Тобыл-Обағанның жазық даласы[өңдеу]
Тобыл-Обағанның жазық даласы батысында Орал Сырты үстіртімен, оңтүстігінде Торғай қыратымен, шығысында Есілдің сол жақ жағалауымен, солтүстігінде орманды даламен шектеседі. Бұл да көлді жазық. Жер бетінің биіктігі оңтүстігінде 250 м. Солтүстікке карай аласарады. Жазық саздардан түзілген. Оның бетін (неогеннің және плиоцен) жыныстары жапқан. Оның аумағында Үй, Есіл, Тоғызақ, Әйет, Тобыл, Обаған өзендері ағып өтеді. Тұщы көлдер аз. Оның ең үлкені – Құсмұрын көлі. Ал тұзды көлдер көп. Жері қара топырақты, шалғынды.
Есіл-Ертіс даласы[өңдеу]
Есіл-Ертіс даласы Есіл - қамысты орманды даласы мен Сарыарқаның, Павлодар облысының көлді жазығының ортасында жатыр. 100-120 м биіктегі беткейлер неоген саз балшықтарынан түзіліп, оның бетін палеоген дәуірінің құмдары мен балшықтары басқан. Батыс бөлігінде көл көп. Олардың көбі тұщы. Ең үлкені – Шағалалытеңіз көлі. Оған Шағалалы өзені құяды. Тұзды көлдері де бар. Көкшетаудың солтүстік жағында жазық даланың бетінде ұзындығы 24 км, ені 0,5-1 км-ге, биіктігі 15 м-ге жететін үлкен жалды-қырқа жатыр.
Ертіс - Құлынды жазығы[өңдеу]
Ертіс - Құлынды жазығы Павлодар облысының күңгірт қара коңыр топырақты ауданын қамтиды. Ертіс өзенінің жағалауы бірнеше террасадан тұрады. Бірінші (сортаң топырақты) және екінші террас өзен деңгейінен 4 -б-дан 15-18 м-ге дейін биік келеді, жайылмасы өзеннің екі жақ бетінде 20-25 км-ге дейін созылады. Үшінші террасаның биіктігі 28-32 м, негізінен сол жақ жағалауға орналасқан. Ол қатпарлы, ұсақ шоқылы өлкемен жалғасады. Бұл беткей ұсак қиыршық, құмтасты болып келеді. Ал Ертістің оң жақ беткейі төртінші террасаны (биіктігі 40-45 м) құрайды. Ол құмайт топырақты аллювийлік жазық, желдің әрекетімен қалыптасқан. Онда қалың қарағай өседі. Ертістің сол жағасы мен аймақтың солтүстік-батыс бөлігінде көлдер мен көлтабандар бар. Олардың ең үлкені - Жалаулы, Шүрексор көлдері. Жағаның екінші, үшінші террасаларының қалыптасуы кезінде Ертіс осы көлге күйып, шығысқа қарай қайта ағып шыққан. Қазір бұл көлге Шідерті мен Өлеңті өзендері, Сілетітеңіз көліне Сілеті өзені құяды.
Пайдалы қазбалары[өңдеу]
Солтүстік Қазақ жазығында пайдалы қазба байлықтары аз емес. Соколов-Сарыбай, Қашар кен орындарында темір рудасы өндіріледі. Рудный қаласында байыту комбинаты жұмыс істейді. Әйет, Лисаков кен орындарында никель мен көмірдің мол қоры табылған. Хромит, боксит, кобальт кендері барланған. Құрылыс материалдарының да қоры мол.
Климаты[өңдеу]
Бұл өлкенің климаты континенттігімен көзге түседі. Орта Азияның ыстық ауасы еркін енеді. Жауын-шашынның 60%-ына жуығы (350 мм) жаз айларында жауады. Шілденің орташа температурасы 18-20°С, қаңтарда -17-19°С. Арасында -30-35°С-тық аязды күндер жиі болып тұрады. Қар қалың түседі, орташа қалыңдығы 30-50 см-ге жетеді.
Өзендері мен көлдері[өңдеу]
Солтүстік Қазақ жазығының негізгі өзені - Ертіс, Обьтың сол саласы қытайдағы моңғол Алтайының оңтүстік-батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады. Ертіс өзенінің Солтүстік Қазақ жазығында ағысы баяу. Омбы қаласына дейінгі 1000 км-ден астам бөлігінде Ертіске бірде-бір сала құймайды. Тобыл өзені құятын тұстан бастап Ертістің суы молайып, өзен арнасы бірнеше тармаққа бөлінеді. Омбы қаласы тұсында өзен аңғарының ені 6 - 8 км болса, Тобылдан сағасына дейін онан да кеңейіп, 20-35 км-ге жетеді. Ертістің төменгі ағысындағы басты салалары: сол жағынан - Тобыл, Есіл, Вагай, Қоңды, оң жағынан - Омь, Тарта, Демьянка келіп құяды.
Толық мақаласы: Ертіс Есіл (Қазақстан жеріндегі ұзындығы 1700 км-ден астам) - Сарыарқаның солтүстігіндегі Нияз тауынан басталып, Ертіске құяды. Суы шаруашылыққа пайдаланылады. Қыста қатады. Көктемде қатты тасиды. Арнасынан шығып, жағалауында кең жайылымдар жасайды. Жағасында бас қаламыз Астана орналасқан.