағы Күл-Оба қорғанынан табылған алтын құмыра. Тек саф алтыннан, күмістен құтылар, онша таралмаған. Құмырада скиф жауынгер батырларының бейнесі аса бір ынталықпен бедерленіп, өрнектелген.
Бүкіл Евразияның байтақ даласын күн шуақты – алтынды “аң тәсілді” өнерімен көмкерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағы мақтанарлықтай өлмес мұралар қалдырды. Соның бірі әлемдегі өнер сүйер қауымды елең еткізген, біртума ескерткіш Есік қорғанынан табылған “Алтын адам” кейіпі жерленген мәйіттің басынан аяғына дейін алтынмен апталған киім киісіне қарағанда, оның анау-мынау адам емес, патша сарайы қызметшісі немесе бір тайпа елдің көсемі екеніне шүбә келтірмейсіз. Алтын адам киімі – сирек кездесетін ғажайып өнер туындысы. Бұл тек құнды археологиялық олжа ғана емес, ата-бабамыздың жоғары мәдениеті, тарихы, біздің тарихымыз, мәдениетіміздің алтын тұғыры. Төрт мыңнан астам алтын пластинкалардан құрылған қапсағай сауыт, қанатты тұлпар (пырақ) мен архар бейнесі қондырылып, алтын жебелермен көмкерілген шошақ бөрік және басқа да әшекейлер – озық ойлы, талантты шебердің қолынан шыққан құдіретті туынды емес пе?
Әлем мәдениетіне қайталанбас, эстетикалық талғамы зор өнер стилін әкелген сақ-скиф тайпа бірлестіктері басқа елдердің өнерінің дамуына игі ықпалын тигізді.
Көшпенділер өнерінің шуағы бір шеті Қытайға, екінші шеті ертедегі Иберияға (Испания) дейін жетті. Сол дәуірде скиф-сақ тайпалар бірлестіктерінің ішіндегі аландар, совраматтар, сарматтар ежелгі грек, Римге дейінгі жерді жайлап, тіпті кейде сол өңірге өз үстемдіктерін жүргізіп те отырған.
Кейіннен сақтарды безендіру ағымының ықпалынан полихромдық өнер ағымы пайда болды. Полихромдық ағымда негізінен екі бағыт қатты дамыды; оның біріншісі – дәнекерлеп жасаған ұяларға түрлі–түсті тастар орнатылады, сонымен бірге әсем түйіршіктер мен жылтырлаған сымнан өрнектер жасалды, екініш бағыттағыларда фон (түс-қабыршық) болмайды дәнекерленіп жасалған қоршауларға асыл тастар орнатылады. Осы екі бағытта жасалған әшекей заттар Қазақстанның кең байтақ даласында көптеп табылуда. Көбінесе, солардың ішінде; сәукеле, шекелік, жүзік, сырға белдік, қын, қылыштың сабы т.б. заттар кездеседі.
3.Қорытынды
Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтап қалыптастырған мәдениеті мен өнері сол елдің өзіндік паспорты (құжаты) сияқты. Соған қарап-ақ ол халықтың қаншалықты дамыған өркениетті ел екенін, тарихын топшылап, көңіл сарайында таразылап білуге болады.
Жалпы адамзат тарихына көз жіберсек, “көшпенділер” деген атпен әйгіленген сақ-скиф тайпа бірлестіктеріне кіретін халықтар өмірі мен мәдениеті еске түседі. Тақырыбымыздың басында атап өткеніміздей, міне осы көшпенді бабаларымыз кезінде бір шеті Қытай, екінші шеті Солтүстік мұзды мұхит бір жағы батыс Европаны басып өтіп, Мысырға дейін көшіп-қонып, әр дәуірде билік құрып, үстемдік еткен. Олардың сол кезеңдерде түрлі елдің мәдениетіне , өнеріне тигізген әсері ұшан-теңіз. Бүкіл әлем халықтарының өнерінде, әсіресе сәулет саласында тайға таңба басқандай көшпенділер ықпалының табы, стилі сезіледі. Көшпенділердің сол мәдени ықпалын қаншама жылдар бойы ұлы державалық саясат жасырып-жауып айтпай келді, тек соңғы кездерде ғана сең сөгілгендей болды. Тарихи шындықты қалай да бұрмалап, бүркемеленгенмен, бәрібір түнекті жарып шығып, өз орнын табады, солай болды да.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006.
2.Мәдениеттану негіздері: Оқулық. – Алматы: Дәнекер, 2000
3.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір» 1994.
Достарыңызбен бөлісу: |