Ана сүті табиғи нәр. Ана сүті ең күшті де пәрменді нәр болып табылады. Балаға тамақ беру уақытын тәрбиеден тыс деп түсіну, көп жағдайларда үлкен қателіктерге ұрындырады. Қашан да табиғи құбылыстардың да табиғи заттардың да, тіршілікке тигізер пайдалы әсерлері мол болмақ. Сондықтан да, әзірше адам баласы табиғи заттардан артылып, ештеме де жасап ала алған жоқ. Сол сияқты, нәрестенің қорегі үшін де ана сүтінен артық, жасанды тағамдарды құнарлырақ деу қиын. Балаға омырау беру, екі жағына да пайдалы әсер беретін құбылыс?! Мәселен, нәрестесін емізу арқылы ана өзінің де денсаулығын түзеп алады. Тіпті, нәрестенің жігерлі емуінен созылып қалған құрсақтың тез ықшамдалып, бұрынғы қалпына жылдам келетіні белгілі. Ал, балаға ана сүтімен даритын қасиеттерді айтып жеткізудің өзі оңай шаруа емес. Тек анасының сүтімен ғана қоректенген нәрестенің – асқазан-ішек жолдары да оның бауыры мен бүйректерінің қызметі де, бірқалыпты жақсы жұмыс істейтіні белгілі. Өйткені, омыраудың сүті кез келген жасанды қоректерден әлдеқайда таза және құнарлылығы жағынан да салыстыруға келмейді. Оның үстіне ананың мазасызданбауы мен уақытының үнемделуін ескерсек, ал сапар шеккендегі ыңғайлылықтың өзі неге тұрады десеңізші?! Тіпті, семья үшін қаншама қаржының үнемделуі де аз жетістік болмаса керек. Бұл айтылғандарға қоса, нәрестенің өзінің қанағаттануымен бірге, тек ему құмарлығын қандыратын сипаты да, физиологиялық аса үлкен қажеттілік болып табылады. Жалпы нәрестесін, тек омырауларымен ғана қоректендіретін аналардың айтуларына қарағанда да, “бала емізуден алатын жан рахатына” ештемені теңдестіру мүмкін емес көрінеді. Басқаны қойғанда, денесіне тиген сәбиінің ыстық демі жұп-жұмсақ саусақтарының табына дейін, теңдессіз терең ләззат береді екен. Осы айтылғандардың бәрі де, қазір әншейін арманға толы елеске айналып отырғанын айтпауға болмас. Себебі, бұл заманда нәрестесін сүтке жарытпайтын аналардың саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Қазіргі кезде – жасанды сүтсіз - өсетін нәрестені табудың өзі қиын. Мұның ұрпақ тәрбиесіне де аса ауыр ықпалы барын ескерсек, ойланатын жайлар да көбейе түспек. Сондықтан да, бұл мәселе қоғамның да, ғылымның да алдында, аса үлкен талаптар қоюда.