Совет–Хан Єаббасов



бет238/294
Дата08.10.2023
өлшемі3,2 Mb.
#113418
1   ...   234   235   236   237   238   239   240   241   ...   294
Байланысты:
treatise70934

ҰЖДАН


Тәрбиелі адамдардың бойларынан байқалатын: ұят пен ар, ізгілік пен мейірім, имандылық пен инабатты бір сөзбен айтқанда — ұждан деген ұғымға сыйдырамыз. Ал, адам табиғатындағы ұ ж д а н атты қасиеттің тербелетін бесігі, тек жүрек тәрбиесімен ғана үндесіп жататындығы белгілі. Оның да бірте-бірте бастау алып, қалыптасар мезгілі — адам тәрбиесінің ана құрсағындағы уақытымен дегдейлес келетіндігінде екенін ерекше ескеруіміз керек. Бұл заңдылықты бұдан былай ескермесек, дер кезінен кешігіп қағаберіс қалдырсақ, өмір бойы орны толмас өкінішке айналары анық. Адамдықтың осыншама ұланғайыр қасиеті, ана құрсағында жетілетін аз ғана мерзім ішінде, жаңа өсіп келе жатқан жан иесі — өзінің аса күрделі тән құрылыстарын ғана марқайтып қоймайды, сонымен қоса, жан-дүниесінің сергектігі мен сезімталдығын да түйсіктендіре, яғни, түйсіктік ақылдың сан-сала арнасын қалыптастырады екен. Жалпы осынау бір табиғат шебердің тылсым сырлы жұмбағын, тумысынан ақыл-парасатқа бай, мінез-құлықтары келіскен аналар ғана, телегей терең түйсіктері мен ішкі бес сезімдерінің құдіреті арқылы аңғара білген. Тіпті, олар тек аңғарып қана қоймай, «алпыс екі тамырларын иіте мейірленіп» — құрсағындағы жан иесінің—жарық дүниеге келгенше-ақ жүрек т ә р б и е с і н жан-жақты жетілдіруге тырысқан. Бұл сияқты тылсымның сырын, тек «мыңнан бір ана ғана» ішкі түйсіктерімен түсінген. Олар сондықтан да, «аяқтары ауыр» кездерінде сезімтал күйге ауысатын көңіл-күйлерінің өте нәзік, бай әсерлерін, үнемі өсіп келе жатқан жан иесінің түйсік сезімдерін жетілдіруге бағыттап отырады. Адамзат қауымына жаппай белгілі емес, осынау тылсымның сырын сезінген дана халқымыз: — «Алып анадан туады» деген де, ол табиғат та осындай бір құбылыстың бар екенін білген тәрізді. Мұны, орасан үлкен ақындық та ғұламалық түйсікпен Ұлы Абай да сезген. Осының айқын дәлеліндей, ақынның өз сөзіне жүгініп көрелік,
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үнінің тәтті оралған м ә н і оятар, —
дей келеді де,
Жүрек тербеп, оятар баста м и д ы, —
деп Абай данышпан таңғажайып уақытынан озған тұжырым жасайды. Егер осы ойды біз салыстырмалы түрде, жүкті әйелдің көңіліндегі сан алуан сезім күйлерін ә у е н г е теңесек, ол құрсақтағы жан иесінің ұйықтап жатқан жүрегін оятса, сонымен қабаттаса бірге жетілген ұждан ғана орнықты сипат алса керек. Осылайша негізін дер кезінде тереңнен алған жүрек тәрбиесі ғана, келешекте адам бойындағы ақыл-парасаттың сан-қилы сырларын ашып, оны кемелдікпен толысқан кемеңгерлікке дейін жетілдіреді. Осылайша, кезеңді сәттерінен кеш қалмаған адам тәрбиесінің қос қанаты болып саналатын — жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі — домбыраның қос ішегіндей үндесе бірін-бірі жетелей дамитын сипатқа ауысады. Абай айтатын «нұрлы ақылға» бай «толық адамның» тұлғасы осылайша қалыптасса керек. Жалпы өзінің педагогикалық, тәрбие жүйесінде, Абай жүрек қалыптастыратын, ұ ж д а н д ы қ сипаттарға ерекше мән берген. Ол адамның ғұмыр тіршілігінде ж ү р е к т і ң орнын ешнәрсемен салыстырмай жеке дара етіп алдыңғы қатарға қояды. Бұл арада да Абай Фарабидей ұстазының ақ-адал шәкірті ретінде танылып отыр. Тіпті, Абайдың айтуынша а қ ы л д ы ң тереңдігін күшейтетін де ж ү р е к деп біледі. Сондықтан да ол:
Ақылмен о й л а п білген сөз,
Бойыңа ж ұ қ п а с, сырғанар.
Ынталы ж ү р е к сезген сөз
Бар тамырды қуалар,—
деп, адам тәрбиесінің темірқазығын жүрекпен байланыстырып отыр. Абай қашан да өз ойларын өлеңмен жазса да немесе қарасөзбен өрнектесе де, телегей терең тұңғиықтың сырларын меңзеп қана, ыммен айтады. Біздердің осы күнге дейін, Абайды түсініп оқи алмай жүрміз деуіміздің бір себебі осында жатса керек. Осынау, бүгінгі ұрпағы біздердің қиналып жүрген жайымызды аша түскісі келгендей, данышпан Абай өзінің 14-ші сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Р а қ ы м д ы л ы қ, мейірбандық, уа, әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі.., асықтық та — жүрек ісі. Тіл жүректің. айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың — тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақ та — адам баласы ғой, көбі а қ ы л с ы з д ы ғ ы н а н азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық — жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан а з а д ы (сөздерді ерекшелеп арасын ашып жазушы — Совет‑Хан. Ғаббасов). Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын...», — деп аса терең де нақтылықпен тәрбие тетіктерінің сырын ашып отыр. Бұл тұжырымнан ана құрсағында ғана қалыптасатын — жүрек тәрбиесінің жүйесін — барлық тума қасиетімен түгел аңғаруға болады. Біздің ‑ Абайдың педагогикалық еңбектері ұрпақ тәрбиесінің — Темірқазығы деуіміз де осыдан. Оның өзіне тартпайтын да, өзінен таратпайтын да — тәрбие тәсілдері жоқ десек те болады. Кемеңгер Абай өзінің осы ойларын өлең сөзбен өрнектеп:
Жүрегі — айна, көңілі ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу
Ұқпасын ба сөзді тез?! —
деп ұ ғ ы н у мен ұ ғ у д ы ң да мәні, жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесінің үндестігінде екенін анық аңғартады. Абай өзінің келесі педагогикалық еңбегінде, яғни, 17-ші сөзінде: «...Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласа келіп, ғылымға жүгініпті», — деп бастайды да әрқайсысын даралай көрсете келіп, ақырында жүректі тағы да ерекшелеп шығады. Төрелігін айтып жөн сілтеген Ғылым да: «...Осы үшеуің басыңды қос бәрін жүрекке билет...»1 — деп кесім айтады. Бұл ұрпағына айтып отырған Абайдың — өз кесімі еді. Егер біз халықтық педагогикамызды ғылыми жүйемен қалыбына келтірсек, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық мектебіміздің құбыласына жетелер тәлімнің сыры да осы болмақ. Ата-бабамыздың тәрбиесіндегі бұл ү р д і с, сонау Тоныкөк пен Күлтегін жазбаларынан бастап, әл-Фараби мен Ғаббас Жауһаридің еңбектерінде философиялық мәнге ауысып, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде», — педагогикалық тереңдікті көрсетеді. Ал кешегі өткен Дауани мен Науаиды да жетілдіре түскен Абайдай ғұлама ойшыл өзі жазған еңбектерінде, иісі Т ү р к і жұртының халық педагогикасының өзегінен ауытқымай, оның өзіне ғана тән тылсым сырларын, барынша айқын етіп мәнін ашып беруге тырысқан. Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толып, оны әлем халқы бірігіп тойлағалы отырған сәтте, кемеңгердің ең аялы жан сыры болып табылатын — «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ұрпағына қалдырған өсиетін кеш болса да танып, адам тәрбиесінің кілтіндей ұстаздық еңбектерін түсіне бастағанымызға шүкіршілік етеміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   234   235   236   237   238   239   240   241   ...   294




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет